Экономика • 01 Наурыз, 2022

Рубльдің «салқыны» теңгеге тимейді

1042 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ресейдегі қаржы ахуалдың нашар боларын жексенбінің кешінде, әлемнің көптеген мемлекеті оларды оқшаулай бастағаннан-ақ (Орталық банк активтерінің бұғатталуы, Еуроодақ санкция­лары) байқаған едік. Айтқандай, жаңа апта рубль үшін аса ауыр соққы болды. Ресей валютасы тарихында болмаған құлдырауға ұшырап, 1 доллар 100 рубльден асып кетті.

Рубльдің «салқыны» теңгеге тимейді

 

Іле Ресей Орталық банкі базалық ставканы 9,5-тен 20 пайызға бір-ақ көтерді. Омақаса құлаған орыс ақшасымен қазақ теңгесі де қайраңға батар ма екен деген күмән туғаны рас. Бірақ теңгенің күйі жел қуған қаңбақтай бола қойған жоқ. Әзірге 1 долларыңыз 485-500 теңге аралығында құбылып тұр.

Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған геосаяси қы­сымның валюта нарығына ауыртпалығы түспес үшін дүй­сенбіде KASE (Қазақстан қор бир­жасы) валюталық сауданы франк­фурт аукционы негізінде жүр­гізді. Оның қорытындысы бойынша доллар-теңге жұбының курсы 495 деңгейінде тұрақ-
тады.

Кейін Ұлттық банк Ресейге салынған санкциялардың жағым­сыз әсері теңгеге тимес үшін ва­лю­та­лық интервенция жүргізуді жөн деп шешті, нәтижесінде 98,1 млн доллар сатылымға шыға­рыл­ды.

Рубль әлсіресе, теңгенің де еңсесі түсері белгілі. Оған себеп мол. Ресей – біздің негізгі сауда серіктесіміз, ел импортының 42 пайызы осы елдің еншісінде. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов рубльдің айтарлықтай құнсыздануы Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысымды өсіре түсерін жасырмайды.

Оның айтуынша, ҰБ-ның шұғыл түрде ба­залық мөл­шер­ле­ме­ні 13,5 па­йыз­ға көтеруі – ұлттық ва­люта мен инфляция деңгейіне жа­салатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақ­талуына бағытталған.

– Үкіметпен бірге бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру тез арада басталып кетті. Бюд­жет қаражаты есебінен жеке тұлға­лар­дың теңгедегі депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) есептеуді көздейтін теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы жариялан­ды. Базалық ставка өскеннен ке­йін халықтың теңгедегі салымда­ры бойынша Қазақстанның де­по­зиттерге кепілдік беру қоры ұсы­­ныс жасаған шекті ставкалар да өсті. Қаржылық тұрақтылық тәуе­келдерін ескере отырып, Ұлт­тық банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізді, – дейді Ғ.Пірматов.

Өткен сенбіде G7 басшы­ла­ры­ның ре­сейлік банктерді SWIFT халық­аралық­ төлем жүйе­сі­нен­ ажырату туралы шешім қа­был­­­дағаны белгілі. «Бұл шара банк­терді халықаралық төлем жүйе­сінен ажыратып, олардың ха­лық­ара­­лық операцияларды жүр­гізу қа­білетіне зиян келтіреді» деп еді бір­лескен хабарламада. ҰБ тө­ра­ға­сы бұл шараның да біздің банк секторына әсері туралы пікір біл­дір­ді.

– Ресейдің жекелеген банк­те­рінің SWIFT-ке кіру рұқса­тын бұғаттау Қазақ­стан ішіндегі төлем­дер­ді жүргізуге әсері тимейді және елдің төлем нарығына тікелей қа­уіп төндірмейді. Қазақстан банк­те­рі­нің ел ішінде клиенттік және мен­шікті төлемдер мен ақша ауда­­­рымдарын жүр­гізу­ жөніндегі барлық операциялары штаттық режімде жүзеге асырылып жатыр. SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктерінің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің балама тетіктері дайындалды, – деп мә­лім­де­ді ҰБ төрағасы.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев теңгенің қазіргі курсы эко­номика емес, саяси ахуалдың қа­лай өрбитініне байланысты дейді. «Теңгенің күйі қалай бола­тыны соғыс қимылының қан­ша­­­лықты ерте тоқтайтынына, зы­мы­ран­дардың ұшуды және адамдарды өлтіруді қаншалықты тезі­рек доғаратынына байланыс­ты. Ал теңге қазір бір долларға 482,1 теңгеге дейін нығайды» дейді.

«KASE биржасы қалыпты ре­жімде жұмыс істеп жатыр. USDKZT курсы форекс биржасын­да 482,115 меж­есінде тұр. Өз кезе­гінде дол­ларға шаққандағы рубль курсы 94-тен саудалануда, яғни кеше­гі рекордтық деңгейден сәл болса да төмендеді. Біз валюта сау­дасына Ресей Орталық банкінің шешімі әжептеуір қолдау көр­сетті деп ойлаймыз. Олар кеше база­лық ставканы көтеріп, экспорттаушыларды өз түсімдерін 80 пайызға дейін сатуға міндеттеді. Соған қарамастан кешегі сауда-саттықтан бері байқалған үрдісті, атап айтқанда, теңгенің сенімдірек нығаюын немесе рубльден «ажырай бастаған» әсерін атап өткен жөн» деп жазады теле­грам­да­ғы Tengenomika сарапшылары.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дас­тығының мәлімдеуінше, бир­жа­лық сауда форматының өзгеруі және жасалған интервенция ұлт­тық валютаның айтар­лық­тай әлсі­ре­­уіне қарсы тұра алмады.

«Қазақстандық ақша нарығы­ның бағамдары ұлттық валютаның теріс динамикасы және сыртқы нарық­тардағы жағдайдың нашарлауы аясында өсуді жалғастырды (TONIA – 14,43%-дан 14,47%-ға, SWAP – 15,40%-дан 15,47%-ға дейін), сөйтіп базалық ставка дәлі­зінің жоғарғы шекарасында қалу­ды жалғастырады. Сауда-сат­тық­тың жалпы көлемі жыл басынан бері максималды мәнді құрады – 1,1 трлн теңге (+88,3 млрд). Дүйсенбіде Ұлттық банк дәстүрлі түр­де қысқа мерзімді өтімділікті қайтарып алу бойынша екі шағын аукцион өткізді. Нарыққа 28 күн­дік нота (жылдық 13,24 пайызбен 69,5 млрд теңге) және апталық де­позиттер (13,5 пайызбен 147,4 млрд теңге) ұсынылды. Оларға деген сұраныс толық көлемде қа­на­ғаттандырылды», делінген қа­уымдастық хабарламасында.

Мұндайда мұнай бағасының да құламай тұрғаны көңілге медет. ICE лондондық биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 3,98 пайызға өсіп, барреліне 102,32 долларға жетті. Goldman Sachs ин­вес­тициялық банкі мұнай баға­сы барреліне 115 долларға дейін өседі деп болжайды.

«Теңгеге қолдау көрсетер мық­ты фактор – мұнай бағасы. Қазақ мұнайына санкция салынған жоқ. Сондықтан рубльді теңгеден ажырату жақын күндердің шаруасы болуы тиіс. Экспортты қорғау, ат тө­бе­ліндей топты тыңдауға дәл қазір стратегиялық тұрғыдан болмайды. Құлайтын экспорт құлай берсін, бірақ теңге бағамын бүкіл халықтың қалтасы үшін рубльден ажыратып алу өте қажет. Жал­­­пы, еліміздің жағдайы жаман емес. Бұл жағдайда Қазақстан өте жеңісті деңгейде. Тек осыны эко­­­но­микалық тұрғыдан ұтымды пай­­далана білейік. Теңге – дәл осы жағдайда болашағы мықты валюта және Ұлттық банк оны жақ­сы түсініп отыр», дейді экономика саласының журналисі Айбар Олжай.

Сарапшылардың болжауынша, мұнай бағасы осы деңгейін ұстап тұрар болса онда интервенцияға кеткен қаржының да орны тез толады. Сондай-ақ теңгенің ендігі тағды­рын рубльге байламау мәсе­ле­­сі жиі айтылып жатыр.

«Егер рубль соңынан теңгенің де ұшуына жол берсек, онда ин­фля­ция шарықтап, халықтың жа­ла­­қ­­ысы құнсызданады. Ал дол­­­лар­дың етегінен ұстасақ, онда біз басқа қысқа және ұзақ мер­зім­­­­ді жаңа шындықты көреміз. Дәл қазір доллар сатып аламын деп жүгірудің қажеті жоқ. Ақша­ңыз­дан айырылып қаласыз. Соғыс, санкция, девальвация – мұның бәрінің соңының қалай аяқталары белгісіз. Көршімізде ахуал қиын, Қазақстанда әзірге бәрі қалыпты», дейді экономист.

Экономист Мұрат Темір­ха­нов­тың айтуынша, Ресейге салын­ған барлық санкциядан және рубль­дің әлсіреуінен кейін рубльге шақ­қандағы теңге курсы 4,0-5,0 көле­мін­де болуы керек еді.

«Өкінішке қарай, біздің би­лік бұрын теңгенің рубльге қатыс­ты дәл бұлай нығаюынан қат­ты қорықты. Рубльге қатысты тең­ге нығайса, 2014-2015 жылдар­­да­ғыдай Ресейден келетін арзан импортқа тап болып, біздің өнді­рушілер бұдан қатты зардап шегеді деп қорқудың реті жоқ. Шын мәнінде олай болмайды. Ресейлік банктер мен төлем жүйесіне са­лынған санкциялар және басқа да шектеулер Ресейден Қазақстанға импорттауды қиындатады. Сондай-ақ санкция мен соғыстың орасан зор шығындары Ресейдегі инфляцияны айтарлықтай ынталандырады және импорт бұдан былай арзан болмайды. Ақырында рубльге қатысты теңгенің нығаюы ин­фля­­цияға жағымды әсер беріп, бұл өз кезегінде халықтың да әл-ауқа­­­­тын жақсартады», дейді Мұрат Темірханов.

1 наурыз, кешкі 17.00-дегі жағ­­дай бойынша Қазақстан қор бир­жасыдағы долларға шаққан­да­ғы теңгенің орташа курсы 485,53 теңгені құрады. KASE дерегінше, минималды курс 477 теңге болса, максималды курс 496 теңге болған.