Экономика • 04 Наурыз, 2022

Экспорттан импорт басым

471 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылы ел экономикасындағы импорт үлесі экспорттан 5,7 млрд дол­ларға басым болған. 2020 жылмен салыстырғанда айыр­ма­шылық 12,7 пайызға немесе 800 млн долларға қысқарыпты.

Экспорттан импорт басым

 

«Әлем экономикасының біртіндеп өзінің ұзақ мерзімді өсім үрдісіне оралуы шикізатқа деген сұраныстың артуына және қазақстандық экспорттың негізгі позициялары бағасының қымбаттауына әкелді», дейді Ұлттық банк төлем балансы басқармасының басшысы Нұрлан Оспанов.

Экспорт өсімінің 27,2 па­йызға (60,2 млрд доллар), импорт өсімінің 6,6 пайызға (39,4 млрд доллар) өсуі себепті өт­кен жылы сыртқы сауда 18,1 па­йыз­ға, 99,6 млрд долларға өсім көр­сет­кен. Сауда балансы 20,7 млрд дол­лар профицитпен қалып­тас­қан. Экспорт өсіміне мұнай, газ кон­денсаты, түсті және қара металл елеулі әсер еткен. Айта кете­йік, мұнай мен металдың өзі экс­порт­тың 70 пайызын толтырады.

«Импорт 6,6 пайыз, 39,4 млрд долларға ұлғайып, 2019 жылғы дағдарысқа дейінгі деңгейіне жақындады. Тұтынушылық им­порт соңғы алты жылдағы ре­корд­тық межеге жетті – 12,3 мдрд доллар. 2020 жылы кейінге қал­дырылған шығыстарды іске асырылуына, карантин шектеулері мен халықтың төлем қабілеті сұранысының өсуіне байланысты импорттық автокөлік, компьютер және мобильді телефондарды сатып алу қарқыны артты. Бұл тауарлардың жиынтық өсімі 1,5 млрд долларды (+53,3 пайыз) құрайды», дейді Н.Оспанов.

Ұлттық банк өкілінің сөзіне қарасақ, импорт 2015 жылдан бері экспорттан басым түсіп келе жатыр.

Қазақстан былтыр сыртқы сауданы негізінен Азия елдері арқылы жүзеге асырыпты. Көрсеткіш 33,3 млрд долларды немесе 32,8 пайызды құраған. Одан кейінгі орында 32,8 млрд доллармен (32,3 пайыз) ТМД елдері орналасса, үштікте 31,5 млрд доллармен (31,1 пайыз) Еуропа құрлығы орналасқан.

Ұлттық статистика бюро­сының ақ­па­рын­ша, 2021 жылы Қазақстан Еуропа елдеріне көбі­рек тауар экспорттаған. Бір жыл­да кәрі құрлыққа 25,2 млрд дол­лар­дың тауары жеткізіліпті. Бұл бүкіл экспорт кө­лемінің 41,8 пайызы. Соның 8,8 млрд дол­лары – Италияға, 4,3 млрд доллары – Ни­д­ер­ландыға, 2,3 млрд доллары Фран­цияға тие­сілі. Ал Қазақстанға тауар жет­кізу тұр­ғысынан Ресейдің (17,3 млрд дол­лар) және Қытайдың (8,3 млрд доллар) бәсі жоғары.

Жалпы, тауар айналымы бойынша еліміздің ең ірі 10 сауда серіктесі қатарына – Ресей, Қытай, Италия, Нидерланды, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Германия, Үндістан және Испания кіреді.

Елімізден өзге елдерге негі­зінен қандай өнімдер сатылатынын ішінара жоғарыда атап өттік. Соны толықтыра кетер болсақ, Қазақстан былтыр шикі мұнайды, мысты, фер­роқорытпаларды, табиғи газды, уран мен руданы, темір мен бидайды көп сатқан. Есе­сіне, есептеу машиналарын, авто­көлік шанағы мен көлік бөл­шек­терін, телефон аппараты мен дәрі-дәрмекті, вакцина мен сары­суды сырттан әкеліпті.