Қоғам • 07 Наурыз, 2022

Қазақ қыздары – жаһандық саясат төрінде

946 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көп жылдар бойы саясат әйел адамның әлемі емес деген қате түсініктің қалыптасып келгені белгілі. Бір кездері солай болса да, бүгінгі сая­си алаңды әйелдерсіз елестету қиын. Тарихта ел басқарып, биік мінберлерден сөз сөйлеп, ақылы мен кәсіби біліктілігінің арқасында жоғары ықпалға, беделге ие болған әйелдер аз емес.

Қазақ қыздары – жаһандық саясат төрінде

Әлемде қазір 26 әйел мемлекет немесе үкімет басшылары қызметін атқарады. Бұл көрсеткіш бір қарағанда аз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл қазақстандық қоғамға мұндай сце­на­рийдің бар екенін және мүмкін екенін көрсететін тамаша мысал.

Forbes-тың әлемдегі ең ықпалды әйелдер топтамасын көріп отырып, тамсанбау мүмкін емес. Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркелдің зей­нетке кетуімен бұл тізімде жаңа есім­дер пайда бола бастады. Алайда әлемдегі ең ықпалды әйел көшбасшы атанған Ангела Меркель есімі талай жас қыздарға үлгі болғаны анық. Әлемдегі ірі державалардың бас­шы­ларымен иық тірестіріп, тең сөй­лесе білген Меркель билікте ұзақ бол­ғаны сонша, әлемнің жаңа саясатын қа­лыптастырған көшбасшылардың бірін­дей болып кетті. Жігерлі, батыл ше­шімдері мен қайсар мінезі оны Еуро­падағы ең дамыған елдердің бірін 16 жыл басқарып, халықаралық саяси қо­ғамдастықта үлкен ықпалға ие бол­ған көшбасшыға айналдырды. Демо­кратия құндылықтарын ұстанған Гер­манияда қатарынан бірнеше мәрте сай­лау­шылардың даусына ие болу саясат­кер үшін үлкен жетістік. Немістер үшін ол «mutti», яғни ана. Одан бөлек «темір канцлер» деп те аталып кеткен. «Не­містің темір анасы» деуге әбден болады.

«Темір әйелдер» туралы айт­қанда, ойға тағы бір еуропалық сая­саткер оралады. Ол – Ұлыбри­танияның тұңғыш әйел премьер-министрі Мар­гарет Тэт­чер. Бұл сая­сат­керлердің жара­тылысы нәзік болғанымен, болмыс бітімі, мінезі, жігері болат­­тай берік болды.

Соңғы оқиғалар әлемде билік басында адам өмірінің қаншалықты бағалы екенін, қарулы қақтығыс пен со­ғыс­тың зардабын терең түсінетін әйел­дер жетіспейтінін көрсеткендей. Пан­демия да мемлекеттердің дағ­дарысқа дайындығын тексеріп, елдер­дегі экономикалық, денсаулық сақ­тау мен әлеуметтік мәселелерді қиын­датып жібергеніне куәміз. Бұл жағдайдың шешімін табуға тырысқан үкіметтердің көбі сынға ұшырап, халықтың нара­зылығын тудырғаны белгілі.

Еуропалық орталық банктің пре­зиденті Кристин Лагард әйел көш­бас­шылар пандемия кезінде тиімді жұмыс істегенін айтады. «Әйелдер ер адам­дарға қарағанда көбінесе ашық көш­басшылық стильді ұстанады. Соңғы зерт­теу пандемия кезінде әйел көш­бас­шы­лардың тиімдірек болғанын көрсетті. Жан-жақты қысым­ды жақсырақ көте­ре білді, адамдар ара­сындағы қарым-қа­тынасқа да көбірек мән берді. Бұл – тоқырап қалған эконо­миканы қай­та жандандыру үшін керек басты дағ­дылар», деді К.Лагард. Расында да ха­лықаралық қоғамдастық Дания, Фин­ляндия, Исландия, Жаңа Зеландия, Гер­­мания және Словакия секілді әйел көшбасшылар басқаратын мемлекет­тердің пандемияға қарсы әрекеті мен ша­раларын тиімді деп мойындады.

Соңғы жылдары әлемнің саяси аренасына көтерілген қазақ қыздарының да саны арта түсті. БАҚ беттерінде жарияланған АҚШ, Еуропа елдерінің билігінде жоғары лауазымға ие болған қазақ қыздары жайлы хабарлар халықтың ықыласына бөленіп жат­ты. АҚШ президенті Джо Байден банк секторын реттеу бойынша саяси лауа­зымға ұсынған Сәуле Омарова, АҚШ президенті протоколында жұмыс істейтін Әсел Төлеуова, Франциядағы шағын қалалардың бірінің мэриясында қызмет ететін қазақ қызы Йешім Саваш секілді арулардың жеткен жетістігі – олардың білікті, білімді, еңбекқор маман екенінің көрінісі. АҚШ-қа қоныс аударған Сәуле мен Әсел Қазақстанда дүниеге келіп, елімізде білім алса, Йе­шімнің атасы Қазақстанда, әкесі Түр­кияда, ал өзі Франция жерінде туған.

Сәуле Омарованың банк секторын реттеу бойынша саяси лауазымға ұсынылып, Парламент қабырғасында сұрақтың астында қалған отырысын Қа­зақстанда бақыламаған немесе ес­тімеген адам аз. Ақүйдің таңдауы Оралда туып-өскен, Мәскеуде білім алған, Нью-Йорктегі ең ірі заң фирма­ларының бірінде жұмыс істеген, Джордж Буштың тұсында Қаржы ми­нистр­лігінде кеңесші болған, Корнелл уни­верситетінің профессоры Сәуле Омароваға түсуі тегін емес. Дегенмен АҚШ депутаттары мен қаржы саласынан үлкен қарсылыққа ұшыраған қазақ қызы бұл лауазымнан бас тартты. Дегенмен бұл оқиға Қазақстанда білім алып жүрген жастарға, оның ішінде қыздарға үлгі болғаны анық. Бұл қандастарымыз халықаралық саяси аренада қазақ қыздарының жетістікке жетіп, лауазымды қызметтер атқара алатыны әбден мүмкін екенін нақты дәлелдеді. АҚШ президенті протоколы бастығының міндетін атқарушы Әсел Төлеуова да Алматының тумасы, мектеп жасында қоныс аударған ол АҚШ-та білім алып, білікті маман атанды.

Франциядағы Крей қаласы мэрінің орынбасары лауазымына тағай­ын­­далуы Йешімді француз қазақ­тарының арасында ғана емес, барлық қазақтардың арасында бірден танымал етті. Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия БАҚ-тары Франциядағы қазақ саясаткері туралы жарыса жазды. Йешім отандық арналардың біріне берген сұхбатында қазақтардың қолдауын көріп, жылап жібердім депті. Ол сондай-ақ өзінің бұл жетістігі қазақ диаспорасының жастарын саясатқа белсенді араласуға ынталандырады деп үміттенеді. Ол болашақта ата­­жұрты француз қазақ­тарының жетіс­­тіктеріне әлі-ақ куә болатынына сенімді. Әлемнің қай түкпірінде жүрсін, қазақ қыздары кәсіби біліктілігімен, білі­­мімен, ең­бек­қорлығы және өжет міне­зімен халықаралық саяси аренаны бағын­дырып жүр. Халықаралық саясатта жүрген қазақ қыздарының жеткен же­тістігі – кейінгі буынға үлгі.