Өнер • 08 Наурыз, 2022

Таққа айналған «Тазының өлімі»

828 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнер – құдірет! Өмір­ге шынайы көзбен қарай­тындығымыздан шығар, осы бір тәмсілге әңгіменің ауанына қарай айтыла салған әдепкі сөз деп мән бермей келіппіз. Бүгінгі кейіпкеріміз Айдананың «Лашынымен» таныспағанда бұл ойымыздан айни қоюымыз да екіталай еді.

Таққа айналған «Тазының өлімі»

Өткен жылдың күзінде дүние ди­да­рындағы Дубайға жолымыз түсті. Панде­мияға байланысты өтетін мерзімі бір жыл­ға шегерілген халықаралық ЭКСПО-2020 көрмесінің ашылу рәсіміне қатыстық. Қазақ­с­танның ұлттық павильонын армансыз арала­дық. Жарқыл-жұрқыл дүниені күн­де көріп жүрген соң, әдемі бе­зен­­дірілген павильон аса бір таң­даныс тудыра қойған жоқ. «Әттең, ұлттың иісін аңқытатын ерекше бір дүние болғанда ғой» деп іштей қынжылғанымыз да рас. Сөйтсек, жанға жайлылық сый­­лайтын, қазақ­ты­ғымызды, ғажап­тығымызды жаһан жұр­­тына жайып са­­­латын мұндай орын бар екен. Ол – па­вильонның бір бұ­­рышынан ашыл­ған қазақ мейрамханасы. Ұлт­­тық на­қыштағы мейрамхана ішін тамсана шолып шықтық та, санамыздың бір түкпірінде жылт еткен «Қай дизай­нердің жұмысы болды екен?» деген сұ­раққа жауап із­деуге көштік.

Сөйтсек, мей­рамхана ішін безен­дірген Ай­дана Ерімбет есім­ді жас ди­зайнер екен. Елге оралған соң Ай­дананың өзімен де, оның бізді ерекше таңғалдырған туындысы «Лашынмен» де таныстық.

«Лашын» деп отырғанымыз – кресло. Ди­зайнерлік тілмен айтсақ, арт-кресло. Ерек­ше туынды. Ерекше болатыны – кресло­ның арқалығында қазақтың тазысы бедерлен­ген. Нәзік денесімен иесін жанай өтіп, еркелей жүріп аяққа оратылатын кәдімгі қазақ тазысы. Арт-креслоны көріп, ауылда қой бағып жүріп, соңымыздан бір елі қал­майтын сенімді серігіміз тазыға сүйеніп арман-қиялға шоматын алыстағы күндер ойға оралды.

– Тазы қазақ үшін киелі. Оны жеті қа­зынаға жатқызатыны да сондықтан. Студент күнімде жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» деген хикаятын оқыдым. Ерекше толқыдым. Тазының, яғни Лашын­ның өлімі жылатты мені. Хикаяттағы Ла­шын­ның тектілігі – қазақтың тектілігі, тазының рух­тылығы – қазақтың рухтылығы боп көрінді. Тек пен рух бізге қазір ауадай қажет. Тазының өлімі – көп иттің өлімі емес, ол – ұлттық дәстүр мен мәдениеттің, қазақылықтың жойы­луына деген қарсылық. Хикаяттың ерекше толқытқаны соншалық, тазы­ның образы ұзақ уақыт бойы түрлі эскиз ретінде ойымда жүрді. Талмай ізденуге тура келді. Ақыры тазы скульптурасы өз формасын тапты. Мен бұл туындыны Мұхтар Мағауиннің шығармасындағы тазының құр­метіне «Лашын» деп атадым. Осы­лай дүниеге келген арт-кресло Зерендінің қайыңынан жасалған. Қағазға түскен эксиздерді ағаш шеберлері әдемі қалыпқа түсірді. «Лашын» құмай тазы қазақты қорғап, қуанышқа бөлеп, үлкен олжаға кенелдіре берсін деген ниеттен туды, – дейді Айдана.

465564

Өткен жылдың қарашасында кейіп­керіміз Дубайда өткен ха­лық­­­аралық көрмеге қаты­сып, «Ла­шынымен» көпшілікті тәнті етті. Тіпті сол жерде тамаша туын­дыға құда түс­кендер де табылған. Әрине, көрме кезінде жұртшылық назарына ұсынылған дүниені сатуға болмайды.

– Көрмеден кейін телефоныма ха­барлама келді. Италиялық Рикар­до Барделли есімді азамат екен. Көрмеден көрген «Лашынды» сатып алғысы келетінін айтты. Сөйтіп, тазы бейнесіндегі ал­ғаш­­қы арт-креслом қияндағы Ита­лиядағы Тоскана өңірінің орталығы Ливорно қаласына аттанды. Кейін Рикардо үйінің көркіне айналған «Лашынды» суретке түсіріп жіберді. «Біз «Лашынға» кресло деп емес, үй жануары деп қараймыз. Оған біздің үй ұнайды деп сенемін. Қалай болғанда да, мұнда «Лашынды» бәрі жақсы көреді» деді ол. Қуанышымда шек болмады. Қазақ дизайнері жасаған жиһазды Дубайдағы көрмеден соң Италия азаматы аттай қалап сатып алады, оны үйінің төріне әспеттеп апарып қояды деген ой мүлдем болған емес. Өнерде шекара жоқ деген осы екен, – дейді дизайнер.

Айдана – оңтүстік өңірінің тумасы. Кейін отбасымен бірге Көкшетауға қоныс аударған. Осы қаладағы сурет мектебінде оқыпты. Елордадағы политехникалық кол­леджді «интерьер дизайнері» мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары білімді Алматыда алған. Бүгінде елордада өзінің жеке дизайн студиясы бар. Этно жоба­ларды жүзеге асыруға жақсы ма­шықтанған. Командасымен бірге тұрғын үйлерді, қонақүйлер­ді, мейрамханаларды безен­дірумен айналысады. Оның Lunagrosh деген арт-жобасы Қазақстан мен шетелде үлкен та­нымалдылыққа ие. Атал­­­­ған жоба аясын­да дизайнер этно стиль­­дегі жиһаз бен үйге арналған де­кор­­лар жасайды. Коллекциялық жи­һаз­­ға қызығушылық танытатын еуро­палық­тар Айдананың қолынан шыққан туындыларды қалт жібермеуге тырысады.

Бүгінде Айдананың «Лашыны» қазіргі заман талабына сай келетін үй жиһазының біріне айналды. Біздіңше, мұндай «Лашын» әр қазақтың төрінде тұруға тиіс.

Айдананың ендігі арманы – ди­зайнерлік қабілетін жаңа қы­рынан танытуға ерекше шабыт сыйлаған «Тазының өлімі» хи­каясының авторы, жазушы Мұхтар Мағауинмен кездесу.

Көркем шығарма киноға ғана емес, көздің жауын алар көрікті жиһазға да айналады екен. «Өнер – құдірет» деген осы емес пе?!