Қазақстан • 10 Наурыз, 2022

Сапқа қосыл, сақ сарбаз!

434 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстарға қарап, еліміздің әскери қауіпсіздік жүйесі жайлы ойға алмау мүмкін емес. Қанша қару-жарағымыз бар екенінде шатағымыз жоқ, біздікі – әскерге дейінгі әңгіме. Әскерден қашу «синдромына» қарсы «антивирус» бар ма?

Сапқа қосыл, сақ сарбаз!

Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Тегін жазбауды өтінген Арман есім­ді студент қатарластарының көбі әс­кер­де 1 жыл уақыт жоғалтқанша, жұ­мыс істеп, табыс тапқанды тәуір көре­ті­нін айтады. Ол әскери билетсіз-ақ екі қолға бір күрек табылатынына сенімді.

– Еліміздегі әскери жүйе сонау Кеңес өкіметінің ескі тәртібімен қа­лып­тасып қалған. Жаңа өзгерістер енгізу керек. Не­ліктен әскерге деген қызығушылықты оятатындай жүйе ойлап таппасқа? Теле­ди­дардан, интернет желісінен бейбіт заманда әскер қатарында жүріп о дүниеге аттанған азаматтарды көргенде, ата-аналар ба­ла­­сын әскери борышын өтеуге жі­бе­ру­ге қорқады. Сенімнен гөрі күдік басым. Әскерге бару міндет екенін түсі­не­мін. Бірақ барынша ыңғайлы жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Жылы төсек пен тамақ мәселесін меңзеп тұр­ға­ным жоқ, – дейді Арман.

Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Дидар Ботиннің айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ық­палын тигізген.

– Мектепте жүргенде-ақ тентек­ті­гім басым болды. Бертінге дейін бұзық­тығым басылмады. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істе­мей­­тінмін. Жа­уап­кершілікті терең сезінбедім. Әс­кер­ге барғанға дейінгі және әскерден келген Дидардың арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-ана, бауыр, туыс-достарымның қаді­рін терең түсіндім. Уақыттың қадірін білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жаққа өзгертті, бұзықтығым да қалды. Әскерге барғаныма қатты қуа­на­мын. Жастарға да әскерден қашпауға ке­ңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Дидар.

Үлкен ағаларымыз әскер жайлы әң­гі­­ме қозғалса, өздерінің сол шақтарын ерек­ше сағынышпен еске алып жатады. Екі жыл өзге мемлекетте парызын өтеген «дембельдерге» 1 жылдық әскер­де­гі қызықтарыңды айтып таң қалдыра ал­майсың. Бұрындары «әс­керге өтпей қал­ды» деген сөз жігіт үшін өліммен тең бол­ған. Ауылдан әскери комиссариатқа аттанған бір топ жігіттің барлығы Отан қор­­ғауға аттан­ған­ша асық еді. Қа­зір­гі жас­­тар фи­зи­калық тұрғыдан қуаты ке­мі­­гені былай тұрсын, рухани тұрғы­дан әлсіз. Көп жыл бойы қорғаныс істе­рі жөніндегі бөлімде еңбек етіп, зей­нет­кер­ліктің ауылына қадам басқан, Қарулы күштер саласының ардагері Нұрлан Түйе­баевтың айтуынша, елжанды азамат ешқашан әскерден жалтармайды. Сол себепті әр отбасында патриоттық тәр­бие­­ге мән берілуге тиіс.

– Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұт­қасы болар ер аза­маттарымыздың жа­сынан жігер-қай­раты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұс­­тайтын жас­та­рымыздың патриоттық се­зі­мі биік, күш-қайраты толық, жіге­рі жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз на­рық­тық экономикаға қадам басқалы аза­мат­тардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыт­тырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дары мен қазіргі жастардың рухани айы­р­­машылығы жер мен көктей. 2005 жылға дейін отбасыда бір бала болса да, студент болса да, 18 жасқа толғандықтан әскерге алып кететін. Қазір жеңілдіктер көп. 1-2 кило сал­ма­ғы жетпесе жарамсыз болып танылады. Қатарынан қалып қой­ған азамат келесі жолы әскерге бару­ға құ­­лық­сыз болады. Екіншіден, теле­ди­­дар­дан қылмыстық топтар тура­лы кинолар жиі көрсетіледі. Әскери өмір­ден сыр шер­тетін дүниелер көп болса, жас­тардың ынтасы артар еді, – дейді Н.Түйебаев.

Отанды қорғау туралы асыл ді­ні­міз­де де жиі айтылады. Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндет­те­ле­ді: Ота­ның­ды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Туған жерді қорғау жолында қаза болғандардың орны биік. Об­лыстың бас имамы Жолдас қажы Берді­мұ­ра­тов­тың айтуынша, әскерге бармас­тан бұрын әр азаматта Отанға, туған же­ріне деген ыс­тық сезім болуы керек.

– Бір хадисте ардақты Алла елшісі (с.а.с): «Екі көз ақыретте тозаққа күй­мей­ді: біріншісі – күнәсына өкініш біл­діріп, оңашада егіліп жылаған көз, екін­ші­сі – Отанды қорғап, шекара күзеткен көз» деген екен. Осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады. Ислам дінінде Отанды қорғау – ең сауапты істердің бірі. «Отанды сүю – иман­нан» деген ғалымдар пікірі осыған сая­ды. Әскерге барып, борышын өтеп кел­ген азаматтың туған жерге деген ма­хаббаты артады, өзіне деген сенімі қа­лыптасады. Сондықтан да әскерге жа­рамды жастар Отанды қорғау үлкен ама­нат екенін түсінгені абзал, – дейді Ж.Бердімұратов.

Елімізде наурыздың 1-нен бас­тап жылдағы дәстүрге сай әскерге ша­қы­ру ке­зеңі басталды. Маусым айына дейін павлодарлық 700 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Бүгінде әскерге шақырушылардың денсаулығынан бө­лек, білімі мен біліктілігіне де сұра­ныс артып отыр. Себебі ел әскері жаңа технологиялармен жасақталуда. Сар­баз­­дардың компьютерлік біліктілігі, сауат­ты­лы­ғы мен кәсіби шеберліктері қа­жет. Жай ғана қару ұстап, жаттығудан бөлек, логикалық-интеллектуалды бі­лі­мінің бар болуы заман талабына ай­­нал­ған. Бастысы – әр азаматтың бойында патриоттық рух болуға тиіс. Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – айбынды әскері екенін естен шығармайық!

 

Павлодар облысы