Аймақтар • 10 Наурыз, 2022

Ащысу «ашуына» мінді

590 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мереке күндері Павлодар об­лысындағы бірнеше елді мекен тұрғын­дары еріген қар суымен әбігер болды. Күннің күрт жылынуы және жаңбырдың төкпелеуі салдарынан автожолдардың үстінен су өтіп, төтенше жағдайлар қызметі мамандарын аяғынан тік тұрғызды.

Ащысу «ашуына» мінді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тілсіз жау «әдеттегідей» Баянауыл ауданына қарасты Бірлік, Жаңажол, Май ауданына қарасты Саты, Ақши­ман ауылдарындағы ағайынды састырды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығы ұсынған мәліметке сүйенсек, Жаңажол ауылына апаратын кіреберіс жолда судың деңгейі 25-30 сантиметрге дейін көтерілген. Бірлік ауылына кіреберіс жолдың бойында да су жиналып, Екібастұз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мамандары сусорғыш қондырғылар арқылы қауіптің бұлтын сейілтті. Ауылдағы кейбір үйлердің ауласы да суға толып, абырой болғанда ешқандай оқыс оқиға орын алмады. Сәтбаев ауылдық округі аумағындағы Ащысу өзені арнасымен аққан су Бірлік ауы­лына бағыт алғанын ескерсек, төтеншеліктер жағдайды қатаң бақылауда ұстағаны абзал. Бірлік ауылы тұсында салынған жаңа көпірге сеніп отыру дұрыс емес.

 

Павлодар облысы