Әкеміз айтып кеткен ел мен жер қымбат – дейді Ертіс өңіріндегі Тегістік ауылының тумасы, неміс этносының өкілі Владимир Шнайдер
Осындай тақырыптағы сұхбатымыз да дайын болды. Бірақ, бұл әңгімеге бір нәрсе жетпей, олқылау болып тұрған секілді көрінді. Шнайдерлердің анасын көріп, жүздесіп, сөйлескіміз келді. Сөйттік те, Тегістік қайдасың деп Шнайдерлер әулеті тұрып жатқан шалғайдағы алыс ауылға тарттық та кеттік. Қаланың у-шуынан алыстап, бір сергіп қалғандаймыз. Тегістіктен ары қарай Ресей шекарасы, өзіміздің Қарасуық ауылы басталады. Шағын ауылдағы үйінің ауласында бізді кәдімгі өзіміздің шешелеріміздей кең, мол гүлді көйлек, жеңсіз қызғылт камзол киген, басына орамал байлаған толықша келген жылы шырайлы, өңді апа қарсы алды. «Валентина Николаевна осы кісі, Володяның шешесі», – деп жатыр қасымызда жүрген ауыл әкімі Бақытгүл Қосарова. Біздің дауысымызды естіп, үйден көкшіл көзді ұзын бойлы екі қыз шығып, «төрлетіңіздер» деп қазақ тілінде амандық-саулық сұрасты. Екінші бір тұстан асыға жеткен жігіт ағасы көрінді: «Бұл – Володяның ағасы Александр, – деп таныстырды Бақытгүл, – мына жердегі орман шаруашылығында жұмыс жасайды». Александрдың да аман-сәлемі қазақ тілінде. – Апай, сәлеметсіз бе! –деп кішкентай қыз келіп сәлем берді. – Бұл – Әмина, Светлананың қызы, – деді Валентина Николаевна немересін құшағына алып. Біз Шнайдерлер әулетінің анасы Валентина Николаевнамен ұзақ әңгімелестік. Ауырлығы бүгінгі күнге де жүк болғандай өткенін, 2005 жылы кенеттен қайтыс болған отағасын еске алды. Қуғын-сүргін және соғыс жылдарының қиындықтарын көрген неміс отбасының тағдыры осы бір шағын ғана Тегістік атты қазақ ауылымен тікелей байланысты екенін жеткізді. –Тегістік – біздің атамекеніміз, қызым, мына өзің көріп отырған үй сонау 1958 жылдары салынды. Сол қара шаңырақты сақтап, осы күнге дейін тұрып жатырмыз. Немерелеріміз де бір кездері аталары өз қолымен тұрғызған үйге ойнап-күліп, келіп-кетеді. Шалым Александр Андреевич Шнайдер марқұм 1943 жылы осы ауылда туды, 2005 жылы осы ауыл зиратына жерледік. Қазақтар оны өте жақсы көрді, аралас-құралас жүрдік. Тегістікте бүкіл ғұмырымыз өтті. Александр, Владимир, Виктор, Елизавета, Анатолий, Раиса, Вячеслав, Валентина, Светлана бар, 9 бала өмірге келіп, оларды тәрбиелеп өсірдік. Бәрі де көршілеріміз айтатындай, түгел қазақ болып кеткен балалар ғой, тәрбиелері де солай, оқып-білім алғандары да қазақ тілінде, үйде де, түзде де қазақша сөйлеп өсті. Үш келінім бар, Ғалиябану, Жасия, Динара, күйеу балам Жанат. Осы үлкен әулеттің ұл-қыздарынан туған Виктория, Алминура, Елдана, Александр, Дина, Андрей, Томирис, Фатима, Әмина атты 9 немере-жиенім бар. Балаларым бәрі де өмірден өз орындарын тапты. Кенже қызым Света – аудан орталығындағы мектепте мұғалім. Володя бәрін өзіңе айтып бергені өткенді еске ала беру шешемізге оңай бола қоймас дегені шығар, –деп Валентина Николаевна үнсіз қалды. Шалғай ауылда өткен өмірдің қиындығын көрген, бала-шағасын, немерелерін қазақы тәрбиемен тәрбиелеп, қазақ тілінде оқытып, сөйлетіп, қазақ жерін атамекені еткен Шнайдерлердің аналары «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері Валентина Николаевна қандай құрметке болсын лайық, үлгі-өнеге тұтарлық ғибратты ғұмыр кешкен жан. Аудан, облыс көлеміндегі мереке-жиындарда марапаттар тізіміне алынып, құрмет көрсетіліп жатса, бәрі де орынды, асыл ана өмірі көпке үлгі-өнеге. * * * Алыс ауылдан қалаға жеткен біз Валентина апамызды ұзақ үнсіз қалдырған Шнайдерлер әулетінің өткенін ары қарай жазу үшін Валентина Николаевна апамыздың ортаншы ұлы Владимир Шнайдермен кездесіп, әңгімемізді жалғастырдық: Владимир Александрович бұған дейін облыс орталығындағы Еуразия инновациялық университетінің студент жастармен жұмыс және оқу орнындағы тілдерді дамыту жөніндегі проректоры қызметін атқарды, қазір Астанада. – Қалай барып келдіңіз? Жол жаман дейсіз бе? Ауылдың жолына біз әбден үйренгенбіз, – деген Владимир әңгімесін жалғастырды. – Әлгі бір кез болды ғой, немістер, басқа да ұлт өкілдері асығыс өз елдеріне қарай көшіп жатқан, сол кезде қалжыңдап: «Біз не қарап отырмыз, көшейік енді, немістердің бәрі кетіп жатыр», деп әкем марқұмды ашуландырып алатынбыз. Ол кісі ауылға әбден үйренген, ауылда туды, осы жерде еңбек етті. Сонда: «Әке-шешем осы ауылда жерленген, бұл атамекеніміз, сол кісілер аманаттаған ауыл – ел іші, ал енді Германия, Мермания деп қайдағы-жоқты айтпаңдар», деп бізге ұрысып тастайтын. «Өскен ортаға жетер жер жоқ, екінші рет бұлай айтқандарыңды естімейтін болайын», деген ескертумен әкей бәрімізді орнымызға қоятын. Тегістік – ертеректегі ауыл. Өзіңіз көргендей өмір сүріп жатыр. Өзім де ауылға жиі барып тұрамын. Туыс-туғандар, Шнайдерлер әулетімізбен түгеліміз осындамыз. Бір жаққа көшеміз-ау, басқа жақта жақсы өмір бар деген ойымыз да болған жоқ. Тегістік – төріміз. Кезінде дүркіреп тұрған ауыл еді, өкініштісі, қазір 50 үйлі отбасы қалды. – Владимир, балалық шақты қалай еске алар едің? – Кеңес өкіметі кезінде қалада тұратындарды айтпағанның өзінде, ауылдағы кейбір қазақ отбасыларының өзі балаларын орыс мектебіне берді. Ал біздер – ағам, інілерім, қарындастарым бәріміз қазақша оқыдық. Біздің Тегістік ауылында қазақ мектебі болды. Жоқ, қайтсем де орысша оқытамын, ертең нанын тауып жеу қиын болады деген басқалардың сөзіне ерсе, басқа ауылға көшсе де әкем бізді орыс мектебіне берер еді. Күнделікті өмірде менен: «Сен өзің Павлодардансың, солтүстік өңірде тудың, сонда қазақша қайдан білесің?» деп таңғала сұрап жатады. Солтүстік өңірде де ауылының атауын, тілін, болмысын сақтап қалған таза қазақы ауылдар бар. Ал қазақша қайдан білетінімді білгілерің келсе, біздің Тегістік ауылына келіңдер, деймін. Осындайда марқұм әкеміздің алда жақсы күндер келетінін білген бір көрегендігі болған екен-ау деп ойлаймын. Қиын кезде өздері бауыр басқан ауылға, қазақ халқына, тіліне деген бұл да бір құрметі, ризашылығы болар. – Шнайдерлер қазақ жеріне қалай келді екен? – Балалық шақ демекші, ауылдағы қазақ балаларымен бірге өстік. Көрші-қолаң, туыс-туған болып кеттік. Осы күнге дейін бір таңғалатыным, сол кездері баламыз ғой, енді ойнап жүріп төбелесіп қаласың дегендей, бірақ, бір-бірімізге сен неміссің, сен қазақсың деп көрмеппіз. Олар менің неміс ұлтының өкілі екенімді де білген жоқ. Кейін, 1987 жылы ҚазМУ-ге оқуға түсуге құжаттарымды тапсырайын десем, «сен группаңды шатастырып алыпсың» деп түріме қарап орыс бөліміне жібергені бар еді. Оқуға түскен соң, ауылға келіп осы жайды айттым достарыма. Бір атаның балаларындай өстік. Үйде кәдімгідей қазақша сөйлейтінбіз. Әжемнің қолында тәрбиелендім. Тегістік ауылына қайдан келгенімізді ержетіп, есейген соң барып, әке-шешемізден естіп білдік. Әжем тас-түйін, ештеңе айтпайтын. Ештеңе айтпауға, ауыз ашпауға өмірлік ант бергендей. Ата-анамыздың айтуынша, олардың әке-шешелері депортацияның кезінде, 1941 жылы келген. Сол кездегі саясат нұсқауымен немістердің бәрін бір жерге шоғырландыруға қауіптеніп, оларды әрбір қазақ ауылына 20-30-дан бөліп тастап кетіп отырған ғой. Менің аталарым Тегістікке алып келген 25 отбасының ішінде болыпты. Осы ауылда солардан тұрақтап қалған екі-ақ отбасы бар, бірі – Бишельдер, екіншісі – Шнайдерлер. Біздер өзі туыспыз да, өйткені, Бишельдер нағашы апаларымыз болып келеді. Қалғандары соғыстан кейінгі жылдары жан-жаққа тарап кетті. Ал атамызды еңбек армиясына Қарағанды жаққа алып кетеді. Сол кезде әжеміздің аяғы ауыр екен. Әкеміз Александр 1943 жылы туыпты. – Ана жақтан келгенде балалары болған ба? – Әулетіміздің басынан өткен қуғын-сүргін зұлматын есту бізге де оңай болған жоқ. Бұл күнде қазақ жерін Отаны көрген көптеген өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары жүр. Краснодар жақтан әжеміз бен атамыз Лида, Ольга, Сара, Роза атты қыз балаларымен келеді. Апаларымның айтуынша, суық желтоқсан айында жүк таситын, мал артатын вагондармен әкелген екен. Түнделетіп жолға алып шығыпты. Екі жарым ай вагондармен жолда болған. 1941 жылдың қысы. Мәскеу түбінде шайқас жүріп жатқан кез. Бомбалаудан әзер құтылған вагон толы 400-ден астам неміс отбасын Қазақстанға, Павлодарға әкеледі. Әуелі түрмеге қамайды да, содан кейін барып ауыл-ауылдарға бөледі. Біздер әкеміз отбасында жалғыз ұл деп жүрдік. Осы апаларымыздың көз алдында өстік. Бір апамыз бертін, осыдан екі жыл бұрын қайтты. Атамыз еңбек армиясынан Тегістікке 1946 жылы оралады. Әкем 7 жасқа келгенде қуғын-сүргін зобалаңы, еңбек армиясының ауыр азапты жұмысы денсаулығына кері әсер етіп, атамыз көп ұзамай қайтыс болыпты. – Әкеңіз Александр сонда жалғыз ұл емес пе екен? – Оны бәленбай жыл өткенде барып бір-ақ білдік қой. Әкем марқұмның өзі де ағалары болғанын білмеген сияқты. Әжеміз ешқашан айтпаған. Осы бертін келе, 2004 жылы ауылдық кеңесте жұмыс жасаған ақсақал үйіндегі бұрынғы ескі пешті жөндеп, от жағайын деген кезде, күл-қоқыстың арасынан бір паспорт шыға келеді. Қараса, менің атамның паспорты. НКВД-ның тас мөрі басылған: «осужден по статье 58» деген жазуына дейін бар. Отбасы жағдайы деген бөлігінде екі ұл баланың бірі – 38, бірі 40 жылы туған, үлкені Шнайдер Александр Андреевич, кішісі Шнайдер Владимир Андреевич деп жазылып тұр екен. Нағашы әжеміздің айтуынша, жолды көтере алмайды деп, кейбір балаларды тоқтаған стансалар маңында балалар үйлеріне тапсырыңдар деген бұйрық болған секілді. – Содан кейін іздестіріп көрдіңдер ме? – Қалдырып кетті ме дейтініміз, нағашы әжеміздің айтуынша, бұл кісілер де әкелерінің тағдырын біле алмаған. Әкесін біледі, есінде, соғыс кезінде ол кісілерді еңбек армиясына алып кеткен ғой, ал әжелерімізді осы жаққа жіберген. Кейін әкелерің өлді деп айтқан. Әкелеріне балаларың өлді деген. 1976 жылы нағашы апамыз теледидар көріп отырғанда Мәскеуде депортацияға ұшыраған немістер жиналса керек, апамыз сол кезде залдан әкесін көреді. Айғайлауға шамасы келмей, талып қалады. Содан Мәскеуге хабарласып, әкелерін табады. Балаларың өлді деген соң, әкелері басқа отбасын құрған екен. Біз де, міне, осы күнге дейін әкеміздің ағаларының тағдырын, өлі-тірісін біле алмай жүрміз. Ойдан кетпейді. Бір үмітпен сұрастырып, іздестіріп те жүрміз. – Айтпақшы, паспорт табылған соң, не болды? – Әкем кенеттен қайтыс болды. Бұлай деп кім ойлаған? Әкем туғанда оған да Александр деп ат қояды. Кейін біз екі ұл бала – ағам екеуміз тетелес дүниеге келдік. Ағама Александр, маған Владимир деп ат қояды. Әкемнің ағаларының аттары қайталанады. Неге бұлай? деп ылғи да ойлаймын. Әлгі табылған паспортты көрсетпей-ақ қояйықшы, оны көрсету үшін әкемді алдын ала дайындап, жағдайды айтайық дедім. Өмірі ауырмаған зор денелі адам еді. Жиен ағам барып паспортты әкейдің қолына берген ғой... Әкем өсиет қалдырған жоқ. Тірісінде көз көріп, құлақ естіген бар қалдырған аманаты Тегістік – атамекеніміз, қазақ жерінде қалыңдар дегені. – Владимир, сен Германияда болдың ба? – Жоқ. Ешкім барған емес. Әкем марқұм айтқандай, қайдағы жоқты айтпаңыз (күліп). – Президент Әкімшілігінде, Ассамблея құрамында қызметте жүріп едіңіз. – Қазір Астанаға қайта оралдым... – Қазақ тілін білгеніңіздің артықшылығы қандай? – Бүкіл өміріме айқын жол ашты. Қазақ тілінің грамматикасы мен фонетикасына қатысты 40-тан астам ғылыми еңбек жазыппын. Елбасының «тілді меңгеру үшін оған өзіңнің жүрегіңді ашуың керек» деп айтқаны бар. Тілді білгенімнің арқасында, өзіңіз айтқандай, екі жыл Президент Әкімшілігінде қызмет еттім. Біздің оқу орны Еуразия инновациялық университеті деп аталады. Яғни, басты бағыты әлемдік білім беру кеңістігіне белсенді ену арқылы инновациялық технологияларды әзірлеу және іске асыру, бизнеспен тығыз байланыс жасайтын жаңа бағыттағы жоғары оқу орны саналады. Өзім Алматыдағы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірдім. Екіншіден, мемлекетті тану мемлекеттік тілді үйренуден, білуден басталады. Біздің міндет – студент жастарға қазақ тілінің болашақтарына қаншалықты қажеттігін түсіндіру. Түркітанудан лекция оқимын.Университет қабырғасында жүргенде білсін, ізденсін, өткен тарихты, түпкі, түбін танысын деп ойлайсың. Жастарға, өзге ұлт өкілдеріне айтарым, қазақ тілін білсең, өзің тұрып жатқан, нанын жеп отырған елдің салт-дәстүрін, тарихын білетін боласың. Қазақтың салт-дәстүрлері ғажап. Өзім осы салт-дәстүрлерді ұстанамын. Әкем бізді солай тәрбиеледі. Қазір мен де балаларыма осы тәрбиені беріп келемін. – Қазақ қызымен құрған шаңырағыңыз үбірлі-шүбірлі болсын. – Айтқаныңыз келсін. Жас күнімізден сүйіп қосылған жарым Ғалия – өзіміздің облыстағы Есілбай ауылының қызы. Өткені шежірелі қазақы ауылдардың бірі. ҚазМУ-де бірге оқыдық. Екеуміз де филология факультетін бітірдік. Екі қызымыз бар. Жоғары оқу орындарында оқиды. – Владимир, құдалар жағынан қарсылық болған жоқ па? – Неміске неге күйеуге шығасың деп пе? Біздің жақтан жоқ. Әкем қазақ ортасында, ауылда өскен адам деп айттым ғой. Ал қазір ең жақсы күйеу баламын (күліп). Бажаларым бар, туған-туыс, аралас-құралас, бәріміз татумыз. – Түркітанудан сабақ беремін деп қалдыңыз. – Бұл бір жан дүниең рухтанатын рухани әлем. Студенттердің осы тақырыптағы лекцияны тыңдап, сабақтан қалмайтындары түркітануға деген құштарлық деп білемін. Өзім де студент кезден түркітануға ден қойдым. Өткен ата-баба өмірі, жалпы, Түркітану саласы студенттерді қатты қызықтыратынына қуанасың. Бұл – болашаққа үміт. Яғни, болашақта түркітанушы ғалымдар қатары көбейеді, біздің жолымызды жалғастырады деген сөз. – Владимир, атамекен деген сөзге қандай түсінік берер едіңіз? – Ұлы ұғым. Әкем көз алдыма келеді. Мен үшін атамекенім Тегістік ауылы, мұнда атам, әжем, әкем жатыр. Атамекенім, елім, жерім деп қадірлеген бір жан болса, әкемдей болар деп ойлаймын. Қазақ еліне, жеріне деген сүйспеншілігін, қиын күнде бауырға басқан халыққа деген ризашылығын өмірден озған соң да Тегістіктің топырағына сіңдіріп бірге ала кетті. Ал біздер әкем аманаттаған жолмен өз тағдырымыз бен болашағымызды қазақ жерімен байланыстырып, түп қазық етіп байланып қалдық. Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10