Руханият • 10 Наурыз, 2022

Жүсіпбек Аймауытов және «Дәмелі»

765 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Француз әдебиеті, оның ішінде прозасы үшін Мопассан қандай қадірлі болса, біздің прозамыз үшін Жүсіпбек Аймауытов сондай қымбатты. «Алаш» партиясы арқылы ел ісіне араласа жүріп, шығармашылығын да үлкен белес­ке көтерген жазушының артына қалдырған еңбектері туралы көп жазылды, зерттелді. Біз білетін жазушы, драматург, педагог Аймауытұлының тағы бір қыры аудармашылығы еді. 

Жүсіпбек Аймауытов және «Дәмелі»

Бұл турасында біз ол әдебиеттің өзінде екі көште қатар жүрді деуімізге әбден негіз бар. 1917 жылғы ақпан төңкерісі оның шығармашылығына, көңіл күйіне қатты әсер еткені белгілі. Қашанда қаламгер үшін оның жұмыс істеген ортасы, айналасы аса маңызды болмақ. Жүсіпбек Аймауытов үміттің адамы болғанын оның әр шығармасынан анық байқауға болады. Ол ұлт бостандығын, адамзаттың қоғам алдындағы теңдігін, әйелдер теңдігін, махаббат пен ғадауатты шығармаларына арқау ете отырып, қазақ қоғамына, сол қоғамды құраушы ұлтқа ненің керек екенін айтқысы келген, айта алды да.

5

Қаламның күшімен ұлтын оятқысы келген оның асыл үміті сонау бала жа­сын­да оянғаны туралы көп естиміз. Бізге жеткен деректер бала Жүсіпбектен дана Жүсіпбекке дейінгі аралықтың онша алыс болмағанын дәлелдейді. Демек ұл­тын сүйген қалам иесінің сана көзі ерте ашылған.

«Ең алғаш 13 жасымда дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мін­беймін деп әкесін ренжіткен қызды (Ол Жәмі­кен деген апам ғой) өлең қылып жазға­нымды әкем көріп, маңдайымнан иіске­гені әлі есімде», – деп жазды ол бір есте­лігінде. Осылай деген Жүсіпбек ел тағдырының шешуші сәттерінде қа­ла­мымен де, қадамымен де мәңгі ұмытылмастай еңбектер жасады. Бүгін біз оның аудармашылығы, оның ішінде Француз ақыны Фердинанд Дюшеннен аударған «Дәмелі» романы туралы сөйлемекпіз.

Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебие­тіне В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын аударып, көркем аудар­ма­ның да көкжиегін кеңейтуге үлес қос­қан. Алдымен ана тіліне, сосын орыс тіліне жүйрік Аймауытұлы аудармаға да үлкен ізденіспен, биік мақсатпен барғанын жоғарыдағы ол аударған авторлар тізімі растайды. Біздің сөзімізге тиек болып отырған «Дәмелі» атты шағын романды ол аса ыждағаттықпен, үлкен жауапкершілікпен аударғанға ұқсайды. Аударманы оқып отырып, Дәмелі қыздың тағдырына күйінесіз. Бұндай күй «Ақбілекті» оқығанда басымыздан өткен. Жүсіпек Аймауытов Шымкенттегі техникумда қызметте жүр­генде Мәшһүр Жүсіпке жазған хатында: «Екі жарым ай болды, үйден түзге шықпағаныма. Не істедің десеңіз, «Қы­луатта» жатып бір роман жазып бітірдім, өзіңіз көрген «Қартқожадан» үлкендігі – екі есе үлкен болады» дейді. Ол «Дәмеліні» де өзі айтқандай «қылуатта» жатып аударғаны сөзсіз. Құдды өз шығар­масындай жеңіл де түсінікті оқы­лады. «Дәмелі» жүз елу ділдаға сатылған жас қыздың әкесі мен оны айттыратын жігіттің өзара саудасымен басталады. Дәмелінің ұзатылар сәтіндегі үй айналасындағы тыныс-тіршілік өте тартымды суреттеледі, шығарма авторы, сосын аудармашы үшін де бұл мақтауға тұрарлық. «Мұстафа шәужайынан ұстап Іңкәр қызын ақ қашырға мінгізіп жатыр. Ер орнына қашырдың үстіне қыл кептеген қызыл тысты арқалығы бар, жұмсақ мүйет орнатқан. Дәмелі осы үлкен ұяға малдасын құрып отырады, кемер белбеуін салбыратып, шапанының құрыс-тырысын жазады. Таңның тау­дан асқан қызғылтым саңлақтанған сәулесіне шомылып, қайтып көрместей, бір жола қалып бара жатқан үйлеріне, қорасына көпке дейін қимай қарайды». Қазақ прозасына әйел теңдігі туралы бір емес, бірнеше шығарма берген Жүсіпбек Аймауытовтың «Дәмеліге» қызығып, оны аударып, қазақ оқырманына жеткізуі заңдылық еді. Өйткені бұл шығарма да әйел теңдігін арқау еткен роман. Кейіпкер Дәмелінің сан қилы тағдыры, бастан кешкен қиын сәттері кімді болса да бейжай қалдырмайды. Дәмелі – сор, Дәмелі – бақытсыздық сияқты сезіледі. Әкесі Мазен оны ақша үшін қайта-қайта еркекке сатып, нәпақа табуды әдетке айналдырған. Оның ойында қызының тағдыры емес, сытырлаған ақшаның рахаты басым.

Аталған шығарма туралы аудармашы ретінде Жүсіпбек Аймауытов өзі былай деп жазады: «Бұл қолымыздағы шығарма – француз ақыны Фердинанд Дюшеннің Алжырдағы әдебиет бәйгесінде жүлде алған романы. Мұны біз өңдеп, қыр­нап, өзгертіп, көп жерін алып тастап, алдарыңызға тартып отырмыз. Оқушы­ларға, оның ішінде әйелдердің ауыр тұр­мысын көзге көрсетуге бұл әңгіме пайдасыз болмас деп үміт етеміз. Неге десеңіз, оның жазғаны – кәдімгі қажылардың қалтасын қағып, қан қақсататұғын бә­деуи­лердің тұрмысы, өмірі. Олардың тұрмысы, салты, мінез-құлқы құдды қазақтікі. Олар да қызын қалыңмалға сатады, олар да көп қатын алады. Олар да жалқау, надан. Олардың қожа, молда, ишандары да өтірік шариғат соғып, құлқынын қармайды. Қайтып келген қызын пұлдап сата алмаса, әкесі қаң­ғыр­тып қуып жіберетіні де болады екен. Бұл салттар – қазақта бұрын (хандар, патшалар тұсында) болса да, бұл күнде тозығы жетіп, әлдеқашан қау­са­ған салт. Ол түгілі қалыңмалдың да ініне су құйылып отыр ғой. Араб әйел­дерінің көрген күнін оқығанда, осы күнгі қазақ әйелі шүкір еткендей, қабырғасы қайысқандай болар».

Кешегі Алаш зиялылары озық елдер саналатын Жапония, Еуропа өркениетіне қызығып, біз де сондай өркениетті қоғам құрсақ дегенді күндіз-түні көксегені шындық. Үлкен елдердің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты сан түрлі шығар­маларды, оқулықтарды қазақ тіліне аударып, оқулық жасау да сол ізгі ниеттің бір көрінісі. Жүсіпбек Аймауы­товтың Француз ақынынан шығарма аударуы да осы сөзімізді дәлелдейді. Шығармадағы оқиғалар өрби келе, Дәмелінің көңіліне кірген алаң да көбейе түседі. Енді оған Күндес ретінде Зейне деген әйел күйеуіне тоқал болады. Бұндай салт көшпелі арабтарда да, бізде де бар екенін ескерсек, «Дәмелінің» біздің оқырманға, қоғамға жат шығарма емес екені айқындалады. «Зейне Дәмелінің сөзін аңдап аңғармай қалды білем! Бір болмашы қызмет көрсетсең, бөрікті де ал, – деп Дәмелі қайта айтады. Зей­не «алақайлап» қуанғаннан кейін, Дәме­лі әнтек қызараңдап төмен қарап: – Күйеуіңнің бүгінгі кезегін маған қи, – деп сөзін бітірді». Жазушы екі күндес арасындағы «сезім таласын» осы шағын эпизод арқылы сәтті бейнелейді. Құдды оның өзі жазғандай «махаббат көркімен жарқырап, жұпар иісін аңқытқан» қос әйелдің сезім қызғанышы алдындағы әлсіздігі «Дәмеліні» ары қарай жалықпай оқуға мүмкіндік береді. Шығарма соңын­да Дәмеліні әкесі басқа еркекке сатады. Ескі заманның, арабтарға тиесілі дәстүрдің құрбаны болған Дәмелі басына қандай қиын күн туса да, қайсарлықпен күресе біледі. Тіпті оны әкесі кәдімгі зат ретінде байдан-байға сатып, тентіретіп жібермек. Бәрінен түңілген Дәмелі ақыры мұрттай ұшып, әл-дәрмені таусылып, аурухана төсегінде талықсып жатады. Көшпелі арабтың тілін түсінбеген дәрігер «Тілмашты әкеліңдер, тезірек бар» деп айқайлайды. «Кешікпей тілмаш та келеді. Тілмаш – Ақылбай». Дәмеліні алғаш сатып алған Ақылбай бұрынғы әйелі Дәмелінің ең соңы қиналған сәтін өз көзімен көреді. «Ол хал үстінде жатқан әйелге еңкейіп қарайды да, Дәмелі екенін таниды! Ол боп-боз болып кетеді. Ол оның күс болып жарылған саусақтарына, қу сүйек білегіне, табыт кеудесіне қарайды. Жалаңаш жатқан оң жақ иығы астынан ұзын жараның орнын көреді». Осымен бәрі бітеді. Бір тағдыр, бір адамның есіл өмірі қас-қағым сәтте тындым болады. Адамның қолынан жасалған азап Дәмеліні жан тәсілім етеді. Байыптап қарасақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілегі» де осындай сарынды шығарма. Онда да Ақбілектің тағдыры үшін күресі сөз болады. Оқырман үшін Дәмелі де, Ақбілек те бір адам сияқты болып елестейді. Бірақ екеуі екі халықтың қасіреті мен мұң-зарын бейнелеген шығармалар еді.

«Дәмеліні» 1926 жылғы «Мысль» баспасынан М.А.Троцкаяның аударуымен шыққан орыс тіліндегі нұсқасымен салыстырмалы анализ жасаған әде­биет­­танушы ғалым, PhD докторы Қарлы­ғаш Әубәкірова: «Сәрсенбі Дәуі­товтің әзір­леуімен кезінде «Парасат» журналын­да жарияланса да, тәуелсіздік алғаннан кейін бірде-бір баспа бетінде жарыққа шықпай(мазмұнын түсіну үшін кей фрагменттері жеткіліксіз болғандықтан), Ж.Аймауытұлының 6 томдық шығармалар жинағынан да қалыс қалып қойған бұл романның бәсі жоғары» , дейді. Қалай десек те, біз үшін Жүсіпбек Аймауытовтың бұл аудармасы әдеби құндылық үшін керек-ақ. Оның осы еңбекті әйел теңдігі, ұлт бостандығы тіпті болашақ қазақ жазушыларына шығарма жазуға еуропалық үлгі болсын деген ниеттен туғанын бағамдайтын уақыт жетті.