Алматы облысы
Бүгінгі таңда Алматы облысын 103 түрлі ұлт пен ұлыс мекендейді. Соның ішінде саны көп өзге ұлыстар мыналар: орыстар 303 мың 617, ұйғырлар 150 мың 820, түріктер 36 мың 677.
2014 жылдың 1 қаңтарында облыс бойынша 71 этномәдени бірлестік тіркелсе, соның 23-і облыстық, ал 38 филиалы аудандық, 10 филиалы қалалық болып жұмыс жүргізуде. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында этномәдени бірлестіктер ардагерлерінен құралған «Ұлағат» қариялар кеңесі және этномәдени бірлестіктер жастарынан тұратын «Бірлік» жастар ассоциациясы бар.
Ақмола облысы
Ақмола облысы – ең көпэтносты және көпконфессиялы өңірлердің бірі. Мұнда 120-дан астам этностар мен этностық топтардың өкілдері тұрады. Оның ішінде қазақтарды қоспағандағы айтарлықтай басым көпшілігі орыстар – 35,2, украиндар – 5, немістер – 3,6, татарлар 1,8 пайызды құрайды. Әрқилы ұлт өкілдері облыстың барлық аудандарын мекендейді.
Облыста 44 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың қызметін Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы жанындағы 10 жұмыс тобы үйлестіреді. Сондай-ақ, ғылыми-талдамалық және мемлекеттік тілді насихаттау орталықтары, аналар кеңесі, журналистер клубы, балалар мен жастар ұйымдарының ассоциациясы белсенділік танытуда. «Истоки» славьян мәдени-ағарту бірлестігі, татар этномәдени бірлестігі, «Вайнах» чешен-ингуш бірлестігі, поляк және неміс қоғамдық ұйымдары үлгілі қызметтерімен танымал.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе өңірінде 90-ға жуық ұлттардың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Мұнда қазір 807 800 адам тұрады, соның 79,5 пайызын қазақтар құрайды. 2012 жылдың басындағы ресми дерек бойынша облыс аумағында орыстар – 101 929, украиндар – 24 306, татарлар – 93 83, немістер – 5 532, молдавандар – 1 428, корейлер – 1 477, әзербайжандар – 1 058, башқұрттар – 769, болгарлар – 681, өзбектер – 894, армяндар 481 адам болған. Орыстар мен украиндардың дені облыс орталығында, Әйтеке би, Алға, Қарғалы, Қобда және Хромтау аудандарында тұрады. Татарлар Мәртөк, Хромтау және Мұғалжар аудандарында қоныстанған. Белорустардың басым бөлігі облыс орталығына табан тіреген. Мәртөк ауданында – 834, ал Қарғалы ауданында 834 неміс ұлтының өкілдері өмір сүруде.
Алға ауданындағы Болгарка ауылында бұдан бір ғасырдай уақыт бұрын негізінен бірыңғай болгарлар түтін түтетіп, тіршілік кешкен.
Қазір де облыс өңіріндегі болгарлардың тең жартысы жергілікті қазақтармен біте қайнасып, сонда тұрып жатыр, қаладағы болгарлар да сол ауылдан түлеп ұшқандар. Жалпы, өңірді мекендейтін осыншама ұлттар өзара араласып, ағайын-достығын нығайтты, тіпті бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып кеткендері де баршылық.
Елбасы бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық татулық пен бірліктің, халықтардың өзара достықтың бұрыннан қалыптасқан тұғырын бекіте түсті. Облыс орталығындағы Достық үйінде 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Кең де жарық еңселі облыстық Достық үйінен олардың әрқайсысына қажетті қондырғылармен жарақтандырылған кеңселік бөлмелер бөлінген. 300 орындық концерт, хореография және дайындық залдары, оқу сыныптары, лингофондық бөлме, конференц-зал, мұражай және кафе, дыбыс жазатын және бейне студия, басқа да орындар ұлттар достығына қызмет етеді. Осындағы барлық этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұжымдары, жастар клубтары жоспарлы жұмыс жүргізеді. Этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздары ұлттық киімдерін киіп сахнаға шығып, әндерін әуелетіп, билерін билегенде Ақтөбе аспаны алуан түрлі бояуға малынғандай әсерге бөлейді.
Атырау облысы
Атырау облысында 20-ға жуық ұлттың өкілі тұрады. Оның ішіндегі саны көп этностар деп мыналарды айтуға болады: орыстар – 33,6 мың, корейлер – 2,9 мың, татар-башқұрттар – 2,3 мың, өзбектер – 1,1 мың.
Сондай-ақ, өңірде 17 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Оның ішінде «Тхоньил», «Иверия», «Татулық», «Довира», «Видергебурт», «Новруз» этномәдени бірлестіктері белсенділігімен танылып келеді.
Батыс Қазақстан облысы
Орал өңірінде 80-нен астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді. Мұның ішінде ірі этностық топтардың қатарын орыстар мен украиндар және татарлар мен белорустар құрайды. Облыс ассамблеясы құрамында 33 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 15-і әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізілсе, қалғандары өңір аумағында шығармашылық ұжым ретінде құрылған. Сондай-ақ, мұндағы жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептер жанында 25 достық клубы бар.
Ақжайық аймағында мемлекеттік тілді игеруге ниет білдірген азаматтар үшін тегін оқу курстары жұмыс істейді. Бұған дейін өткізілген әлеуметтік сауалнамалар мұнда этносаралық және дінаралық қатынастар қалыпты екенін көрсетіп отыр. Ассамблея шеңберінде этномәдени бірлестіктердің топтастырушы рөлі жоғары. Толеранттық сананың дамуы тұрақты. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынастарын бағалау оң сипатта.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысын мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің саны басындағы дерек бойынша 1 070 098 адам болса, оның 770 704-і жергілікті ұлт өкілдері. Орыстар да көп. Олардың саны – 117 610. Дүңгендер – 49 750; түріктер – 31 657; өзбектер – 26 091; күрдтер – 14 286; әзербайжандар – 11 723; корейлер – 9 535; татарлар – 9 126; қырғыздар – 8 874; немістер – 4 415; украиндар – 4 230; ұйғырлар – 2 659; чешендер – 2 259; гректер – 1 034. Басқа этностардың жалпы саны – 4 955.
Облыс бойынша 2014 жылдың басында 18 этномәдени бірлестік тіркелген. Олардың арасында «Жамбыл облыстық грек қоғамы», «Самшобло» грузин этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі, «Жамбыл облыстық «Полонез» поляк мәдениет және тіл орталығы» бірлестігі бар.
Қостанай облысы
Қостанай облысында 99 ұлттың өкілі тұрады. Соның ішінде қазақтар барлық тұрғындардың 37 пайызын, орыстар 43, украиндар – 9,6 пайызын, немістер – 3,2, татарлар – 1,9, корейлер – 0,4 пайызын құрайды. Қостанай қаласында түрлі ұлт өкілдерінің 18 ұлттық-мәдени орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста немістердің «Возрождение», чешендердің «Вайнах», армяндардың «Эребуни», татарлардың «Дослуқ», тәжіктер мен өзбектердің «Шарық», белорустардың «Крыница», қырғыздардың «Асаба», «Республикалық корейлер қауымдастығының облыстық филиалы» атты ұлттық-мәдени орталықтары белсенді жұмыс істейді.
Қызылорда облысы
Қызылорда облысында 70-ке тарта ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Қолда бар деректер бойынша: орыстар – 15 839, корейлер – 8 120, татарлар – 1 742, түріктер – 1 511, өзбектер – 1 362, чешендер – 801, украиндар 393 адамды құрайды.
Сондай-ақ, аймақта гректердің «Понтийцы», чешендердің «Вайнах», еврейлердің «Lew ami», немістердің «Wiedergeburt», «Қазақстанның орыс қауымдастығы», «Корейлер ассоциациясының Қызылорда облыстық филиалы», түрік, өзбек, татар, қырғыз және тағы басқа этностардың қоғамдық мәдени бірлестіктері жұмыс істейді.
Өңірде ұлтаралық татулық пен толеранттылық сақталған. Әрбір ұлт пен ұлыстың өкіліне, олардың салт-дәстүріне, ділі мен дініне құрмет көрсетіледі.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облыстық Статистика департаменті мәліметінің бойынша 2013 жылдың 1 желтоқсанына дейін облыста жалпы тұрғындар саны 585 653 адам болған, оның ішінде Ақтау қаласының тұрғындары 181 547 адам. 2013 жылғы 1 қыркүйек пен 1 желтоқсан аралығында халық санының өсімі 0,9 пайызды құраған. Аймақтағы аудан, қалалар арасынан Мұнайлы ауданы халық санының өсімі жағынан алдыңғы орында. Ал Маңғыстау облысындағы саны көп өзге ұлт өкілдерін айтар болсақ, олар мыналар:
орыстар – 39 мың 528, әзербайжандар – 5 мың 326, украиндар – 2 мың 135, өзбектер – 1 мың 924, лезгиндер – 1 мың 912, татарлар – 1 мың 724, қарақалпақтар – 1 мың 501, армяндар – 1 мың 069.
Маңғыстау облысында 20 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды.
Жуырда Маңғыстауда украин халқының ұлы ақыны Тарас Шевченконың 200 жылдығына арналған іс-шаралар кең көлемде аталып өтілді.
Солтүстік Қазақстан облысы
Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы халқының 3,3 пайызы тұрады. Олардың ішінде: қазақтар – 197 495, орыстар – 292 450, украиндар – 27 549, немістер – 20 658, поляктар – 13 331, татарлар – 12 700, белорустер – 6 339, әзербайжандар – 1 576, армяндар – 1 317, чуваштар – 808, чешендер – 636, ингуштар – 769, башқұрттар – 741, латыштар, литвандар – 674, басқа этностар – 6 455.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлестіретін беделді қоғамдық институт саналса, оның облыстық бөлімшесі жанында «Қазақ тілі», «Лад», «Дуслык», «Видергебурт», «Вайнах», «Кентрон», «Радзіма», «Urpak», «Бохтар», «Манас-Петропавл», «Світанок», «»Түрік мәдениеті», «Коперник» секілді 22 этномәдени бірлестік жұмыс істеп, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті дамытуға, туған тілін зерделеуге, өзара достық пен бірлікті қамтамасыз етуге ұйытқы болып келеді. Ұлттық өркендеу мектебінде 8 этностың 200-ден астам балалары ана тілінде оқып, білім алады.
Шығыс Қазақстан облысы
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 105 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Өңірде қазақ ұлтынан кейін орыс және татар ұлтының өкілдері көптеп шоғырланған. Облыстағы орыс диаспорасы – 568 мың, татар – 17 700, неміс 14 мың адамды құрайды. Ал басқа ұлт өкілдерінің саны – 4 жарым мың.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Достық үйі елімізде ең алғаш рет Шығыс Қазақстан облысының орталығында ашылды. Бүгінде аймақтағы қалалар мен аудандарда 9 Достық үйі түрлі ұлт пен ұлыстар өкілдерінің береке-бірлігіне ұйытқы болып отыр.
Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы – облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ассамблея жанынан ғылыми-сараптамалық топ құрылған.
2009 жылдан бастап «Ассамблея жаршысы» газеті қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп келеді. 2013 жылы Семейде «Жидепулат татарлары» газеті татар тілінде шыға бастады.
Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің бірегей жобасына айналған Өскемендегі этноауыл 2010 жылы пайдалануға берілді. Онда көрнекі ұлттық жәдігерлермен қамтамасыз етілген 13 ұлт өкілдерінің үй-жайы, жазғы амфитеатр, сахна және 120 адамға арналған қазақтың ақшаңқан киіз үйі орналасқан.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтіп келеді. Мысалы, Қазақстан мен шекаралас аймақтардың этнодемографиялық даму үрдістері жөніндегі конференция он үш рет, «Орыс тілі – Тәуелсіз Қазақстанда» ғылыми-сараптамалық конференциясы төрт мәрте өтті. Сондай-ақ, биыл «G-Global» жобасы бойынша түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен елімізде тұңғыш рет ғылыми конференция ұйымдастырылды.
Аймақта белорус, украин, әзербайжан, грузин, ұйғыр, еврей, татар, поляк ұлттық-мәдени орталықтары және корейлер ассоциациясы, немістің «Видергебурт», армянның «Арарат», чешен-ингуштың «Вайнах», орыс-казактардың «Жоғарғы-Ертіс», «ЛАД» республикалық славян қозғалысы» қоғамдық бірлестіктері мен «Ынтымақ-Содружество» жастар ұйымы қызмет етеді. Әр этноорталықта ән, би, қолөнер және тағы басқа салалар бойынша шығармашылық ұжымдар құрылған.
Мәдениет пен тілдерді түлету мектебінде 14 ұлттың тілі оқытылады.
Өңірде «Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы-2020» бағдарламасы қабылданған.
_______________________________
Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы «Достық үйі» ынтымақ, бірлік ұясы іспетті. Мұнда осы өңірдегі 18 этномәдени бірлестік түрлі іс-шаралар өткізіп, көптеген үлгілі істерге ұйытқы болуда. Мына суреттен Наурыз мерекесіндегі бірлігі мен тірлігі жарасқан түрлі ұлт өкілдерін көресіздер.
______________________
Петропавл. Жыл сайын мұнда бұқаралық халық мерекелері Наурыз, Масленица, Рождество, Сабантойды бірлесіп атап өту дәстүрге айналған. Бұдан басқа, осы өңірді қоныстанған барлық халықтың салттары мен дәстүрлеріне де қатысты іс-шаралар кең көлемде атап өтіледі.
Мәдениет үйлері, мектептер, кітапханалар, мұражайлар негізінде 103 аудандық, ауылдық ұлттық бірлестіктер құрылған. «Бірлік» жастар қоғамы 11 ұйымның басын қосып отыр.
Қаладағы Тәуелсіздік алаңындағы Абай мен Пушкиннің қатар тұрған ескерткіші, тарихи-өлкетану мұражайының қабырғасындағы Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барьлефі қазақ және орыс халықтары достығының символына айналған. Әр ұлт өкілдері Александр Винокуров, Владислав Поляков, Дмитрий Бабенко, Ақан Баймағанбетов, Маргарита Мұқашева, Дариға Шәкімова, Роман Креч, Виктор Сайко секілді саңлақ спортшылар Солтүстік Қазақстан облысының мақтаныштары саналады.
Солтүстік Қазақстан облысы.