Таным • 13 Наурыз, 2022

Құтты қоғам қандай болуы керек?

764 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бұл сұраққа әркім әрқилы жауап беруі мүмкін. Әйтсе де, оның барлығының ортақ жауабы еліміздің өркендеуіне, көркеюіне, өркениетті әлемде өзіндік орнын алуына барып тірелетіні сөзсіз. Жаңа реформа бағзыдағы Асан қайғы бабамыздың мына дүниенің жұмағы іспеттес Жерұйығын іздеуі, болмаса екі жыл бұрын ғана 1150 жылдығын тойлаған Әл-Фараби бабамыздың қайырымды қала туралы трактатының жазылуы немесе әз Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғының» қабылдануы, осыдан бір ғасыр бұрынғы Алаш қайраткерлерінің Алашорда үкіметін жасақтаудағы бағдарламасы сияқты Ұлы даланы мекендеген жұрттың «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүруіне жасалған ұмтылысының жалғасы деп бағалауға болар.

Құтты қоғам қандай болуы керек?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Асан қайғының Жерұйықты іздеп талай жерді шарлағалы бері замана көші талай-талай кезеңді бастан өткізді, төрткүл дүние де сан мәрте өзгерісті бастан кешті. Қазақ елі де тағдырдың сандаған сынағына төтеп берді, жеке-дара хандық та құрды, отарлықтың бұғауында да болды. Жеке-дара республика болды демесеңіз, Кеңес өкіметі тұсында азшылыққа ұшырап, ұлттық болмысынан ажыраудың аз-ақ алдында қалды. Жарылқаушысы бар екен, әйтеуір тәңір қолдап өткен ғасырдың соңында көппен бірге тәуелсіздікке қол жеткізді.

Әйтсе де, ә дегеннен тоғы­зын­шы территориядағы құдай берген мол қазынаның қызығын көріп, дәулетті өмір сүреміз деу есекдәме болып шықты. Жаңа мемлекеттің аяғынан нық тұрып кетуіне кедергі атаулы жеткілікті екен, сыртқы ықпалды күштерді айтпаған күннің өзінде, төл билігіңнің қоғам құрудағы ұстанымына көп мәселе байланысты екенін енді ғана түсініп, пайымдап отырған жайымыз бар. Тәуелсіздіктің өткен отыз жылындағы жіберген орны толмас олқылықтар мен кейбір кемшіліктерден сабақ ала отырып, Жаңа Қазақстан құру жолындағы басты мақсат, Алаш баласының әріден келе жатқан арманы – құтты қоғамда өмір сүруі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ре­формаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет» деп айтатыны да сондықтан. Парасатты тұлға – мықты халықтың тірегі, ал мықты халық – қуатты мемлекеттің темірқазығы. Темірқазығы мықты мемлекеттің халықаралық қоғамдастықтағы абыройы асқақ, беделі биік болмақшы.

Алаш жұрты ғана емес, тәуелсіз ел болуды, еркіндікті сандаған халық армандағаны белгілі. Сол жолда, туған халқының азаттығы үшін күрескен талай-талай тұлғалар болғаны тарихтан мәлім. Және олар да біздің тарихи тұлғалар тәрізді, Алаш қайраткерлері сынды елінің егемендігі үшін көрмегенді көрген, талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізген. Сол себепті олардың тәуелсіздік төңірегіндегі, дәулетті қоғам жөніндегі айтары да бөлек. Осы тұста біз үнді халқының күрескер перзенті Махатма Гандидің «Жеті әлеуметтік күнә» туралы тұжырымдары хақында ой өрбітпекшіміз.

Жеті деген қазақ үшін қасиетті сан екені белгілі. Бұл бүгінде үнді халқына да, үндінің рухани көсемі Махатма Гандидің іліміне ден қойған басқа жұртқа да жат емес көрінеді. Принципсіз саясат; Еңбексіз байлық; Ар-ұятты жоғалтып рахатқа бату; Имандылықсыз сауда; Ізгіліксіз ғылым; Құдайға құрбандықсыз құлшылық ету – Ганди тәпсірлеген, қоғамға орасан зардап әкелетін «күнәлардың көкесі». Яғни осы «жетілік» қоғамды жайлаған күнде, аталған қоғамда әртүрлі дағдарыстар мен қайшылықтар орын алатын көрінеді. Үнді қайраткерінің пікірінше, әрбір әлеуметтік күнә дүниетанымның бөлшегі саналады, ол өз кезегінде этикалық кодекс­ке қарама-қайшы болғандықтан, қоғамның бірлігін ыдыратып, әлеуетін әлсіретіп жібереді.

Принципсіз саясат атаулыға тоқталатын болсақ, оның залалы мен зардабы соңғы жылдары қазақ қоғамында да көрініс бергені анық. «Әуелі – экономика, содан кейін – саясат» дегеніміз нағыз принципсіз саясат болып шықты. Құрғақ уәдемен, асқақ ұранмен халықты алдаусыратып келген билік халықтың сенімінен айырылып, ең ақырында бұқараның әлеуметтік талабы қанды қақтығысқа ұласты. Принципсіз саясаттың қасіреті де, күнәнің ауырлығы да осында.

«Халқы қаласа, хан түйесін сояды». Бағзыдан келе жатқан, әлі күнге архаизм­ге айнала қоймаған мақал. Заман өзгерсе де, Алаш баласының ұғымы әлі осы төңіректе тоқайласады. Басқаша баяндар болсақ, билік халықтан үлкен емес. Ретті жерінде, яғни «халқы қалаған» тұста, оның қалауын орындайды деген тұжырым бұл. Кешегі кеңестік кезеңдегі әміршілдік жүйе қазақты осы ұғымнан ажыратып, «биліктің айтқаны – айтқан, дегені – деген» құлақкесті бұйрыққа байлап берген-ді. Жөнсіз бұйрықтың, халқымен санаспаған, елдің пікірін ескермеген жүйенің құрдымға кететініне төрткүл дүние куә болды емес пе. Кеңес Одағының күйреуі осының айқын дәлелі. Ендеше, билік пен қоғам арасындағы диалог қана құтты қоғам орнатуға негіз болары хақ. Әрине, ол үшін елімізде көппартиялылық, саяси бәсекелестік, ой-пікір еркіндігі нақты жүзеге асуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент мәртебесіндегі 2019 жылғы алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялылықты, сая­си бәсекелестікті және ой пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын» деп айтатыны да сол.

Ой-пікір сан алуандығы демекші, азаматтар мемлекет басқару ісіне белсене араласуы, яғни көппартиялылық пен саяси бәсекелестік барысында бағдарламасы ойынан шыққан саяси партияларға да­уыс беру арқылы қоғамның жақсы бағытта өзгеруіне ықпал етеді. Әділетті қоғам құру осындай қадамдардан бастау алатыны мәлім. Әрине, қазір көпшілікте ә дегеннен жақсылық бола қоймады деген төзімсіздік бар, өткен отызжылдықтағы жіберілген кемшіліктің орнын әп-сәтте толтырғысы келеді. Бұл біртіндеп жүзеге асатын процесс. Ең бас­тысы, ескі сүрлеуге қайта түсіп, тағы да уақыт жоғалтып алмау қажет. Бірізділікпен табанды түрде жүзеге асырылған орнықты саясат қана өркениетті мемлекет құруға, құтты қоғам орнатуға ұстын болатыны анық.

Еңбексіз байлық. М.Гандидің осы айтқанын, аталған «күнәнің» зардабын қазақстандықтар дәл қазіргі сәтте жақсы түсінеді. Қазіргі кезде қазақ қоғамында ең көп талқыланып жатқан «күнәнің» үлкені де осы болып тұр. Әл-Фараби айтқан «қайырымды қала басшылары дирхамға қызықпауы тиіс» деген талаптың аяқ асты болғалы қай заман. Қайта соңғы кездері «Ең бай тұлғалардың» тізіміне кіруге ұмтылатындар шоғыры көбейді. Адал еңбегімен байып жатса, бір басқа. Халықтың қазынасын тонау арқылы байығандарды қайтесіз?

Еліміздің ен байлығының жартысына 162 адам иелік ететін көрінеді. Ғалымдардың зерттеуінше, ел байлығының 55 пайызын 162 адам иеленіп отыр. Олардың ішінде 112 адамның табысы 50 миллион доллар мен 80 миллион доллар аралығын қамтыса, 45 адамның табысы 80 миллион доллар мен 800 миллион доллар шамасында. Ал 5 адамның табысы 2 миллиард доллар мен 3 миллиард доллар аралығын қамтиды. Қысқа мерзім ішінде баюдың төте жолы – халық қазынасын ұрлау, жеке мүддесіне пайдалану. Соңғы кездері қоғамда жиі айтылатын олигополия ұғымы ел экономикасын шағын топтың бақылауында ұстауы екеніне көпшілік те әбден көз жеткізді. М.Ганди ескерткен «күнәнің» бірі – еңбексіз байлық қоғамда қордаланған проблема. Олигополия өкілдері осы «күнәдан» қалай арылады, оны билік заңдық тұрғыдан қалай шешеді, ол құтты қоғам құрудың басты сынағы болмақ. Осы сынақты сәтті тапсыру халықтың бүгінгі билікке деген сенімін күшейте түседі. Ал алдағы уақытта адал еңбексіз баюға жол бермеу, яғни осы «күнәдан» арылту Жаңа Қазақ­станның бұлжымас талабы болуға тиіс.

Ар-ұятты жоғалтып рақатқа бату. Бұл «күнә» да алдыңғысымен сабақтас. Жаһанды жалпағынан басып жүруге ұмтылушылар рақат өмірін көрсету арқылы жалпы жұрттың наразылығын тудырады. Бұл биліктегі тұлғалардан бастап, тойлардан несібесін турап жүрген әншілерге дейінгі аралықты қамтиды. Әсіресе қазіргідей интернеттің, әлеуметтік желінің арқасында әп-сәтте «рақат өмір» көрінісі дүниені шарлап кете барады. Ұлан-асыр тойлардан түсірілген видеолар, қонақүйлерге бергісіз коттедж-сарайларды көрсетіп мақтану, ұл-қыздарына арналып өткізілген аста-төк шаралар – осының барлығы ар-ұяттан безгендіктің белгісі. Қоғамның күнәға батқандығының нышаны. Сұлтанмахмұттың «Бір адамға» атты өлеңіндегі «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма» дегені тәрізді, асып-тасқан байлықтың қайдан келгені де күмән тудырады. Адал еңбекпен, маңдай термен келген күннің өзінде «рақат өмірін» қалың жұртқа жарнамалау қаншалықты қисынды болмақ? Қоғамда ішерге ас, киерге киім таба алмай отырған қаншама отбасы бар, әлгідей көрініс олардың әлеуметтік наразылығын тудырмайды дейсің бе? Кешегі қаңтар оқиғасында бейбіт шеруге шыққандар да басқалар сияқты «рақат өмірді» армандайтындар...

Құтты қоғамда ұлттық құндылықтарға басымдық берілуге тиіс. Олай болса, қазақтың «ұят болады» ұстанымын орнықтырған абзал. Рас, қазіргі кезде ұлттық құндылықты ұлықтайтындарды «ұятмендер» деп әжуалап, «еркін өмір сүруді» насихаттайтындар шоғыры қалыптасты. Олар Батыстың құндылықтарына басымдық беріп, ұлттық құндылықтарды біртіндеп жоюға жанталасып әлек. Ұлттық идеологияның негізі ұлттың болмысы дейтұғын болсақ, бабалардан жеткен асыл құндылықтарды жаңғырта отырып, заман талабына икемдеп, қолданысқа енгізгеніміз жөн. Ұлттан ұят кеткен күнде қоғамнан да береке кетеді, М.Ганди айтқан дағдарыстың көкесі сонда болады.

Имандылықсыз сауда. «Саудаға достық жүрмейді». Қазақтың осы мақалы Гандидің айтқанымен қабыспайтыны анық. Мың жерден сауданың мәні пайда табу десек те, Абай айтпақшы, «Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық». Яғни қазақ қоғамында сауда да имандылыққа негізделуі, алдап-арбаудан аулақ болғаны жөн. Сауда да әділеттілік орнаса, сатушы да, сатып алушы да риза болады. Ырзалық үйлесімді қоғамның бір нышаны.

Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында: «Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек.

Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал.

Бұл – имандылық пен адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, ұқыптылық пен тиянақтылық», деп айтқанында құтты қоғам құрудың алғышарттары жатыр. «Ең ізгі қасиеттерді» бойына дарытқан ұрпақ саудада болсын, мейлі қай салада болсын адамгершілік қасиеттен ауытқымайды, ұлтжандылығының арқасында елінің өркендеуіне елеулі үлес қосады. «Имандылықсыз сауда» күнәсін бойына дарытпаған буын мемлекеттің экономикасын, өнеркәсібі мен саудасын дамытудағы үлесі де қомақты болмақшы.

Ізгіліксіз ғылым. Махатма Ганди санамалаған жеті «күнәнің» бірі осы. Әрине, ел дамуының негізгі локомотиві ретінде ғылымның атқаратын рөлі ерекше. Ғылымы дамыған елдің өркениет көшіндегі орны алдыңғы қатарда болады. Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдердің өнегесі осының дәлелі.

«Ғылымды дамыту – біздің маңыз­ды басымдығымыз. Бұл саладағы түйт­кілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалым­дарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн», деді Қазақстан халқына былтырғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, соңғы кездері отандық ғылымға қыруар қаржы бөлініп келеді. Жетекші ғалымдардың еңбегіне лайықты жалақы төлеу де қолға алына бастады. Алайда ғылымға бөлінген қаржының түпкі мақсатқа жұмсалуы күмән тудырады. Көп жағдайда ғылым өндіріспен ұштаспай жатады. Ашылған ғылыми жаңалықтар туралы жиі жазылады, тіпті мектептегі оқушылардың, жоғары оқу орнындағы студенттердің, жас ғалымдардың тың жаңалықтары, жаңашыл көзқарастары төңірегінде ел жұрттан сүйінші сұралады. Одан соң әлгі жаңашыл жастардың ізденісінде үнсіздік орнайды да, ғылыми жаңалық сол күйінде, ақпараттық жаңалық күйінде қалады. Ғылымға, жаңалыққа, ізденіске құштар жандарды қолдап, ашылған жаңалықтың өндіріске енгізіліп, мемлекетке қыруар пайда әкеліп отырғандығын Ғылым және білім министрлігі қадағалап отыр ма, жоқ па, ол белгісіз күйінде қала береді.

Ғылымға бөлінген қаржы ізгілік жолымен, өз мақсатына жұмсалатын болса, оның елге тигізетін пайдасы да зор болар еді. Осы тұста мынадай бір ой келеді. Ғылым саласын елдің жан-жақты өркендеуіне тірек боларлық сала дейтұғын болсақ, оны қазіргі кезде жеке министрлік ретінде құрудың қажеттілігі туындап отыр. Ғылым және технологиялар министрлігі елімізде бұрын да болған. Оны қайта жаңғырту қажет. Өйткені аталған салаға бөлінген қаржының мақсатты түрде жұмсалуын, ашылған жаңалықтардың ел экономикасына қызмет етуін үйлестіру іргелі ведомствоның басты міндеті болса керек-ті. Біздіңше, ізгілікке негіздеген ғылым дегеніміз осы.

Құдайға құрбандықсыз құлшылық ету. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң Алланың сүйген құлы боласың» дейді ұлы Абай. Құдайға құрбандық арқылы, яғни жұртқа адал қызмет етсең құлшылығың қабыл болады деген сөз бұл.

«Адал еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет. Өкінішке қарай, кейде жұрт, әсіресе жастар маңдай терін төгіп, жұмыс істегісі келмейді. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді жөн көреді. Өйткені олар бізде адал еңбек лайықты бағаланбайды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтардың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса, тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін көрген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына жақындарына да, мемлекетке де масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Тіпті жергілікті билікке қоқан-лоқы көрсетуден де та­йынбайды. Ұлтты жегідей жейтін осы кеселдер елімізді кері тартуда. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсысымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек. Тиісті қорытынды жасап, дұрыс әрекет етуіміз қажет. Сонда ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз». Қазақстан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында осылайша ақтарыла сөйлеген еді. Қоғамның қазіргі көрінісі. Біз жоғарыда сөз еткен «күнәлардың» дені адалдықты, әділеттілікті аяқ асты етуден туындап отырғаны белгілі. Осы тұста тағы да ұлы Абайдың айтқанымен ойымызды түйіндегіміз келеді. «Енді адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қалмайды», дейді ақын. Бұл да құтты қоғам құруда ерекше ескеретін қағидат.

Бәрін айт та, бірін айт демекші, біздің бүгінгі мақаламыздың барометріне айналған Махатма Ганди айтқан «жеті әлеуметтік күнәдан» қазақ қоғамы арылатын болса, елдің де дәулеті тасып, азаматтары да еркін елде өмір сүретіні анық. Құтты қоғам құру үшін жаман қасиеттерден, оның ішінде жоғарыда сөз болған «жеті күнәдан» арылуымыз керек-ақ. Ендеше, құтты қоғам құрудағы, Жаңа Қазақстан құрудағы қолға алған ісіміз баянды болсын.