Әлем • 14 Наурыз, 2022

Үш бірдей сайлау науқаны өтті

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада үш елдің жаңа президенті анықталды. Түрікменстандағы сайлау нәтижелері енді белгілі болады. Мажарстан тарихында алғаш рет әйел үміткер президент атанса, Оңтүстік Кореяның жиырмасыншы президенті болып оппозиция өкілі сайланды.

Үш бірдей сайлау науқаны өтті

Жексенбіде Түрікменстанда кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Елдің орталық сайлау комиссиясының деректеріне сай, дауыс беруге құқылы 3,43 миллион адамның 97,12 пайызы сайлауға қатысқан. Жалпы, елде 2 577 сайлау учаскесі, рес­публикадан тыс жерлерде 41 учаске ашылған. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін санитар­лық-профилактикалық шаралар қа­былданып, 300-ден астам учас­кеде инновациялық зарарсыздандыру құралдары орнатылған.

Сайлау барысын 2 726 ұлттық бақылаушы, сонымен қатар ТМД елдерінен бақылаушылар миссиясы қадағалап отырады. Президенттікке үміткер ретінде 9 адам тіркелді. Үш кандидатты сая­си партиялар, алты кандидатты ынталы азаматтар топтары ұсын­ған. Олардың қатарында ел­дің қазіргі президентінің ұлы, Түрікменстанның жетекші Демо­кратиялық партиясының кан­­ди­даты, министрлер каби­неті төр­аға­сының орынбасары қызме­тін ат­қа­ратын Сердар Берді­м­ұхамедов бар.

Ел Конституциясына сәйкес президент жеті жылға сайланады. Жеңіске жету үшін кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинауы керек. Түрікменстан президентін сайлау жөніндегі науқан биыл 14 ақпанда басталған еді.

ОСК сайлау қорытындысын жеті күннен кешіктірмей шыға­ру­ға тиіс. Түрікменстанның жа­ңа­дан сайланған президентін ұлық­тау рәсімі 19 наурызда өтеді.

Мажарстан президенті болып алғаш рет ел тарихында әйел адам сайланды. Парламент депутаттарының үштен бір бөлігі 44 жастағы Каталин Новактың кандидатурасын қолдады. Оны елдегі ФИДЕС басқарушы партиясы ұсынды.

Ол әр жылдары партия басшылығында түрлі қызмет­тер атқарды, ал өткен жылдың соңына дейін отбасы ісі жөнін­дегі министр болды.

К.Новак екі мерзімде президент болған Янош Адердің орнына келді. Оның өкілеттігі 10 мамырда аяқталады.

Парламентте дауыс беру алдында сөйлеген К.Новак «бүкіл мажар ұлтына қызмет етуге» және өз елінің егемендігі мен ұлт­тық ерекшелігін сақтау үшін бәрін жасауға дайын екенін раста­ды. Ол «Еуропа – біздің ортақ үйі­міз» дей келе, Мажарстанның не­гізгі еуропалық бірлестіктерге мүше­лігінің маңызды екенін атап өтті.

Ол Мажарстан алдында тұр­ған мәселелерді, оның ішін­де пандемияны еңсеру мін­деті­не қазір көрші Украина аумағын­дағы қақтығыстан қаш­қан бос­қындар мәселесі қосылғанын баса айтты. К.Новак Ресейдің Украинадағы әрекет­терін айыптап, Мажарстан Ук­раи­­­на­дағы жағдайды диплома­тия­лық жолмен шешуге шақы­ратынын атап өтті. «Мажар­лар бейбітшілікті қалайды», деді ол.

Одан бөлек өткен аптада Оң­­түстік Корея елдің жиыр­ма­­сын­шы президентін сайлады. Бұл лауазымға 10-нан астам адам үміт­ті болған. Елдің жаңа прези­денті болып Юн Сок Ёль сайланды.

Президенттікке негізгі үміт­кер­лер билеуші Біріккен демо­кратиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мен және оның басты қарсыласы оппозициялық «Азаматтық күш» консервативті партиясының өкілі Юн Сок Ёль еді. Елдегі ең танымал үшінші үміткер – центристік Халық партиясының мүшесі Ан Чхоль Су сайлау алдында Юн Сок Ёль кандидатурасын қолдайтыны туралы мәлімдеді.

Юн Сок Ёль қазіргі президент Мун Дже Иннің саясатына қарсы көзқарастарымен танымал. Юн Сок Ёль бас прокурор болып тұрғанда жоғарғы билікте сыбайлас жемқорлық барын айтып, тіпті Мун Дже Инге қарсы тергеу жүргізетінін ескерткен. Ал сайлаушылар Юн Сок Ёльден жылжымайтын мүлік бағасын төмендетуді сұрап отыр. Мун Дже Ин де осы мәселені шеше алмағаны үшін сайлаушылардың сынына ұшыраған. Сондықтан Юн Сок Ёль сайлау науқаны барысында алдағы 5 жылда 2,5 миллион тұрғын үй тұрғызуға және жыл­жымайтын мүлік салығын төмен­детуге уәде берді. Ал сырт­қы саясатта Юн одақтасы АҚШ-тың қолдауына сүйенетін болады.