Жасыратыны жоқ, Кентаудағы трансформатор зауытын жергілікті басшылық қала құраушы, қаланың дамуына, тірлігінің алға басуына үлкен серпін, қуат беріп отырған кәсіпорын деп есептейді. Онысы рас. Өткен аптада қарт Қаратаудың қойнауында жатқан осынау шағын қалада болып, кентаулықтардың негізгі күнкөріс көзі есепті зауыттағы трансформаторлық жабдықтар мен электр-техникалық тауарлар шығаратын цехты жаңғырту және кеңейту бойынша жобасының жұмысымен танысып қайттық. Жобаның құны 1 миллиард 200 млн. теңгені құрайды. Осының арқасында кәсіпорынның 14 280 бірлік трансформаторларға арналған жабдықтар шығаруға мүмкіндігі бар.
Бұл жоба 110 жаңа жұмыс орнын ашып, Кентау қаласында және іргелес аумақтарда білім алып жатқан студенттерге өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін беруде. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасынан тасымалданатын трансформаторларға арналған жабдықтар көлемін едәуір азайтуға септігін тигізуде. Бүгінде трансформатордың 70 пайыз бөлшегін зауыттың өзі шығарады. Алға қойған мақсаттың бірі – трансформаторға керекті құрал-жабдықтардың бәрін шетелден тасымай, өздерінде жасау.
Инженер-конструктор Асқар Ажайыптың бұл зауытта жұмыс істегеніне 6 ай енді толыпты. Қарағанды техникалық университетінің жолдамасымен келген ол алдымен 3 ай өндірістік тәжірибеден өткен. «Келген жас мамандарға барлық жағдай жасалып жатыр. Пәтер мәселесін шешіп берді. Жалақымыз да жоғары. Өз басым осы жерде жұмыс істеп жүргеніме өте қуаныштымын», дейді ол ағынан жарылып. Сондай-ақ, жетекші инженер Айжан Жаңабайқызы да жолдамамен келіпті. «Бүгінде бұл кәсіпорында жас мамандар көп. Жұбайым да осында жұмыс істейді. Бұл жас мамандардың алға қойған жоспар, армандарына қол жеткізуге жағдай жасаған зауыт. Италия, Германиядан келіп жатқан соңғы технологияларды үйреніп жатырмыз», дейді Айгүл. Шынында бұл кәсіпорын кадр мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды екен. Бүгінде жас мамандарға 70 үй сатып алыныпты. Егер зауытта еңбек ететін екі жас отбасын құрап жатса, оларға 500 мың теңге, сәбилі болған әйелдерге 150 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
Кентау трансформатор зауытының директоры Серғазы Күнтуовтың айтуына қарағанда, келесі жылы зауыт жанынан индустриялық аймақ ашылып, 3 жобаны қолға алмақ. Қазір жылына 15 мың трансформатор шығарып жатыр. Бұл көрсеткішті алдағы уақытта көбейту үшін нақты жоспарлар құрылған. Өнімнің 30 пайызын экспортқа жібереді. «Экспорттың көбісін Ресей, одан кейін Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдер алып жатыр. Бұл мәселеде Кеден одағының бізге жақсы мүмкіндіктер беріп жатқанын айта кету керек. Біз Ресеймен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Аймақаралық ынтымақтастықты дамытудың арқасында бұрынғы декларация толтыру сияқты құжаттардың барлығы алып тасталынды», дейді бұл жөнінде Серғазы Күнтуов.
Алайда, тірлігі тастай трансформатор зауытының да өзіндік шешілмеген мәселесі, проблемасы бар екенін айтпай кетсек, «Ауруын жасырған өледінің» кері болар еді. Зауыт өнімінің тең жартысы көлікпен, тағы жартысы теміржол арқылы тасымалданады. Бүгінгі таңда Түркістан қаласына қарасты Борисовка стансасы мен Кентау стансасы теміржол тарамы жеке тұлға – «Оңтүстіктүстіметалл ӨК» АҚ жекеменшігінде. Теміржол тарамы апатты жағдайда және нормативтік талаптарға сай келмейді. Бұған қоса, бұл желіде тасымалдау тарифтері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тасымалдау тарифтерінен едәуір жоғары.
Қала әкімдігі тарапынан облыстық әкімдік пен Көлік және коммуникациялар министрлігіне теміржол тарауын жеке меншіктен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа өткізу мәселесін шешуге ықпал жасау туралы өтініш жолданған. Алайда, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі теміржол тарауын сатып алуды орынсыз деп есептепті. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі күнге дейін шешімін таппауда. Міне, Қаратау тәжі – Кентау қаласымен бірге жасасып, бірге дамып келе жатқан бұл кәсіпорынды осындай кедергі алқымнан алып отыр. Ал, оған құлақ асатын, мәселені оң шеше алатын басшы бар ма?
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Кентау қаласы.