15 Мамыр, 2010

“БАТЫС ЕУРОПА – БАТЫС ҚЫТАЙ” АВТОЖОЛЫ: МЕРЗІМ – 2013 ЖЫЛ!

612 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автожолының бойында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының атқарылу барысымен танысты. “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай”  халықаралық транзиттік дәлі­зі­нің жаңа автожол құрылысы елі­міздегі және әлемдік ауқымдағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Елбасы Н.Назар­баевтың “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өр­леу – Қазақстанның жаңа мүмкін­дік­тері” деп аталатын биылғы Жол­дауында “Біз салуға кірі­сетін “Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай” ав­тожолы – тауарлар тасымалы үшін маңызды магистраль” деп атап көрсетуі де сондықтан болса керек. Жолдың құны 825 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Авто­ке­руен жолының жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асса, Қазақстан бойынша 2800 шақырымды алып жатыр. Ал Жамбыл облысы бой­ын­ша 495,3 шақырымды құрайды. Сөйтіп ол осы өңірдің Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Тұрар Рысқұлов атындағы, Меркі, Шу және Қордай сияқты ірі аудандарын басып өтеді. – Бұл жолдың стратегиялық ма­ңызы еліміз үшін өте зор. Сон­дықтан Елбасы оны үнемі назарда ұстап отыр. Естеріңізде болса, кеңес өкіметі кезінде БАМ, яғни Байкал-Амур магистралінің құры­лысы жүргізілгені белгілі. Оның жалпы ұзындығы 3300 шақырым болатын. Кеңес өкіметі соны 150 мың жұмысшы күшімен 17 жыл жүргізді. Ал біз 3 жылда, яғни 2013 жылы бітірмекпіз. Біздің жұмыс күшіміздің саны 50 мың адамға дейін жететін болады. Жұмысқа 10 мың техника жегіледі. Жолдың сапасы, әлбетте, халықаралық  қа­лыпқа сай, сапалы болады, – деді Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев жур­налистерге берген сұхбатында. “Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай” автожолының Жамбыл облы­сы бөлігінде атқарылып жатқан жұ­мыстарды көріп, істің барысымен жете танысқан Ө.Шөкеев қарқын­ды жұмысқа риза болса, жайбасар­лыққа жол берген компанияларға кеңшілік болмайтынын да ескертті. Мысалы, “Ақмолақұрылыс мате­риал­дары” ЖШС-ның жұмысы кестеден едәуір кешеуілдеп келеді екен. Егер мамыр айының аяғына дейін кесте бойынша атқарылатын жұмысты қуып жетпесе, сенім басқа компанияға көрсетілетіндігі айтылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, сондай-ақ, техниканы көбейтуді, еңбек тәрті­бін сақтауды да ескертті. “Жамбылжолқұрылыс” Қазақ­стан-Корея бірлескен компания­сы­ның жұмысында едәуір ширақтық бар сияқты көрінді. Компания жетекшісінің көмекшісі Джонг Наг Уон мырза, тіпті, Премьер-Ми­нистр­дің бірінші орынбасарымен қазақша амандасты. Орысшасы да әжептәуір екен. Джон Наг Уонның айтуына сенсек, бірлескен ком­пания кесте бойынша жұмыс істеп келеді. Көлденеңнен кездесіп, жұ­мысқа кедергі жасап отырған үлкен мәселе жоқ. Карьер мәселесінің құжаттары бойынша азын-аулақ мәселе бар екен, оны жұмыс барысында шешу көзделіпті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев облыстық әкімдікке, прокуратураға және компания басшыларына мұндай мәселені жұмыс қарқынын тоқ­татпай тез арада шешуді тапсырды. Бүгінде жол 38 бөлімшеге бөлі­ніп, оның 20-да жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.