15 Мамыр, 2010

БАҚЫЛАУ – БАҒАЛАУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен семинар-кеңес болып өтті. Оған Президент Әкімшілігінің және Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, мемлекеттік органдар басшылары, бірқатар министрліктердің жауапты хатшылары, облыс, Астана мен Алматы қалалары,  әкімдіктерінің бақылауындағы тапсырмаларға жауапты аппарат басшылары мен бөлім меңгерушілері қатысты. Кеңестің басты тақырыбы стра­тегиялық жоспарлау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау, Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларының орын­далуын қалыптастыру және бақылау туралы Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Жарлық­та­рын іске асыру шараларына ар­нал­ды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жол­дау­ында еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарын айқындап бер­гені белгілі. Б.Байбек осы ретте мем­лекеттік органдарға барша қа­зақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру міндеті жүктел­ге­нін ерекше атап өтті. Соңғы уа­қыт­тары Мемлекет басшысы аталған мәселелерге орай, яғни Стратегия­лық жоспарлауға, Президент акті­ле­рі мен тапсырмаларының орын­да­луын бақылауға және мемле­кет­тік органдар жұмысының тиімді­лігін бағалауға қатысты бірқатар Жарлықтар жариялады. Сондай-ақ, Елбасы облыс, облыстық маңызы бар қала, аудан әкімдерінің рей­тин­гін өткізуді тапсырған-ды. Мұның барлығы мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Еліміз 2030 Стратегиялық жос­парының онжылдық белесін артқа тастап, өткен жылы дағдарыстан айтарлықтай тиімділікпен шыға білді. Қазір дағдарыстан кейінгі даму кезеңі басталды. Жеделде­тіл­ген даму бағдарламасы бекітіліп, жұмыс істеуде. Алайда, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппараттың тиімді де күш біріктірген әрекеті қажет. Ол үшін мемлекеттік жоспарлаудың біртұтас жүйесін күшейту міндеті тұр. Мұндай жүйе бұрынғы кеңес­тік дәуірде болғаны белгілі. Әсіресе, жоспарлауды өңірлерде күшейту басты мақсатқа айналып отыр. Ор­талықта қабылданған шешімдердің жергілікті жерлерде жүзеге асуы ма­ңызды. Алға қойылған міндеттердің жергілікті жерлерде белсенді шеші­луінен оның тиімділігі айқын кө­рін­бек. Бұл орайда жұмыстың нә­ти­желілігі бағалау арқылы анықта­ла­тын болады. Бағалаудың алты түрі анықталса, үстіміздегі жылы Ақмо­ла облысында, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі мен Табиғи монополия­ларды рет­теу агенттігінде 3 қанат­қақты ба­ғалау енгізілмек. Келесі жылы бар­лық мемлекеттік орган­дар осындай бағалауға алын­бақ­шы. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдар жұмы­сы­ның тиімділігін арттыруы тиіс. Сонымен қатар, бағалау саралау тетіктерін беріп, қандай бағдарла­малар мен міндеттердің қалай орын­далып жатқанынан хабардар етеді деп күтілуде. Қазіргі кезде көп­теген актілер мен тапсыр­ма­ларға ревизия жүргізіліп, үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Пре­зидент тапсырмаларының орын­да­луы­на тек саяси мемлекеттік қыз­меткерлер жауапты болады деп бел­гіленген. Мұндай тапсырмалардың ұзын саны 400-ден асады екен. Олардың дені халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Түптеп келгенде, мемлекеттік органдар жұмысын жүйелі бағалау бақылаудың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдерінен құралған сарапшылар комиссиясы үйлестіріп отырады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар жұмысын бағалауға үкі­мет­тік емес ұйымдар, тәуелсіз са­рап­шылар қатысса, нәтижесі Мем­лекет басшысының алдына ұсыны­лып,  БАҚ-тарда жариялау да қарастырылған. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.