Әлем • 18 Наурыз, 2022

Күрмеуі қиын қақтығыс

368 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еуразия кеңістігіндегі әскери қақтығыс ел аумағында қоршауда қалған немесе үйін тас­тап қашқан жандардан бөлек, ауылы алыс болса да осы құрлықтың әрбір тұрғынына әсер етеді. Украинадағы жағдай халықаралық қатынасты, қаншама жыл құрылған қағиданы өзгертетіні анық.

Күрмеуі қиын қақтығыс

Украина президенті Воло­димир Зеленский бұл жолы Берлиндегі неміс Бундестагында сөз сөйледі. Ол Германияға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді, алайда заң шығару­шы­ларға олардың қолдауы «атысты тоқтатуға кеш қалға­нын» айтты. В.Зеленский сонымен қатар неміс басшыларын елдің Ресейде іскерлік мүд­десі барын сынға алып, Мәс­кеуге қатысты қатаң шаралар қа­был­дауға шақырды. Күні кеше ол АҚШ Конгресінде сөз сөй­­леп, Украина қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін нақты қа­дам­дар қабылдауды сұраған еді.

Украина Жапониядан Ресей әскеріне тойтарыс беру үшін жоғары сапалы спутниктік суреттер сұрады деген ақпарат бар. Бұл туралы Азия елдерін­де ақпарат тарататын Nikkei газеті жазған. Жапон үкіметі мен жеке компаниялар күндіз-түні, ауа райы мен бұлттарға, атмосферадағы кедергілерге қарамастан сапалы суреттер түсіретін спутниктерді пайдаланады. «Жапония үкіметі мұн­дай мәліметтерді Украинаға беру саяси тұрғыдан дұрыс па немесе қолданыстағы құқық­тық нормаға сәйкес рұқсат етіл­ген бе, жоқ па деген мәсе­лені мұқият қарастырады» делін­ген ақпаратта. Алайда ресми де­рек­көздерге сілтеме жасалмаған.

Украинадағы ахуал

Украина билігі Мариуполь театрына бомба тасталғанын мәлімдеді. Театрдың ішін мың­даған адам паналап отырғаны айтылды. Ғимарат соққы­ға төтеп бергенге ұқсайды. Алай­да зардап шеккендер де болуы мүмкін. Ел үкіметі адамдарды театр ғимаратынан шығаруға тырысып жатқандарын жеткізді. Қала басшылығының өкілі әзірге құрбан болғандар жоқ деген мәлімет берді. Ал РИА Новости Ресейдің қорғаныс министрлігі Мариупольдағы театрға жасалған әуе шабуылын жоққа шығарғанын хабарлады. Ресейлік зымыран шабуылдарынан қатты зардап шеккен Украина қалаларының бірі қоршауға алынған портты Мариупольдің желідегі сурет­тері қала ғимараттарының қал­пына келместей қираған бей­нелерін көрсетеді.

Америкалық Maxar Technologies ғарыштық технологиялар компаниясы түсір­ген спутниктік суреттерде Сумы, Чернигов және Харьковқа айтар­лықтай зақым келгені анықталған.

Киевте де ресейлік зымы­ран соққысы бір адамның өмірін жал­мағанын және тұрғын үй­ді отқа орағаны хабарланды. Ук­раинаның Төтенше жағ­дайлар қызметі бейсенбі күні таңғы 5.02-де Дарницкий ауданындағы тұрғын үйлердің біріне түскен зымыран бір адамды өлтіріп, үшеуін жарақат­тағанын айтты. 

Украина президенті В.Зе­ленский гуманитарлық дәліз­дер сәрсенбіде сәтсіздікке ұшы­рағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ресейлік сарбаздар оқ атуды тоқтатпаған және қауіп­сіздікке кепілдік бермеген. Украина шенеуніктері ел бо­йынша бірнеше қаладан, соның ішінде оңтүстік-шығыстағы қор­шалған Мариуполь қала­сынан тоғыз «гуманитарлық дәліз» ашуға үміттенетіндерін жет­кізді. Бұл туралы елдің вице-премьері Ирина Верещук мә­лім­деді. Шындығында, жанжал басталғалы келісілген гума­ни­­тарлық көмек беретін жол­дар­­дың кейбіріне кепілдік беріл­меді. Сондықтан қоршауда қал­ған қала тұрғындарына керек затты тіркеген көліктердің бар­лығы бірдей діттеген жеріне жете алмады.

Гуманитарлық дағдарыс

Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан келесі аптада Украинадан босқын­дар­дың «үлкен толқынын» күте­тінін мәлімдеді. Вен­грия­ның Румы­ния мен Украина шекарасына жақын орналасқан шекара өткеліне барған В.Орбан келесі аптада босқындарға кө­мек­­­тесу үшін шекарашылар саны көбейетінін айтты. Ол Ук­раи­на­дан келген босқындар легі не­лік­тен күрт артатыны жайлы еш­нәр­се жазбаған. Алайда Reuters агенттігінің хабар­лауынша, соң­ғы аптада Мажарстанға келген украин босқындарының саны айтарлықтай азайған.

Сонымен, БҰҰ-ның мәлі­метіне сәйкес Украинадан 3 мил­лионнан астам адам босып кеткен. Оның 2 миллионы көрші Польша шекарасына по­йыз­бен, автобуспен, жеңіл көлікпен келіп, ұзын-сонар кезектен өтіп, пана іздеген. Жарты миллионға жуық адам әрі қарай басқа елдерге босып кеткені белгілі. Ресейдің Украинаға шабуылынан бері Испанияда шамамен 4 500 украин азаматы тіркелген. Алайда Испанияның көші-қон министрі Хосе Луис Эскрива босқындардың нақты саны әлдеқайда көп деп атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш «Украина халқына бейбітшілік керек. Бүкіл әлем халқы мұны талап етеді. Ресей бұл соғысты қазір тоқтатуы керек», деді.

АҚШ, Ұлыбритания, Фран­ция, Албания, Норвегия және Ирландия Украинадағы гу­манитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды. Ресей БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін­де Украинадағы «гуманитар­лық» ахуал туралы дайындаған қарарға дауыс беруді кейінге қалдыруды сұраған. Алдымен сәрсенбіге жоспарланған, содан кейін бейсенбіде күн­нің екін­ші жартысына ауысты­рыл­ған дауыс жұма күні таңер­тең тағайындалуы керек. The Guardian басылымы дип­лома­тиялық ақпарат көздеріне сүйе­не отырып, Украина президенті В.Зеленскийге Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында сөйлеуге мүмкіндік беру туралы пікірталастар жүріп жатқанын жазды.

АҚШ-Ресей «текетіресі»

АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы күннен күнге ушығып бара жатқанға ұқсайды. Күні кеше В.Зеленскийдің АҚШ Конгресіндегі сөзінен кейін Джо Байден Ресей президентін «әскери қылмыскер» деп атады. 

Ал Кремль өкілі Дмитрий Пес­ков Ресей басшысы Вла­ди­мир Путинді «әскери қылмыс­кер» деп атаған АҚШ президенті Джо Байденнің сөздері «қа­был­дауға келмейтін және кешіріл­мейтін риторика» екенін атап өтті.

Әлемдегі үшінші алпа­уыт ел Қытайдың Украина­дағы жағ­дайға қатысты пікір біл­діруге тартынып келеді. Қытайдың Украинадағы елші­сі украиналықтардың бір­лігі мен жігерін жоғары бағала­ды. Ел­дің бұрынғы ұстанымы­на қай­шы келетін пікірге бүкіл әлем назар аударды. Фанг Сянжун Львов облыстық әскери әкімшілігімен кездесу кезінде Қытайдың «Украинаға ешқашан шабуыл жасамайтынын», оны экономикалық және саяси тұрғыдан қолдай­ты­нын айтқан. Бұл туралы «Укринформ» хабарлаған.

Келіссөзден нәтиже бола ма?

Украина мен Ресей ара­сын­дағы келіссөз қалай жүріп жатыр дегенге келер болсақ, алғашқы үш кездесу айтар­лықтай нәтиже бермегенге ұқсайды. Бес сағатқа созылған ең бірінші кездесуде екі тарап та отырыстың қиын өткенін ғана айтып қойды. Келесі жиын­дарда қоршауда қалған қала тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізу үшін жол ашуға келіс­кендей болды. Алайда бұл толығымен мүмкін болмады. Кейбір өңірлерде атыс тоқ­тамады. Соңғы кездесулерден соң «үміт бары» айтыла бастады. Дегенмен, бұл Украинадағы ахуалға еш әсер ете қоймады. Ел аумағында атыс тоқтамай тұр.

Келіссөздің екі ел прези­денті кездеспей нақты нәтиже бермейтіні түсінікті бола бас­тады. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған бұл кездесуді ұйымдастыруға тілек білдір­ген, алайда әзірге тараптар­дың бұған не дегені белгісіз. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Біздің делегация келіссөзге келгенде үлкен күш жұмсап жатыр, басқа тарапқа қарағанда дайынды­ғын көрсетті», деді. Ресейдің сырт­қы істер министрі Сергей Лавров та  Ресейдің келіссөзден қашпайтынын, алайда нәтиже бермейтін бос кездесуге барғысы келмейтінін мәлімдеді. С.Лавров Ресей Украинамен тек нәтижелі шешімдерге әкелетін келіссөз жүргізуге дайын екенін атап өтті. Ол «Украина басшылығы тек теледидардағы сурет үшін кездескісі келеді», дейді.

Ал Украина болса Ресейдің ультиматумына келіспейтінін, елдің егемендігін қамтамасыз ететін өздері ұсынған шарт­қа ғана қол қоятынын талай рет айтқан. Сырт көзге екі тарап та өз айтқанынан қайтпай тұрып алғандай көрінеді. Соң­ғы күндері Ресей талабын төмен­дете бастағандай көрінген. Қан­ша жылдан бері ушыққан қақты­ғыс­тың шешімі тез арада табыла қоюы да екіталай сияқты.