Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров атап өткендей, Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталған реформалардың мұқият зерделенген бағдарламасы болып табылады. Атап айтқанда, еліміздің Конституциясына 30-дан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, сондай-ақ жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылданады.
Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. 1.Елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру; 2.Жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру; 3.Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар.
Министрлік басшысының айтуынша, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру және халықтың пікірін ескере отырып, Қапшағай қаласын қайта атау мәселесі пысықталуда. «Мемлекет басшысының Жарлығын дайындау жөніндегі жол картасы және оны іске асыру жөніндегі ұйымдастыру шараларының жоспары әзірленетін болады», деді Ә.Қуантыров.
Бұл құжаттарда әкімшілік-аумақтық қайта құруларға байланысты мынадай іс-шаралар атқарылады: Мемлекет басшысының облыстар мен елді мекендерді атау (қайта атау) мәселелерін қоса алғанда, облыстарды және олардың шекараларын бөлу (құру) туралы қажетті Жарлықтарын және Үкімет қаулыларын әзірлеу және қабылдау; жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің штат санындағы өзгерістер; коммуналдық меншікті беру және қабылдау; заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу; жаңадан құрылған облыстарда мемлекеттік органдар құру. «Бұл облыстардың құрылуы тек осы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, бүкіл экономиканың дамуына оң әсерін тигізеді», деді министр.
Ә.Қуантыров Жолдауға сәйкес «Халық қатысатын бюджеттің» функционалын кеңейту арқылы жергілікті өзін өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыруды енгізу мәселесі де енгізілетінін айтты. Бұл ретте мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мақсатында оларға халық қатысатын бюджеттің қаражатын бөлу жөніндегі функциялар бекітілетін болады. «Шын мәнінде оны ауылдық округтер арасында нақты жобаларға бөлетін «қор» деуге болады. Бұл жобаларды жергілікті қоғамдастықтың ұсыныстары бойынша ауыл әкімдері қалыптастырады», деді министр.
Сонымен қатар Украинада болып жатқан оқиғалар аясында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру мақсатында мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, бизнес және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың жұмысы жолға қойылды. «Жедел штабтың аясында көлік және логистика, инфрақұрылым, сауда және қаржылық орнықтылық бойынша жұмыс топтары ұйымдастырылды. Жұмыс топтарының өзара іс-қимылының белгілі бір алгоритміне сәйкес Украинадағы оқиғалардың сыртқы экономикалық жағдайға салдарын күнделікті мониторингтеу негізінде еліміздің экономикасына олардың ықпалының сценарийлері әзірленуде. Осы ақпарат негізінде жедел ден қою шаралары әзірленеді», деді Ә.Қуантыров.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыруды бастады. Қазіргі уақытта министрлік жауапты мемлекеттік органдармен нақты ұсыныстарды пысықтауда. «Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген әрбір тапсырмасын толық әрі жедел пысықтайтын болады. Жолдауды тиімді іске асыру үшін министрліктің жұмысы бюрократияны болдырмау және нәтижеге бағдарлану қағидаттарында жүргізілетін болады», деді Ә.Қуантыров.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата етіп қайта құрылады. Бұл ретте парламенттік бақылау күшейтіледі. Мұндай тәжірибе жекелеген батыс елдерінде бар. «Осының барлығы Конституцияны қоса алғанда, бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді. Барлық тиісті түзетулер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады», деді министр.
Жергілікті өзін өзі басқару органдарын қайта құруды ескере отырып, сатып алу тәртібін одан әрі оңайлату «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заң жобасы шеңберінде пысықталады. Жұмыста формализм мен артық рәсімдерді жоюға, жергілікті өнім берушілерді қолдауға және жұмыс орындарын ашуға, халықтың сатып алу процесіне және шарттардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға қатысуына баса назар аударылады. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында Қаржы министрлігінің құзыретіне қатысты басқа да тапсырмалар бар. Олар бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылады. «Алдағы уақытта биылға арналған республикалық бюджет шығыстарының параметрлері мен бағыттарын нақтылау күтілуде. Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық жоспарланған шаралар уақтылы қабылданып, қажетті қаржы мәселелер бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталатын болады», деді Е.Жамаубаев.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақовтың айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар, бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Бұдан басқа, бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді. «Айналым схемасы» шеңберінде сатып алуды қаржыландыруды 54,6-дан 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ал тұрақтандыру қорларын есепке алатын болса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады», деді Е.Баттақов.
Бағаны тұрақтандыру құралдарын жетілдіру мақсатында жаңа тәсілдер әзірленіп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар шаралар қабылдауда. Көктемгі дала жұмыстарының барлық туындаған проблемалық мәселелерін жедел шешуге күш салатын Жедел штаб құрылды. Қазіргі таңда техника дайындығы 95 пайызды құраса, көктемгі дала жұмыстары жаппай жүргізіле бастаған уақытқа 100 пайызды құрамақ.
Министрдің айтуынша, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастады, жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 12-15%-ға төмен бағамен 400 мың тонна бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға көп. 2,3 млн тонна тұқым немесе жоспардың 100 пайызы дайындалды. Қазіргі уақытта импорттық тұқым материалын жеткізу мәселесі пысықталуда. Бұлар – Ресейден келетін 19,5 мың тонна жүгері, бидай, арпа және қара бидай тұқымы және Еуропадан жеткізілетін 80 тонна жүгері мен қант қызылшасының тұқымы. «Минералды тыңайтқыштардың қолжетімділігіне келер болсақ, жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Үкімет қолдауы арқылы диқандардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді», деді Е.Қарашөкеев.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 млрд теңге көлемінде, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, биыл форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты. 17 наурыздағы жағдай бойынша, «Кең дала» бағдарламасы арқылы 94,8 млрд теңге сомасына өтінімдер келіп түсіп, оның 46,6 млрд теңгесі қаржыландырылды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес ашық ақпараттық кеңістік пен бәсекеге қабілетті отандық бұқаралық ақпарат құралдарын құруға ерекше назар аударылмақ. «Осыған орай бүгінгі таңда министрлік алдында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін, мәртебесін және жауапкершілігін нығайту бойынша бірқатар міндет тұр», деді А.Омаров.
Біріншіден, қоғамның сұраныстары мен мемлекеттің мүдделерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң қайта қаралатын болады. «Бұл процесс кең қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын атап өткен маңызды. Осылайша, журналистік қоғамдастықтың ағымдағы заңнамаға қатысты барлық өзекті мәселелері ескеріледі», деді А.Омаров.
Екіншіден, азаматтық бақылауды жүзеге асыратын «төртінші билік» ретінде әрекет ететін бұқаралық ақпарат құралдары үшін ашық бәсекелестік орта дамиды.
Үшіншіден, мемлекеттік ақпараттық жұмыс бойынша жаңа тәсілдер әзірленеді.
Мемлекет басшысы сондай-ақ маңызды әлеуметтік мәселелерді шешудегі үкіметтік емес сектордың рөлін және азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде қайта жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, министрлік қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және құрамын жаңарту жөніндегі жұмысты жалғастырады. Қазір 102 қоғамдық кеңес құрылған, 111-і қалыптасу барысында. «Биыл алғаш рет Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама дайындалады. Онда қоғамдық кеңестер жұмысының тиімділігіне және оның одан әрі дамуы перспективаларына талдау жасалады», деді А.Омаров.
Осыған қоса, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы ҮЕҰ жобаларын жоспарлау тәсілі қайта сарапталады. «Мәселен, қазір Парламентте тиісті заң жобасы қаралуда, ол ҮЕҰ-ны мемлекеттік қолдаудың сапасы мен ашықтығын айтарлықтай дәрежеде жақсартатыны анық», деді А.Омаров.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев көктемгі егіс жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданғанын айтты. «Еліміздің негізгі өзен бассейндері су аздығы цикліне биыл да тап болып отыр. Осыған қарамастан, фермерлер көктемгі егіс жұмыстары барысында қажетті суармалы сумен қамтамасыз етіледі», деді С.Брекешев.
Оның айтуынша қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналуына байланысты жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастаған. Сонымен қатар вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді. Шардара су қоймасына барынша ең жоғары ағынды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Оның басты мақсаты – Түркістан облысының Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы Қызылқұм алқабын, сондай-ақ Қызылорда облысының фермерлерін сумен қамтамасыз ету. «Өзбек және тәжік тараптарымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шардара су қоймасына құятын ағын су көлемі ұлғайтылды. Нақты айтсақ, ақпан айындағы көрсеткіш қаңтармен салыстырғанда 22%-ға артты. Сондай-ақ ақпан айында «Бахри Точик» су қоймасынан Қазақстан жаққа қосымша 181 млн текше метр су ағызылды» деді министр.
Әділет министрі Қанат Мусин Мемлекет басшысы Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы әзірленгенін айтты.
Маңызды мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Президент ұсынған саяси реформалар мемлекеттік құрылысты нығайтудың жаңа тарихи кезеңі әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ұстанымының айқын көрінісі екенін атап көрсетті.
Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға жеделдетіп кірісу үшін Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылғы 25 наурызға дейін Үкіметке Дағдарысқа қарсы жоспарды енгізуді міндеттеді. «Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Дағдарысқа қарсы шаралар экономиканы қолдауға, инфляцияны бақылауды күшейтуге, валюта нарығын тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды қамтамасыз ету үшін қажетті заң жобаларын әзірлеуге және оларды талқылауға дереу кірісуді тапсырды. «Мемлекет басшысы алдымызға елімізді қарқынды түрде дамыту, экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту жөнінде аса ауқымды міндеттер қойды. Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз», деді Премьер-Министр.