Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің бас сарапшысы Ләйлә Қасымқызының айтуынша, аталған архивтің №435 қор, 22,23-істерінде Қамар Қасымов туралы құнды материалдар сақталған. Оның өмірі мен өнері туралы мынадай бір оқиға болғанын айта кеткен жөн. 1934 жылы Алматыда қазақтың халық аспаптарын жасайтын өнершілердің слеті өтеді. Слетті басқарып жүрген Темірбек Жүргенов Мәскеу қаласынан қазақ әндерін жинақтаушы Затаевичті шақырып, осы слетте қазақ музыкасынан ансамбль құрмақшы болып, аспаптар жасайтын шеберлер іздейді. Әне сол шақта шеберханада бас шебер болып жұмыс істеп жүрген Қамар Қасымовты Темірбек Жүргенов өзіне алдырады. Бұл кездесу туралы ол өзінің естелігінде былай дейді: «Ей, мұрт, біз оркестрді құрып отырмыз, мына екі кішкене домбырадан не шығады, мастер адамсың, басқа елдердің аспабын көріп, аспапты дамытуға, өз кәсібіңнің соңына түс, артын өзіме қоя бер», деді», деп жазады.
Осы бір ынталы тапсырмадан кейін шебер Қасымов дүние жүзіндегі халықтардың ұлттық аспаптарымен жақын танысып, кәсіби мамандармен пікірлесіп, әр нотаға ыңғайлы ішектің күшіне, шанағының үлкендігіне мойнының ұзындығына қарай керекті дыбысты тауып шығуға бел байлайды. Оның ерік-жігері, кәсібіне деген жауапкершілігі, сенімі оның 13 аспапты өзі ойлап тауып, 6 аспапты жаңартуына күш берді. Сын сағатта мұндай батылдық таныту әрине Қамар Қасымов сияқты дала көкірек адамның ғана қолынан келеді. «Мәдениетіміз бен өнеріміздің тарихында ән еркесі Күләш пен Әміре, саз еркесі Шәмші, би патшайымы Шара, күй анасы Дина есімдері қалай орын алса, Қамар есімі де – қазақ өнерінің аспаптанушы ісінде өзіне лайық сондай орын алатын тұлға», дейді актер Кәукен Кенжетаев.
Қасым шебер жасаған, сыйға тартқан қымбат аспаптар мен мұралар өте көп. Солардың бірі Сталиннің 70 жылдық мерейтойына орай қазақ халқының атынан сыйға тартылған домбыра еді. Ал тағы бірі К.Ворошиловтың Қытайға барған сапарында Қазақстанның атынан Мао Цзедунға сыйлыққа берілген қылқобыз. Оның 1925 жылы А.В.Луначарскийдің өтініші бойынша Мәскеудің музыка шеберханасында әнші Әміре Қашаубаевқа сол жылы Парижде өткен Дүниежүзілік этнографиялық концертке арнап домбыра жасағаны, Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің музыка аспаптарын жасауы да ерлікпен парапар іс. Осындай еңбектерінің арқасында ол Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы шеберханада қызмет атқарды. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталды.
Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылының тұрғыны, зейнеткер Шолпан Әбілғазықызы бір сұхбатында: «Қамар Қасымов орыс оркестрінің біздің ұлттық оркестрімізге арналған шығармалар ерекшелігін бере алмайтындығын, сондықтан ұлттық аспаптардың үн ерекшелігін, табиғатын бұзып алмау үшін оркестр аспаптарының құрамын табуда басқаша ізденді. Сөйтіп, ол халық шеберлері жасаған көне аспаптарды басшылыққа алды. Қамар Қасымов түрлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге де қатысқан. Өзіне қатысты жиған-терген жеке архивінде араб әрпімен жазылған 48 беттік 7-8 қалың дәптер, көптеген сурет, аспаптың түрлі үлгіде түсірілген фото-құжаттар, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген қайраткері» куәлігі, Еңбек Қызыл Ту орденін алғаны жөнінде деректері мен хаттары сақтаулы», дейді. Тағы бір деректе Қамар Қасымовтың Сұлтанмахмұт ақынмен көңілі жақын дос болғаны айтылады. Сол үшін Сұлтанмахмұт достығымыздың белгісі болсын деп Гүләйімнің атын Қамардың есімімен атап кеткен екен.
Қас шебердің әнші Ғарифолла Құрманғалиевке де бір жақсы домбыра жасап бергенін Бөрібай Кәртеннің мақаласынан оқи аламыз. Аталған мақалада мынадай бір жақсы естелік бар: «Домбыраңызды көрсек...» – дедім. Әнші қарт есік жаққа мойнын бұрып, ас үйде шаруасын істеп жүрген қызына дауыстады: «Шәкун, а, Шәкун...» «О не, папа?» «Домбыраны...» «Қазір, папа». Шаһризада апай қара қорапты әкеліп, диванға сүйеп қойды да қайта шығып кетті... Лып етіп орнымнан тұрып, құндағынан шығардым. Мақсат екеуміз төңкеріп, айналдырып, қызықтаудамыз. Тұрқы өте шағын. Ауық-ауық салмақтап көреміз. Мысқалдай салмағы жоқ. Шанағының жиегіне түрлі-түрлі тастар ойып салынып, 14 перне байланған. Қоңыр қызыл түспен боялыпты.
– Бұл домбыраны жасаған қазақ... – қарт әнші сәл кідіріп ойланды.
– Ту-һ-һ, атын ұмытып қалғанымды қарашы! Әлгі мұртының екі жағын ширатып қойған шебер бар емес пе? – деді сосын қызына.
– Аты Қамар, папа! – деді Шаһризада апай.
– Дұрыс, Қамар! Оның шеберханасы тап біздің үйдің астында болатын. Қазір часовой ма, бірдеңе... Мықты шебер еді. Соның жасағаны ғой. 35-ші жылы. Тек бетін екі рет алмастырып салғыздым». Осыдан-ақ біз Қамар Қасымовтың өз саласының білікті маманы, ұлты үшін ештеңесін аямайтын азамат екенін аңғарамыз. Қамар Қасымовтың елім деп соққан жүрегі 1966 жылы Алматы қаласында тоқтады. Біздің кейіпкеріміз Қамар Қасымұлы ең алғашқы шеберханасын Жамбыл атындағы филармонияда ашып, ұлттық аспаптар жасауға күш-жігерін сарқа жұмсағанын ол туралы деректер растайды. Оның үміті мен сенімі, тілегі ұлтына қызмет ету болғаны даусыз. Шебердің араб әрпімен жазылған қолжазбасындағы «Менің болашағымнан кейінгі барым да,бақытым да осы өнерім» деген сөзі осы сөзімізді растайды. Артына соны із қалдырған тұлғаның бірі Қамар Қасымовтың аты ел есінде сақтала бермек. Ол жасаған құнды аспаптар да ел игілігі үшін қызмет ете беретіні даусыз.