Әлем • 28 Наурыз, 2022

Украина гуманитарлық апат алдында тұр

1495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина өкілдері кезекті келіссөзді осы аптада Түркияда өткізуге келісті. Украинадағы гуманитарлық дағдарыс күннен күнге ушыға түсуде. Ал келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермей келді.

Украина гуманитарлық апат алдында тұр

Украинадағы қарулы қақтығыс басталғалы бір айдан асты. Осыған дейін бірнеше кез­десу өткізгенімен, тараптар ортақ келі­сімге келмеді. Екі мемлекет басшы­лары кездеспей, мәселе шешілмес деген де пікірлер айтылуда. Алайда Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров президенттер – Владимир Путин мен Володимир Зеленскийдің кездесуі дәл қазір тиімді нәтиже бермейді деген пікір білдірді. Сербиялық БАҚ-қа пікір біл­дірген С.Лавров екі көшбасшы арасын­дағы кездесу тек екі тарап негізгі мәселе­лерге қатысты ортақ шешімге келе бас­тағанда ғана өтуі керек дейді. Ол алдағы уақытта өтуі мүмкін Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің жемісті болғанын қалайтынын жеткізді.

Жақында Ресей мен Түркия прези­дент­тері екі жақтың делегацияларының келесі кездесуін Ыстанбұлда өткізуге келіскені белгілі болды. Мемлекеттер басшылары телефон арқылы сөйлесіп, Ресей-Украина қақтығысын талқылаған. «Әңгіме барысында президент Р.Ердоған атысты тоқтату, сондай-ақ Ресей мен Украина арасында тез арада бейбітшілік орнату мен аймақтағы гуманитарлық жағдайды жақсарту қажеттілігін атап өтті», делінген Түркия президентінің әкім­шілігі таратқан ақпаратта. Мәлім­де­меде Түркия жағдайды реттеуге толы­ғымен ықпал етуге дайын екені баса айтылған.

Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский кездесу 29-30 наурызда өтетінін хабарлаған.

Украина президенті Володимир Зеленский Ресеймен келіссөздердің келесі кезеңінде басымдық елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына берілетінін мәлімдеді. В.Зеленский Украинаның ядролық қарусыз және бейтараптық мәртебесін, қауіпсіздік кепілдіктерін талқылауға дайын деді. Алайда келісім сөз жүзінде емес, нақты бекітілген құжат болуы керек дейді Украина басшысы. 

Украинада Мариуполь секілді қор­шауда қалған қалалардың, шабуылдан қорғану үшін жертөлелерді паналаған тұрғындардың жағдайы қиын екені айтылуда. Алайда дүйсенбіде қоршалған қалалардан бейбіт тұрғындарды эвакуа­циялау үшін гуманитарлық дәліздер ашыл­майтыны хабарланды. Украинаның вице-премьері Ирина Верещук бұл ше­шім дәліздердің қауіпсіздігін қамта­масыз ету мүмкін болмағандықтан қабыл­дан­ғанын айтты. Ресей әскерінің шабуы­лы бейбіт тұрғындарды қоршауға алынған қалалардан эвакуациялауға кедер­гі келтіріп, бұл процесті хаосқа айналдырған. Мариуполь мэрі Вадим Бойченко қала гуманитарлық апаттың алдында тұрғанын және оны толығымен эвакуациялау керек екенін ескертті. Қалада 160 мыңға жуық бейбіт тұрғын электр жарығынсыз қалған.

Халықаралық Қызыл Крест комитеті де қоршауда қалған Мариупольге жете алмай жатқанын мәлімдеді. Ұйым мүше­лері ол үшін Ресей мен Украина тарапы қауіпсіздікке кепілдік беруі керек дейді. Алайда бұл мүмкін болмай тұрғанға ұқсайды.

БҰҰ осы уақытқа дейін кем дегенде 1 100 бейбіт тұрғын қаза болды және 10 миллионнан астам адам көшірілді деген дерек жариялады. Украина Ресейді Мариуполь қаласынан мыңдаған бейбіт тұрғынды күштеп көшірді деп айып­тап отыр. Ресей Мариупольдің шығысындағы Безымянныйдағы уақыт­ша лагерьде 5 000-ға жуық адамды орналастырады деп хабарлады.

Ал Ресей Федерациясының қорғаныс басқармасы Ұлттық орталығының бастығы, генерал-полковник Михаил Мизинцев бір тәулік ішінде Украинадан Ресейге 19 694 бейбіт тұрғын эвакуацияланды деп хабарлады. Оның айтуынша, Ресей әуе күштері қауіпсіздік шараларын сақтай отырып күн сайын бейбіт тұрғындар мен шетелдік азаматтардың өмірін сақтаған. М.Мизинцев арнайы операция басталғаннан бері Ресейге 439 420 адам эвакуациялағанын, олардың 91 673-і балалар екенін, РФ мемлекеттік шекарасынан 51 638 жеке автокөлік өткенін айтты.

Украина мен Ресейдің таратқан ақпараттардағы алшақтықты осыған дейін айтқанбыз. Сондықтан бұл сандарды нақты растау мүмкін емес. Осыған дейін Беларусь аумағында, кейін онлайн өткен келіссөздер айтарлықтай нәтиже бермегені белгілі. Ендігі кезек – Түркия астанасында. Кезекті келіссөздің нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді.