Аймақтар • 28 Наурыз, 2022

Әкімнің ұйымдастыру қабілеті әлсіз бе?..

1514 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алатынын және көтеруге міндетті екенін айтып өтті. Халықты мазалап жүрген мәселелердің үлкен-кішісі болмас. Ауыл, аудандағы ағайынның жоғарыға жеткізгісі келетін мәселесі көп. Ал сол ауылдағы жағдайға облыс басшысының өзі куә болып, қарамағындағылардың қызметін әділ бағалағанының жөні бөлек. Айтайын дегеніміз, Келес ауданында қордаланған мәселелердің көп екені жөнінде еді.

Әкімнің ұйымдастыру қабілеті әлсіз бе?..

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Келес ауданында мал шаруашылығын дамыту ісі көңіл көншітерліктей емес. Ауа райы мен табиғатының өте қолайлылығы сынды мүмкіндік пен артықшылық та толық пайдаланылып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа жұмыс орындарын ашып, агросала мен мал шаруашылығын дамыта түсу қажет. Ауданның экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері сараланған жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай сын айтты. «Неге ұйымдастырмайсыз? Әлде жұмыс күші жоқ па?» деді өңір басшысы аудан әкімі Ақментай Есбаевқа қарата. Сондай-ақ Келес ауданын газдандыру, ауыз сумен қамту, ағын су және инфрақұрылым салаларындағы қордаланған мәселелер жедел шешілуге тиіс. Инвестиция тарту ісі жандандыруды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір көр­сет­кіштер толық орындалмаған. Жұмыс орындарын ашу үшін жаңа жобаларды қолға алу қажет. Ауданда агросаланы және мал шаруашылығын дамытуға керемет мүмкіндік бар. Бірақ бұл әлеует толық пайдаланылмауда. Кә­сіп­керлікті қолдау бағытында да жұ­мыс жүруі тиіс. Ауданда шешімін тап­пай отырған мәселелердің тағы бірі – 2019 жылы құрылысы басталған «Абай» газ тарату стансасы әлі күнге дейін пай­да­ла­нуға берілмеген.

«Келесте 83 елді мекеннің 50-і табиғи газбен қамтылып, қамту көрсеткіші 80,1 па­йызға жеткен. Өткен жылы 9 елді мекеннің газ нысандарының құрылыс жұмыстары аяқталған. 14 елді мекенде ауыз су құрылысының жұмыстары жүргізіліп, қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткен. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жобаларды жал­ғас­тыру қажет. Елді мекендерді газдандыруды күшейту керек. Жерасты суларын барлау, жылыжай шаруашылығы, су қоймаларын тиімді пайдалану бағытында жұмыс жандансын. Ауыл ішіндегі сапасы сын көтермейтін жолдарды ретке кел­ті­ріңдер», деді Ө.Шөкеев.

Қордаланған мәселелердің шешімін табуына облыс басшысы айтқандай, аудан­ әкімінің жұмысты тиісті деңгейде ұйым­дастыра алмауы негізгі себептің бірі болып отыр. Сондай-ақ ауданда сыбайлас жемқорлық тыйылмай тұр. Бұл орайда қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін аудан әкімі Ақментай Есбаевтың екі рет жұмыстан босату жөнінде арыз бергенін айта кетелік. Алғаш рет 2020 жылы қарамағындағы ауыл әкімі парамен ұсталып, заң алдындағы тиісті жазасын алғанда, екінші мәрте былтыр Келес аудандық коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімі басшысы 30 млн теңге пара алуға оқталды деген айып бойынша сотталғаннан кейін. Бірақ А.Есбаев екеуінде де у-шусыз қызметін сақтап қалды. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен тиісті заңға енгізілген «бірінші басшы оның тікелей бағынышты тұлғасына қа­тысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойын­ша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті» деген талап­тың орындалмағанын айтушылар аз емес. Яғни аудан тұрғындары екі рет отставкаға арыз берген әкімнің қандай же­тіс­тігі немесе іскерлігі ескеріліп, қыз­ме­тінде қалғанынан бейхабар.

Жергілікті билікке айтылар сын азай­­­май тұрғанын жоғарыда айтып өттік. Жуырда Есеп комитетінің облыста жүргізген жұмыстарының қоры­тын­дысы бойынша да Келес ауданына қа­тысты заңсыздықтар мен кем­­ші­лік­тер анықталғаны айтылды. Аудан­дық коммуналдық шаруашылық бө­лі­мімен 2018-2020 жылдары сумен жабдықтау объектілерінің құрылысы тиісті заңнаманы бұза отырып жүзе­ге асырылған. Мысалы, жобалаушы «Улмад» ЖШС-ның сметалық құжат­та­маны тиісінше әзірлемеуіне байланысты 2018 жылы Қазақстан ауылын су­мен жабдықтау жобасы бойынша аудан­дық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі 2019-2021 жылдар ара­лығындағы кезеңде орындалған жұмыс актілерін көтеріңкі құнмен (3,7 млн теңге) қабылдаған. Сонымен қатар ұңғымалардан су алу кезінде манометр көрсеткіштеріндегі қысымның 12 м3/сағ-тан аспайтын деңгейде екендігі анықталған. Ал жоба бойынша оның көлемі 20,3 м3/сағ-тан кем болмауға тиіс. Осыған байланысты судың қажетті көлемі жетпегендіктен, 4 мыңнан астам адам толыққанды сумен қамтамасыз еті­л­меген. Бұдан бөлек пайдалануға бе­рілген Қазақстан ауылының сумен жабдықтау нысаны пайдаланушы ұйымға бекітілмеген. Анықталған кем­­шіліктердің бұл бірі ғана. Жалпы, Есеп комитетінің ұсынысында келестік шенеу­ніктердің әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бары көр­се­тілген.

Қысқасы, аудан әкімінің жұмысына қатысты айтылып жүрген сын аз емес. Де­генмен, қордаланған мәселелерді шешу бағытында қолға алынған жұ­мыс­тар жөнінде де айта кетелік. Аудан әкімі А.Есбаевтың мәлімдеуінше, мал шаруашылығына қуаңшылық кері әсер еткен. Ауданда ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі 62,2 млрд теңгені құраған. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 316 жоба өз жұ­мысын бастап, 121 мың тонна бақ­ша және көкөніс өнімі жиналған. Солтүстік Ташкент каналының аудан­ ­аумағындағы Жүзімдік, Бірлесу, Ақтө­бе ауылдық округтерінің 19,2 шақы­рым бөлігі механикалық тазалаудан өткі­зілуде. Нәтижесінде, 1 500 гектар жер қайта айналымға түсетін болса, 2 922 гектарға су өткізу мүм­кін­ді­гі жақсаратын болады.

Аудандағы бірқатар өзекті мәселеден сенаторлар да хабардар болды. Мысалы, «Келес Плас» ЖШС қайта өңдеу це­хы­ның басшысы Нұржан Умаров ауданға іссапармен келген Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаевқа субсидия мәселесін, қайта өңдеу саласындағы кемшін тұстар және дайын өнімді өткізу бағытында кездесіп жатқан кедергілер жөнінде айтты. Трансшекаралық каналдардың жағдайы да қозғалды. Нәтижесінде Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекара аймағындағы каналдарды тазалау мәселесі Парламент деңгейінде қаралады. Сенат депутаттары іссапар барысында үй іргелік жеріне биогомус өнімін өндіретін «НұрҚожа» ж­е­ке кәсіпкерінің жұмысын көрді. Бар болғаны 26 300 теңгемен кәсібін бас­та­ған Гүлнәр Дүйсебаева бір жылдың ішінде 7 млн теңге табыс тауып, 2 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қазіргі таңда биогомус өніміне сұраныс артып, ауыл шаруашылығы саласына таптырмас агрегаттың біріне айналуда екен. Се­на­торлар бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, республика деңгейінде насихатталуы қажет екеніне тоқталды. Ал «Абай» Келес аудандық ауруханасы» МКК медицина қызметкерлері тапшы технологияларды жеткізу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, КТ аппараты, цифрлы рентген, УЗД аппараты, реанимациялық жедел жәрдем көлігі қажеттілігі бас дәрігердің міндетін ат­қа­рып жүрген Бекзат Сланов тарапынан мәлімделді. Өз кезегінде депутаттар мәселенің шешілуіне ықпал етіп, бақы­лау­ға алынатынын жеткізді.

Жайылым жердің тапшылығы да Келес ауданындағы өзекті мәселелердің бірі. Бұл түйткіл аудан тұрғындары, шар­­уалары тарапынан бірнеше рет көте­ріл­­ген болатын. Бүгінде тұрғындар сұ­ра­нысына сәйкес 4 500 гектарға жуық аумақ ортақ жайылымға берілуі бо­йын­ша оң қорытынды алынып, жерге орналастыру жобасы әзірленуде. Жер­гі­лікті әкімдік пен осы салаға жауапты органдардың, тұрғындардың ортақ жұмысы нәтижесінде Бозай ауылдық округінен 1 375 гектар, Жамбыл ауылдық округінен – 2 мың, Бірлік ауылдық округінен – 800, Біртілек ауылдық округінен – 94,65, Бірлесу ауылдық округінен – 75, Ұшқын ауылдық округінен 75,84 гектар жер телімдері ортақ жайылымға өтпек. Жыл соңына дейін 66 мың гектар жерді шаруалармен мемо­рандум арқылы ортақ жайылымға беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге елді мекенмен қашықтығы 5-10 шақырым болатын 27 мың гектар жа­йы­лым жердің иелеріне баламалы түрде жер беру арқылы немесе келісілген тұлғалармен ауданның арнайы жер қорына қайтару көзделген.

 

Түркістан облысы