Ахмет Байтұрсынұлы • 29 Наурыз, 2022

Ұлт ұстазының тілдік мұрасы

3008 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қостанайдағы кітапханалардың бірінен белгілі ғалым Орынай Жұбайдың құрастыруымен 2017 жылы жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты еңбекті көзім шалып қалды. Көлемді еңбекте Ахмет Байтұрсынұлының 1914-1928 жылдар аралығында жарық көрген «Тіл – құралы» мен «Әдебиет танытқышы», тіл ғылымына қатысты мақалалары, баяндамалары, пікірлері, сондай-ақ орталық архивтен табылған бірсыпыра құжаттар берілген екен.

Ұлт ұстазының тілдік мұрасы

Ғылыми-танымдық салмағы ерекше бұл еңбекті зейін қойып бір оқып шыққан адамға ең алдымен біз Ахметті әлі тани алмай жүр екенбіз ғой деген ой келеді екен. Осы ойдың жетегімен құрастырушы ғалымға хабарласып едік, ахметтануға қатысты көп дүниенің әлі де зерттелмей жатқанын аңғардық.

Орынай Жұбай – академик Рәбиға Сыздықованың шәкірті. 1998 жылы ұстазының құптауымен Қошмұхаммед Кемеңгерұлының тілтанымдық мұрасы мен лингвистикалық тұжырымда­мала­рын зерттеуге кірісіпті.

– Қошке Кемеңгерұлын зерттеу үшін мен ғалымның өзіне дейінгі, өзінің тұсындағы, өзінен кейінгі және қазіргі зерттеушілердің еңбектерін толық сүзіп шықтым. Ильминский, Мелиоранский, Катаринскийлерден бөлек Байтұрсын­ұлын қарадым. Қошмұхаммед Кемеңгер­ұлы Байтұрсынұлының тікелей ізбасары. Оның орыс сыныптарына арналған еңбектерінде түсінік берілмей кеткен тұстар Байтұрсынұлы еңбектерінде анық көрініп тұрады. Сондықтан қандай да бір грамматикалық категорияны зерттеу үшін мен Ахаң еңбектеріне жүгіндім. Ғалым еңбектерін қарастыра жүріп, бір ғана «Тіл құралын» оқу арқылы біз Байтұрсынұлының бүкіл ұстанымын түсіне алмайтынымызға көзім жетті. Сол кезден бастап Ахаң еңбектерін тағы бір жүйелеп, жеке кітап етіп құрасты­руды қолға алдым, – деді филология ғылымдарының докторы.

Аталған еңбекке Ахаңның «Тіл  құралы» мен «Әдебиет танытқышы» қатар еніпті. Құрастырушыдан «Кітап «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» деп аталады екен, оған әдебиетті қосақтап қоюдың қажеті бар ма еді?» деп сұрап едік, Орынай Сағынғалиқызы «Қазіргі тіл білімінің жаңа саласы болып саналатын когнитивті грамматика, коммуникативті синтаксиске қа­тыс­ты мәселелердің барлығын біз Ахаң­ның «Әдебиет танытқышынан» табамыз. Сондықтан бұл кітапқа «Әдебиет танытқышты» бет толтыру үшін емес, мазмұн толықтыру үшін бердік», деді.

Ғалымның айтуынша, Ахмет Байтұр­сынұлының тілдік мұрасы әлі күнге дейін толыққанды зерттеліп, зерделенген жоқ. Ахаң мұрасын насихаттау мәселесі де кемшін түсіп жатыр. Әйтпесе, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде қазіргі тіл біліміндегі жаңа бағыттардың барлығы бар.

– Мәселен, Ахаң райды 15-ке, етісті 10-ға бөледі. Бізде өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап орыста 4 рай ма, қазақ тілінде де 4 рай болу керек, орыста 4 етіс пе, қазақта да 4 етіс болу керек деген түсінік қалыптасты. Ал Ахаңда барлығы ерекше. Тілдің ішкі құрылымдық заңдылықтарын кә­дімгі қазақтың ұлттық болмысына тән етіп көрсеткен. Кейінгі жылда­ры тіл білімінің коммуникативті синтаксис, коммуникативті грамматика, функционалды грамматика, этнограмматика, лингвомәдениеттану сияқты жаңа бағыттары пайда болды. Ахаң еңбектерінде осының бәрі бар. Мысалы, қазіргі тіл біліміндегі «языковая картина мира» деген ұғымды біз калька түрінде аударып, қазақша «ғаламның тілдік бейнесі» деп жүрміз. Мұны Байтұрсынұлы «Ғаламды сөзбен жеткізу» деп түсінікті сөзбен айтады. Расында, солай ғой. Тілдік бейне деген қазақта сөз жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, біз Байтұрсынұлы еңбектеріне қайта назар аударып, сол кезде қолданылған терминдерге қайта жан бітіруіміз керек. Қазіргі тіл ғылымында өз тілімізді өзіміз шұбарлап, субстантивтену, адъек­тивтену, адвербиалдану деп жатамыз. Оны көп бала түсінбейді. Кейде тіпті зерттеушілердің өздері де шатасып қалып жатады. Субстантивтену дегенді қазір заттану деп жүр. Шын мәніне келгенде, мұнда сөз біржола зат есімге айналып кетпейді. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы затсымақтану дейді. Мысалы, ақынсымақ, әкімсымақ деген бар ғой. Шын ақынды ешкім ақынсымақ, нағыз әкімді ешкім әкімсымақ демейді. Бұл әкім, я ақын болғысы келіп тыраштанып жүргендерге айтылады. Ал Ахаң қолданған затсымақтану дегенде сөз осы сөйлемде ғана зат есім сияқты болып тұрады. Мысалы, «көп күн өтті» дегендегі сын есімнің «Көп түкірсе – көл» деген сөйлемде затсымақтанып тұрғаны сияқты. Жалпы, Ахаңның кез келген термині ойға бірден жатталып-қатталып қалады. Оны ештеңемен шатас­тыру мүмкін емес. Қазір біз тема, рема дейміз. Байтұрсынұлы мұны бас мүше, баян­шы мүше дейді. Үлкен-кішіге бірдей түсінікті. Ахмет Байтұрсынұлының бас­ты ұстанымы – тіл халыққа мейлінше жақын, түсінікті, жеңіл болуы керек, – дейді ғалым.

– Расында, Ахаң қалыптастырып кеткен тілдік норманы бүгінде бұтарлап, бұзып алған сияқтымыз..., – дей беріп едім, Орынай Сағынғалиқызы айтпа­ғымды аяқтатпастан сөзімді іліп әкетіп:

– Дұрыс айтасыз. Мәселен, Байтұр­сын­ұлы «жиырмасыншы» демейді, «жиырманшы» дейді. Шындығында, сол дұрыс. Себебі «екінші», «жетінші» дегенді «екісінші», «жетісінші» демейміз ғой. Мұны, Ахаң да, Елдес Омаров та, Мәулен Балақаев та «жиырманшы» деп қолданған. Ахаңның төте жазуын сақтап қалған Қытай қазақтары, іргеміздегі Өзбекстанда тұратын қандастар да «жиырманшы» деп дұрыс айтады. Қырғыздар «жыйырманчы», өзбектер yigirmanchi, әзербайжандар iyirminci, түріктер yirminci дейді. Ал біздің кейінгі орфографияларда қате беріліп жүр. Ол дұрыс емес. Немесе, «қашан» және «неше» деген сөзді алайық. Орыс тілінде бұл ұғымды «сколько» деген бір ғана сөз білдіреді. Қазір қазақ тілінде «неше» мен «қаншаны» жарыса қолданып жүрміз. Бұл да дұрыс емес. Байтұрсынұлы еңбектерінде бұл туралы өте анық айтылған. Бір заттың нақты мөлшерін дәл білгіміз келсе, «неше?» деген сұрақ қоямыз. Ал заттың болжамды санын, я мөлшерін білгіміз келсе, «қанша?» деген сұрақ қоямыз. Мысалы, үстелде неше қалам жатыр? Қанша емес, неше қалам жатыр? Мұның жауабы нақты, 2 қалам немесе 3 қалам жатыр деген сияқты. Тойға қанша адам келді? Неше адам келді? – деп айтуға болмайды. Өйткені тойға 90 адам келді ме, 150 адам келді ме белгісіз, – деген ғалымның қисынды уәжі бірден көңілге қона кеткендей болды.

Жоғарыда аталған 740 беттік көлемді кітапта Ахаңның тіл ғылымына қатысты еңбектері түгелге дерлік қамтылыпты. Ғалымның айтуынша, бұған дейінгі 5 томдық, 6 томдық жинақтарда «Тіл құралдың» дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлеу жүйесінен бір-бір данадан ғана берілген.

– Ал шын мәніне келгенде, Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының еңбектері 1929  жылы ұсталып кеткенге дейін толықтырылып, жетілдіріліп, өзгертіліп шығып отыр­ған. Мысалы, «Тіл құралдың» жетіл­дірілген, толықтырылған 30-дан астам нұсқасы бар. Біздің кітапханаларда соның отыз үштейі бар, бірақ бұл ең­­бектің одан да көп нұсқасы болуы мүмкін. Біз жинаққа олардың қай­та­лан­байтындарын түгел енгіздік. Бұл нұсқалардан кемеңгер ғалымның ойының, ұстанымдарының қалай өзгеріп отырғанын байқауға болады. Мысалы, ғалым 1924 жылы Орынборда Қазақ білімпаздарының съезінде емлеге, дауысты, дауыссыз дыбыстардың өзара байланысына қатысты, ұяң, қатаң, жарты дауысты дыбыстарды тануға қатысты тұжырымдарын баяндайды. Ал 1924 жылдан кейінгі «Тіл құралдары» мүлде бөлек. Бұл нұсқалардағы әріптер мен сөздердің, сөз тіркестерінің жазылуы да өзгеше. Ахаң өзі бұрын ұяң деп келген дыбысты басқаша таниды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлы өзінің ғылыми тұжырымдарын үнемі дамытып отырған, – деді ғалым.

Орынай Жұбайдың сөзінше, соң­ғы кездегі зерттеулерде қазіргі тіл ғылы­мындағы коммуникативті грамматика, функционалды грамматика, этнограмматика, лингвомәдениеттану сияқты жаңа парадигмалар мен А.Байтұрсынұлының мұрасын байланыстыра қарастыру байқалады.

Сөз орайы келгенде биыл 150 жыл­дықты ойдағыдай дұрыс атқару үшін тағы нендей шаруалар жасалу керек деп сұрап қалдық. Ғалымның ойы конференция өткізіп, баяндама жасаумен іс бітпейді. Негізінен, Ахаңның мұраларын түгендеу керек дегенге саяды.

– Мысалы, Ахаңның Архангельскіде жүріп жазған «Тіл танытқыш» деген кітабы бар. Бұл еңбек қолжазба күйін­де жоғалып кеткен. «Әдебиет таныт­қыштың» ана бетін қара, мына тарауын қара деп сілтейтін нұсқаулығы да табылмай қалды. Қазір Ахмет Бай­тұрсынұлының 12 томдығы жинақталып жатыр. Әдебиет институты академиялық 5 томдығын жинақтамақшы. Мұның бәрі, әрине, көңіл қуантарлық дұрыс шаруа. Бірақ одан бұрын істелетін нәрсе – Ахаң мұраларын түгендеп алуы­мыз керек еді ғой. Мысалы, Ташкент пен Ресейде тек Ахаңның ғана емес жалпы Алаш қайраткерлеріне қатысты көптеген дүниелер табылып қалуы мүмкін. 2007 жылы Ташкенге барып, еш нәрсе ала алмай қайттық. Өйткені олар сырттан барған адамдарды архивке кіргізбейді.Сондықтан бұл мәселе мемлекет деңгейінде қозғалып, шешілуі керек. Сол жақта жатқан қазаққа тиесілі мұраның бәрін, ең болмаса, сатып алсақ игі еді. Мысалы, Қазақстанда «Қазақ газеті» мен «Еңбекші қазақтың» біреуінің де толық нұсқасы жоқ. Бір беті болса, екінші беті жоқ, бір саны болса, екінші саны жоқ дегендей. Ал мұның бәрі Мәскеуде сақталып қалған. Ресейліктер үшін бұл дүниелер жай макулатура ғана, түкке тұрмайтын нәрсе. Ал біз үшін бұл жатқан тарих. Қазанда қаншама дүние жатыр. Осының бәрін жинақтау міндет. Шыны керек, Мәскеу архившілері өздерінде жатқан араб қарпімен жазылған мұралардың қазақтікі екенін білмейді де. Қазір әдебиет институты Ахаң мұраларының текстологиясына мән беруде. Оған өзім де қатысып жатырмын. Қате кетіп қалмасын, салмақты академиялық жинақ болсын деп соған ерекше мән беріліп отыр. Бұл да маңызды шаруа, – деді О.Жұбай.

Ғалымның пайымдауынша, Ахаң еңбектері филологтарға ғана емес, жал­пы елге керек қазақтың асыл мұра­сы. Сондықтан төте жазуды мектеп бағдарламасына енгізсе де артық болмайды. Төте жазуды Орынай Сағын­ғалиқызының өзі де Ахаң әдістемесі бойынша балаларға оқытып көрген екен. Балалар бірден қағып әкетті дейді.

ХХ ғасырдың басында Ахаң бастаған қазақ ғалымдары түркі ғалымдарына көшбасшы болған. Мәселен, қазақтың ұлттық әліпбиі қалыптасқан соң, татар ғалымдары соны басшылыққа ала отырып, өз әліпбиіне реформа жасайды. Бұған біздің кейіпкеріміздің «Оны Е.Поливанов 1924 жылы шыққан еңбегінде де, 1929 жылы Қызылордада өткен ғылыми-орфографиялық конференцияда да айтады. Ол кісі: «Қазақтар әліпбиіне реформа жасап алған соң, татарлар да төл әліпбиін түзіп алды. Бірақ қазақтың әліпбиі әлдеқайда жақсы» дейді. Мысалы, Ишанали Арабаев қырғыздың әліпбиін жасағанда Ахаңның әліпбиін пайдаланған. Сондықтан қазақ ғалымдары бауырлас түркі жұртына барлық жағынан да үлгі болған» деген сөзі дәлел бола алады.

 

Қостанай облысы