Тарихшы-жазушы Қойшығара Салғараұлының жаңа еңбегі осы құпияны ашуға жасалған қадам. Ол қаншалықты құнды?
Әлемдік көне тарихқа үңіліп, ықылым замандар қойнауынан отыз жылдан астам уақыттан бері түрік тектес халықтардың ортақ тарихына, оның ішінде қазақ халқына қатысты суыртпақтап сыр іздеген тарихшы-жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлының ғылыми қауымға ұсынған жаңа еңбегі «Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс» деп аталады (Алматы, «Үш қиян», 2013 жыл, таралымы 1 000 дана, 172 бет). Әлемдік тарих ғылымы моңғол халқының тарихын VІІІ ғасырдың екінші жартысында Алтайда Ергене-қон деген қойнаудан өрбіген, көсемдері ерлі-зайыпты Бөрте-чино мен Гоа-марал бастаған елдің тарихынан таратады. Бірақ Ергене-қон моңғолдарының осы жерге қайдан келгенін, ата-бабасы кімдер екендігін, қандай тарихи-әлеуметтік жағдайларды бастан кешкендігін анықтайтын сұрақтарға жауап жоқ. Ергене-қон тарихы христиан жыл санауынан бергі VІ ғасырдың оқиғасы. Ергене-қоннан шыққандар түрік текті халық, Алтай – түрік халқының алтын бесігі деген түсінік тарих ғылымында орныққаны белгілі. Сонда моңғолымыз түрік текті халықтардың бірі болғаны ғой деген ой бірден көңілге келеді. Кәсіби «шыңғыстанушы» немесе «моңғолтанушы» маман болмағанымызбен, ізденіп жүрген жан болғаннан кейін ортақ тарихымызды танып, білуге септігі тие ме деген үмітпен жоғарыда айтылған сан сұраққа өзімізше жауап беру ізгі ниетімен қолымызға қалам алдық, дейді ғалым. Төрелігін зерделі оқырманның өзіне қалдырады. Ресми тарих деректері бойынша Шыңғыс хан 1206 жылы өзі құрған мемлекетін «Моңғол» деп атайды, яғни бұл ХІІІ ғасырдың басы. Ал Шыңғыс ханның атасы Қабул (Қабыл) хандық еткен мемлекеттің атауы «Хамағ моңғол ұлысы» деп аталады, бұл – ХІІ ғасыр. Зерттеуші осыған орай атау мәнін ашуға көмегі тиеді-ау деген жанама деректерге ден қояды. Бағзы тарихшылар Рашид ад-Дин, Әбілғазы, кейінгі ғалымдар Д.Банзаров, Ч.Хасдорж, Ли Дуфан, В.П.Васильев, Э.В.Шавкунов және басқалар «моңғол» халықтық атауы екі сөзден құралады деп, ойлары бір жерден шығатындығына назар аударады. Соған орай ғалым атаудың «ғол» («қол») сөзіне негізделген «моңғол», «мыңғол» нұсқаларын бір топқа, ал «ғұл» («құл») сөзіне негізделген «мыңғұл», «мұңғұл» нұсқаларын екінші топқа бөліп жіктеп, өзінің зерттеу әдісін алға тартады. Бұрын пікір айтқан ғалымдардың тағы бір ортақ тұжырымы – «моң», «мың», «мұң» сөздері кейінгі «қол», «құл» сөздерінің анықтауышы, яғни атау сырының кілті «қол», «құл» сөздері сияқты. Осылай ойды ой жетелейді. Қазіргі моңғол тілінде «қол» деген сөз жоқ екен. Ал түркі тілдес халықтарда, оның ішінде қазақтарда бұл сөздің бірнеше мағынасы бар. Біріншіден, адамға қатысты: дене мүшесі – «қол», екіншіден, малға қатысты: дене мүшесі – «қол», содан туындайтын «қол жілік», «қол ет» ұғымдары, үшіншіден, әскерге қатысты – «қол», одан «қолбасшы» деген сөз туындайды. Тағы бір назар аударарлық жәйт – тарихқа мәлім бұрынғы-кейінгі бірде-бір көшкінші халықтың атауында тура не ауыспалы мағынада «қол» сөзі кездеспейді. Сондықтан зерттеушілердің «моңғол» атауының төркінін дыбыс үндестігіне ғана орай «қол» («ғол») сөзі арқылы табуға бағытталған «мыңғол», «мұңғол» деген топшылауларын тарихи негізі жоқ тұжырымдар деп пайымдайды Қ.Салғараұлы. Зерттеуші енді «құл» («ғұл») сөзіне негізделген «мыңғұл», «мұңғұл» атау нұсқаларын талдайды. Байырғы көшкінші халықтардың бірде-бірінде «құл» сөзіне байланысты халықтық атау кездеспейді екен. Керісінше «құл» сөзін тіркеп атау отырықшы халықтарда бар. Ежелгі заманда құл иеленуші отырықшы елдер өктемдікпен көшкінші көршілерін мұқату мақсатында оларды түрлі кемсітуші, қорлаушы атаулармен атап, тіпті сондай қорлық сөздің кейбірін әлгі жәбірленуші халықтың атауына айналдырып та жіберген жәйттер тарихта кездеседі. Осыны есте ұстаған зерттеуші бағзы заманда көшкінші халықтармен қарым-қатынаста болған батыстағы, шығыстағы құл иеленуші мемлекеттер тарихына осы тұрғыдан үңіледі. Осы орайда тарих атасы атанған грек Геродоттың әйгілі «Тарих» еңбегінде баяндалатын бір дерекке назар ауады. Бұл қай жолға түсерін білмей дағдарған зерттеушінің талайдан ұмыт қалған ескі сүрлеу сілеміне кезіккеніндей, алыстан талып жеткен еміс-еміс шырақтың көмескі жарығы жылтырап шақырғанындай еді. Ал Геродот ол деректі естіген аңыз әңгімесі ретінде емес, нақты тарихи оқиға ретінде христиан жыл санауына дейінгі V ғасырдың ортасында жазып кеткен. Ол дерек былай дейді. Скифтер киммерлерді қуып Алдыңғы Азияға барады. Еуропалықтар скиф деп атаған халық ежелгі ғұздар, яғни түріктер, ол «ішғұз» және «сыртғұз» болып екіге бөлінетіні тарихтан мәлім. Осы ішғұздар Мидияны (Батыс Иран жері) жаулап алып, сонда 28 жыл ұзақ уақыт жайласып қалады. Елде қалғандардың бас көтерерлері осы жағдайды пайдаланып, билікті қолдарына, қатын-қалашты қойындарына алады. («Алпамыс» жырында Ұлтан құлдың жорықтан хабарсыз кеткен Алпамыс елінің билігін қолына алатын осыған ұқсас оқиғаны еске түсіріңіз). Бұл уақытта жаңа билеушілерден туған жаңа ұрпақ өсіп-жетіледі. Жорықшылар еліне қайта оралғанда елді билеп отырғандар есейіп, қолына қару ұстауға жарап қалған өз ұрпағымен оларға қарсы шығады. Өйткені, ел билігін басып алған, әйелдерді азғырған күнәлары бар ғой. Бір елдің уақыт екіге бөліп, жат бауыр еткен туыс халқы бір-бірімен қырылысады. Өзара ұзақ соғыста елге оралғандар ақыры амалын тауып жеңеді де, қарсыласқандар бала-шағасымен, қауымымен үдере қашады. Оларды өкшелей қууға жеңіске зорға жеткен жеңімпаздардың мұршасы болмайды. Міне, осы жұртынан жырыла қашқан қауымды Геродот «құлдар» деп атапты. Геродот солай деп жазғанда мұны өз ойынан шығармай, елде қалыптасып қалған атауды алса керек. Бұл сірә Мидиядан отанына оралған ішғұздардың өздерінің қашқындарға берген атауы сияқты, бұл олардың құл иеленуші елдер арасында ұзақ уақыт тұрып, солардың тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүрінің біразын бойларына сіңіріп үлгергендігін көрсеткендей. Моңғол атауының нұсқалары ішінде «мыңғұл» («мың құл») атауы осы оқиғамен орайлас шығуы тарихшылар мән беретін жәйт. «Мың» сөзінің «көп» деген ұғымды беретіні тағы бар. Алайда, автор осымен бәрі дәлелденді деп, кесіп-пішпейді, «мың құл» қашқындардың ізін табуға тырысады. Ал ізді табу діттеген жерге адастырмай алып баратын құбыланама ұстап, жолға түскенмен бірдей десе де болғандай емес пе. Азау (Азов) теңізінің (Меотий көлінің) маңында өзара соғысқан туыстардың жеңіліс тапқандары шығысқа қарай үдере қашып, «құлдар» атануы «мың+құл» («көп құл») атауының төркінін табуға мегзегенімен, қазіргі моңғолдарға қандай қатысы барын ашып бере алмайды, яғни бір сұрақтың табылғандай болған жауабы екінші сұрақты туындатып тұр. Ұлы Даланың бірі батысын, бірі шығысын мекендеген, тіптен жырақ жатқан бөлек халықтар емес пе? Батыстан шығысқа қашқан халық қайда барып мекендеді? Осы ретте «моңғол» («мыңғұл») атауы тарихта ХІІ ғасырда Шыңғыс ханның атасы Қабул (Қабыл) билік еткен «Хамағ моңғол ұлысы» атауында бір-ақ кездеседі, оған дейін еш жазба деректе ұшыраспайды екен. «Азия тарихшылары» немесе «Шығыс тарихшылары» атанған Рашид ад-Дин, Хондемир, Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри жазып қалдырған ауызша деректер талай кәдеге жарап келе жатқаны бар. Ол деректерде «моңғол» әуелде кісі есімі ретінде беріледі де, келе-келе халықтық атауға айналады. Бұл дерек бойынша Моңғол әйгілі Нұх пайғамбардың үш баласының бірі Йафеттің сегіз ұлының үлкені Түріктен тараған ұрпақтың алтыншы буыны Аланша (Аланча) ханның егіз баласының кішісі. Егіздің үлкені – Татар. Тарихшы Әбілғазы осылай таратады. Моңғолдан тараған ұрпақ тұтас халыққа, «Моңғол хандығы» деген елге айналыпты. Әбілғазы мен Рашид ад-Дин моңғолдарды Қарахан деген хан билеп тұрған, олардың жаз жайлауы Эрь-таг пен Герь-таг (Ортау мен Кертау), қыс қыстауы Қарақұм (Қарақорым) мен Сыр бойы деп көрсетеді. Ал бұл жерлер қазіргі Қазақ жұрты. Егер географиялық жағдайға мән берсек, Геродот жазған «құлдар» қашатын Азау теңізі өңірі мен Сыр бойы ғасырлар бойы жылжып отырған көшкінші елге соншалықты қашық та емес. Сонда бұл моңғолдар Азаудан қашқан «құлдардың» ұрпағы болуы мүмкін-ау. Өйткені олардың атауында «құл» («ғұл») сөзі бар. Бұл осыған дейін тарихшылар мән бермей келген жәйт. Тарихшы-жазушы осы орайда тағы бір негізді алға тартады. Әлемдік тарих, «Моңғолдың құпия шежіресі» Шыңғыс хан заманындағы моңғолдарды қият және нүкүс деген екі тайпадан құралады деп көрсетеді. Ал Әмудария мен Сырдария аралығында осы екі тайпаның атымен аталатын қалалар болыпты. Олар Шыңғыс хан Қыпшақ Даласын жаулап алғанға дейін болған кенттер. Нүкіс атаулы қала қазір де бар, қарақалпақ елінің астанасы. Қият –Амудария бойында. Бұл өңірдің Қарахан билеген моңғолдар мекендеген аймақ болып шығуы да ойлантуы тиіс. Осы арада Қ.Салғараұлы әлемдік тарихтан мәлім ішғұздардың Алдыңғы Азияға басып кіріп, Мидияны жаулап алғаны христиан жыл санауына дейінгі VІІ ғасырдың жетпісінші жылдары деген дерекке сүйене отырып, Азау теңізінен шығысқа ығысқан мыңғұлдардың (көп «құлдың») жаңа жерде ес жиып, еңсе көтергені, өз мемлекеті – моңғол хандығын құрған кезі христиан жыл санауына дейінгі VІ ғасырдың межесі деп топшылайды. Бағзы тарихшы Рашид ад-Диннің және кейінгі ғалым Х.Пэрлэннің келтіретін деректері автордың осы топшылауын растай түсетінін білікті тарихшы ғалымдар теріске шығара қоймас. Демек, мыңғұлдар әлемдегі ежелгі халықтардың бірі және түптегі түрік болып шығады. Өйткені, Геродоттың «құлдары» ішғұздар, ал ғұздар түрік халқы. Бұл – моңғол тарихы үшін жаңалық. Ауызша тарих ағайынды екі халық Моңғол хандығы мен Татар хандығы (осының алдында Моңғол мен Татар Аланша (Аланча) ханның егіз ұлдары екен деген дерек келтірдік) өзара тоғыз рет соғысып, бірін-бірі қуалап қытай шекарасына жеткенін баяндайды. Тарихшы Әбілғазы олардың арасындағы соғыс өртінің өршігені сондай, «Әму-дарияның бүкіл суын құйсаң да басылмайтын күйге жетеді» деп жазады. Бірақ ауызша тарих бағзы заманда қазіргі Қазақстан жерін мекендеген мыңғұлдардың қытай шекарасына қай кезде барғаны туралы ештеңе айтпайды, қытай жазбаларында да татарлар мен мыңғұлдар атаулары кездеспейді екен. Есесіне христиан жыл санауына дейінгі ІV ғасырдың аяғы мен ІІІ ғасырдың басындағы оқиғалар сипатталатын қытай жазбаларында «сиуңну» және «дуңху» деген халықтар туралы сөз болады. Бұл қытайлардың жаңа көршілерін білген, сөйтіп олармен болған оқиғаларды қағазға түсірген кезі. Қытайтанушы ғалымдар «сиуңну» сөзін «кекшіл құл», «өркөкірек құл», «жауыз құл» деп аударып жүр. Бұл жерде «құл» сөзінің кездесуі Сыр бойынан кейін ізін жоғалтып алған мыңғұлды меңзеп тұрғандай. «Дуңху» атауы «шығыстағы жабайылар» деп аударылыпты. Бұдан көріп отырғанымыздай, «сиуңну», «дуңху» сол халықтардың өздерінің төл атаулары емес, қытайлар таңған атаулар. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Қытайға барып, көне тарихқа ден қойған әйгілі шығыстанушы синолог чуваш Н.Я.Бичурин (Йакинф) «сиуңну (хунну)» – «моңғол», ал «дуңху» – «татар» деп дәлелдеді. Қазір тарих ғылымында сиуңнулар (хуннулар, ғұндар) – түрік, олар бүкіл түрік тектес халықтардың атасы деген пікір қалыптасқан. Сиуңну халқының тілі алтай тілі жүйесіндегі тілге жатқызылып жүр. Дегенмен, ХVІІІ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың ортасына дейін тарихшы ғалымдар арасында сиуңну халқының тегі түрік, моңғол, фин, славян деген әртүрлі пікірлер болған. ХХ ғасырдың ортасынан бері қарай «сиуңну» атауы моңғолдың «адам», «кісі» деген ұғымды беретін «ғұн» сөзінен шыққан деген пікір белең алған. Қазақ тарихшылары да осыны құп көрген. Осыларды жіктеп саралай келе, Қ. Салғараұлы мұның бәрі ғылыми негізі жоқ болжамдар деп ой түйеді. Көшпелі көне халықтардың шығу тегін анықтауда қытай жазбаларындағы атаулардың мән-мағынасын тек дыбыс үндестігі мен сөз ұқсастығы арқылы ашуға негізделген болжам бір жаңсақтықтан екіншісін туындатып, қате түсініктердің молайып кетуіне жол ашқанына назар аударады. Сөйтіп, қытайдың көне жазбаларындағы атаулардың берілуін шартты түрде үш кезеңге бөліп, талдайды. Тарихшылардың сиуңну халқын түріктер деп танып, ғылымға енгізуіне мынадай төрт себеп негіз болған, дейді Қ.Салғараұлы. Біріншісі – зерттеушілердің еуропалық таным-түсінікпен скиф-сақ халықтарын үнді-еуропа тілінде сөйлеген халықтар деп пайымдап, түрік тектес халықтардың ата тегін тек Орталық Азиядан ғана іздеуі. Екіншісі – сиуңну халқынан жеткен ондаған көне сөзді тілші ғалымдардың түрік тіліне жатқызуы, яғни сиуңнулар түрік тілінде сөйлеген деген қорытындыға келуі. Үшіншісі – Азия тарихшылары (Рашид ад-Дин, Хондемир, Әбілғазы) баяндайтын Түрік ханның ұрпағы Оғыз хан мен сиуңну билеушісі Маудунның (Мөде, Мүде, Мете) іс-әрекеттерінің ұқсастығы. Осыған қарап Оғыз хан мен Маудун чәниүй екеуі бір адам деген болжам. Төртіншісі – осы Оғыз хан мен Маудун чәниүй ұрпақтары бастан кешкен оқиғалардың бірдейлігі. Олар дұшпандарынан жеңіліп, бір тауға (Ергене-қонға) барып паналайды. Сол жерде 450 жыл тыныш өмір сүріп, әбден күшейіп алған соң төңірегіне танылады. Міне, осыдан барып шығыстанушы ғалымдар оларды Түрік қағанатының шаңырағын көтерушілердің ататегі деп таниды. Осы жәйттердің бәрін саралай келе зерттеушілер қытай дерегіндегі «сиуңну» түрік халықтарының ататегі деген қорытынды жасайды. Тарих ғылымына осылай енді. Түрік – бүкіл түрік тектес халықтардың діңі. Ал мыңғұл мен татар сол діңнен өніп-өсіп тараған көп бұтақтың екеуі ғана. Қытай дерегінде «сиуңну» деп аталатын халықты түп негізіміз, яғни «түрік» деп жүргеніміз дұрыс емес. Төл тарихымызға төл таным ақиқатымен қарау парыз. Сонда ғана ежелгі қытайлардың көне заманда көрші болған халықтың «мыңғұл» атауын «сиуңну» деп алғанын парықтаймыз. Қазіргі қазақ тарихында «сиуңну» атауын «ғұн» деп алып жүргеніміздің де ешқандай негізі жоқ, қате түсінік екенін ажырата аламыз. «Сиуңну» атауының баламасы «түрік» те, «ғұн» да емес, «мыңғұл» деп, нық тұжырады зерттеуші. Сөйтіп, қазіргі қазақ тарихынан мықтап орын тепкен, шынайы халықтық атауға түк қатысы жоқ, қазіргі «моңғол» атауының «кісі», «адам» деген мағынаны білдіретін «ғұн» атауын өзгертіп, халықты өзінің бұрынғы төл атауымен «мыңғұл» деп атауды ұсынады. Сонымен қытайша «сиуңну» аталып келген халық түрік текті мыңғұл болса, олардың қазіргі моңғолдарға қатысы бар ма деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Сиуңну (мыңғұл) империясы өзара іштей қырқысудан және сырт жаулармен арпалысудан әлсіреген кезде, осы жағдайды пайдаланған қытайлар мен сиәнбилердің (татарлардың) бірлескен соққысынан мемлекет бір жолата күйрегенін, сөйтіп халықтың бір бөлігі Алтайда Ергене-қон деген жерге барып паналағанын алдында айтып өттік. Сол жерде төрт жарым ғасыр өмір сүріп, кейін тарихқа «моңғол» деген атпен танылған халық осы Ергене-қонды паналаған мыңғұлдар (сиуңнулар) ұрпағы еді. Ресми тарих оларды Түрік қағанатының негізін қалаушылар деп санайды. Алайда бұл қате тұжырым. Түрік қағанатын құрушылар Алтын тауды мекендеген ежелгі қыпшақтар, ал Алтайда Ергене-қоннан шыққандар – мыңғұлдар (сиуңнулар), бірақ бұлар да түрік тектес ағайын халықтар. Енді мыңғұл мен моңғол бір халық па деген әуелгі сұрағымызға қайта оралайық. Христиан жыл санауына дейінгі ежелгі мыңғұлдар да, кейінгі христиан жыл санауынан кейінгі ергенеқондықтар да бір халық – түріктер. Қазіргі моңғолдар осы Ергене-қоңнан шыққандардың ұрпағы. Осылай тарихи сабақтастықты үзбей таратуға болады. Бірақ ежелгі мыңғұлдар (сиуңнулар, ергенеқондықтар) мен қазіргі моңғолдар арасында өткен жүздеген жылдар уақыт олардың этностық құрамын өзгертіп жіберген еді. Мыңғұлдар (сиуңнулар, ергенеқондықтар) бірыңғай түрік тектес халықтардан құралса, қазіргі моңғолдар түрік тектес және тунгус-мәнжүр тайпалардан тұрады, соған орай тіл ерекшеліктері де айтарлықтай. Ежелгі мыңғұлдар тарихы христиан жыл санауына дейінгі VІІ ғасырдың аяғында Азау (Азов) теңізі маңынан қаша көшуден басталып, христиан жыл санауынан кейінгі бірінші ғасырдың соңында мемлекетін қытайлар мен сиәнбилер (татарлар) талқандап, Алтайда Ергене-қонға тығылумен аяқталады. Ал моңғолдар (мұңғұлдар) тарихы осы Ергене-қонда ес жиюмен өткен 450 жылды қоспағанда христиан жыл санауынан кейінгі VІІІ ғасырдан басталып, ХІІІ ғасырда шаңырақ көтерген Шыңғыс ханның Моңғол империясымен жалғасады. Жарты әлемге жайылған Моңғол империясының кейінгі (бүгінгі) тарих-талайы баршаға белгілі. Жазба тарихтағы шетелдік таным-түсініктің үстемдігімен «мыңғұл» атауы да «моңғол» болып өзгеріп, қалыптасып кеткен. Ғылымда олар «көне моңғолдар» немесе «Шыңғыс хан моңғолдары» деп аталады. Шыңғыс хан моңғолдарының тілі – түрік, діні – Тәңір діні болған. Демек, Шыңғыс хан да Еділ (Аттила) патша сияқты түрік халқының ұлы перзенті. Шыңғыс ханды түрік тектес халықтардың ортақ ұлы перзенті деп қараған жөн дейміз. Кітаптың екінші бөлімі «Үш Шыңғыс» деп аталады. «Шыңғыс» деген сөз атақ па әлде лауазым ба, ол не мағына береді, қай тілдің сөз қорына жатады? Қазіргі түрік тектестер, қытай, моңғол тілдерінде бұған жауап жоқ. Автор бұл сауалдардың жауабын мыңғұлдар тарихынан іздейді. Қытайша «сиуңну» дегеніміз «мыңғұл» деген тұжырымға келдік. Енді осы сиуңну елі билеушісінің ең жоғары лауазымының атауы «чәниүй» («шаньюй»), мұның лауазымдық мағынасы қытайлардың «көктің ұлы» немесе ежелгі түріктердің «қаған» дегеніне жобаласады. Бір ескеретін жәйт – осы «чәниүй» лауазым атауы қытаймен көрші болған басқа бірде-бір көшкінші халықта жоқ. Қазақ тарихшылары «чәниүй» атауын ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап «тәңірқұт» деп алды. Бұған Қытай елінде тұратын қазақ тарихшыларының осылай деп атауы себеп болыпты. Дегенмен, Қ.Салғараұлы осы орнығып қалған атауға өзінің күмәні барлығын білдіреді. Қытай дерегін жан-жақты талдай келе «тәңірқұт» деген атау оның мағынасын тап басып айту емес, болжам ғана екендігін пайымдайды. Сөйтіп, сиуңну мемлекетінің орнында орнаған кейінгі түрік мемлекеттеріндегі лауазым атауларына да назар аударады. Көне қытай тарихшысы Бан Гудің «Хән кітабында» осы «чәниүй» сөзінің «ұлан-байтақтықтың, кеңдіктің белгісі» деген түсіндірмесі түрікше «тархан» («дархан») лауазымына мағыналас келіп тұрғаны ой салады. Сонымен, мыңғұл-сиуңнуларда «шыңғыс» сөзі лауазым атауы болмады. Сиуңну (мыңғұл) билеушісінің есімі тарих зерттеушілерінің назарына ілікпеген. Осы ретте автор тағы да сиуңну (мыңғұл) халықтарының мұрагері есептелетін кейінгі түрік тектес халықтар, мемлекеттер тарихына үңіліп, ел билеушілерінің аттарына, атақтарына көңіл аударады. Міне, осы тұста ХІІІ ғасырда Моңғол империясының шаңырағын көтерген Тэмужиннің «Шыңғыс» деген айбарлы лақап есімі алдан шығады. «Шыңғыс» сөзі Сиуңну (мыңғұл) империясының әйгілі билеушісі Маудунге (Мөде, Мүде, Мете) таңылған қытайша «Чиңтыжы» сөзіне ұқсас, алғашқы буынының дыбысталуы үндес. Маудунның да, Тэмужиннің де шыққан тегі мыңғұл халқы. Демек, «Чиңтыжы» мен «Шыңғыс» бірі қытайша, бірі мыңғұлша (сиуңнуша) бір ұғымды беріп тұрған жоқ па екен? Оның үстіне «шыңғыс» сөзінің төркінін тап басқан ешкім жоқ, жорамал көп. «Мықты кісі», «тақ иесі», «нұрдан жаралған», «ұлы хан», «теңіз хан», «дала хан», «телегей хан», «шыңдай биік хан», «тау хан», «шың құз» деген түрлі ұғымдарға жору бар. Осылардың бәрін саралай келе Қ.Салғараұлы өз пайымын ұсынады. Автор айтады: «Шыңғыс» сөзі әу баста «шың» және «қыс» («сық», «күш») деген екі сөзден құралған. Шың – таудың ең биігі. Ежелгі түріктердің түсінігінде Тәңірдің мекені көкте. Тәңір – ежелгі түріктердің сыйынар Құдайы. Ол жылына бір рет көктен түсіп, шың басында отырады екен. Сол жылдың Жаңа күнінде (Наурызда) бүкіл ел тауға барып, Тәңірге, Жерге, Ата-баба аруағына арнап құрбандық шалады. Бұл күні Тәңір шың басында тұрып бәрін көріп, естіп, тілеген тілекті қабылдап отыр деген түсінік болған. Түрік тектестер Құдай отырған шыңды «тақ», «Тәңір тағы» деп санаған. Бірте-бірте «шың» ұғымы «Тәңір» («Құдай»), ал «тақ» ұғымы «тау» деген мағынаға айналған. «Тәңір тау», «Аспан тау», «Хантәңірі» деген атаулар сол ежелгі түсініктен жеткен белгілер. Осылай талдай келе «Шыңғыс» атауының алғашқы буыны «шың» бастапқы мағынасындағы «тау биігі» деген ұғымнан «Тәңір» («Құдай») деген мағынаға ауысқан. Ал «қыс» («сық») сөзі «күш», «қуат» деген ұғымды береді. Сонда «Шыңғыс» сөзі «Тәңірдің күші», «Құдайдың қуаты», «Құдайдың қаһары» болып шығады. Батыс жұрты кезінде Еділ (Аттила) қаһарманды «Құдайдың шыбыртқысы» («Бич божий») атауы да бекер емес. Демек, кезінде Еділ де – Шыңғыс атанған. Бұл атақ-есім билеушілердің бәріне емес, елінің бұрынғы атақ-даңқын қайта орнатқан, қуатты мемлекет құра алған, өзіне тең келер қолбасшы жоқ ұлы тұлға билеушілердің таңдаулысына ғана халықтың ұйғарымымен берілген екен. Шыңғыс атақ-есімі мыңғұл (сиуңну) тұңғыш империясының шаңырағын көтерген, төңірегін түгел және қытайды бағындырып, тарихта өшпес аты қалған Маудунға (Мөде, Мүде, Мете), жарты әлемге Моңғол империясының билігін жүргізген Тэмужинге және Еуропаны тізе бүктірген Еділге (Аттилаға) бұйырған. Шыңғыс атанған басқа билеуші-қолбасшылар болды ма жоқ па, ол тарихта белгісіз. Бұл атақ-есім оларға халық өкілдерінің құрылтайында берілген. Олардың үшеуі де мыңғұл халқының ұлы перзенттері. Еуропалықтар «гунны», қытайлар «сиуңну», қазіргілер «моңғол» деп түрліше атағандарымен бәрі тегі бір халықтан шыққандар – ежелгі түріктер, яғни мыңғұлдар, солардың ұрпақтары. Сонымен, «Шыңғыс» атақ та, лауазым да емес, ұлы мемлекет орнатқан теңдессіз тұлғаларға берілетін бірегей құрметті есім. Тарихшы-жазушы Қойшығара Салғараұлы ашқан моңғол құпиясы осындай. Бұл жаңалықтарға, ұсыныстарға маман тарихшы қауым не дер екен? Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, журналист-заңгер, Қазақстанның мәдениет қайраткері. АСТАНА.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10