Технология • 04 Сәуір, 2022

Цифрлы нарықтағы құбылмалы кезең

317 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұрынғы одақтас республикаларда жүріп жатқан әскери ұрыс салдарынан ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сегментінде қызмет көрсететін компаниялар мен жекелеген мамандар қоныс ауыстыруға мәжбүр. Қазақстан мұндай мамандарды құшақ жайып қарсы алуға дайын. Алайда еліміздің IT қауымдастығы биліктің бұл ұстанымын аса құптап отырған жоқ.

Цифрлы нарықтағы құбылмалы кезең

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мамандар миграциясы қарқынды

Дүниежүзі пандемияны жеңуге шақ қалғанда бауырлас елдер арасындағы қарулы қақтығыс жаһандық экономиканы сан соқтырып, жығылғанға жұдырық болғандай. Демек жаһандық геосаяси процестер әлемнің қаншалықты күрделі әрі нәзік екенін байқатып отыр. Қарша бораған санкциялар жанжалдасушы мемлекеттерде еңбек миграциясының орын алуына түрткі болды. Бұл әсіресе IT-саласына қатысты. Жасыратыны жоқ, ТМД аума­ғында цифрлы технологиялар нарығында жұмыс істейтін ком­паниялар мен мамандар жеткілікті. IDC компаниясының ТМД-дағы өңірлік директоры Андрей Беклемишевтің пікіріне сүйенсек, былтыр Ресейде ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялар нарығындағы ақша айналымы 52 млрд долларға жетсе, Украинада оның көрсет­кіші 6 млрд долларға жақын. Соғыс жағдайы бұл табыс көзін құлдыратып қана қоймай, көршілес Беларусь елі мен Польша, Чехиядағы IT-саласына кері әсерін тигізеді.

«Біздің сарапшыларымыздың мәліметіне сәйкес, Украинада 14 мыңдай бағдарлама әзірлеу­шілері болған. Қазір олардың кейбірін эвакуациялап, аталған мамандар қоныстарын ауыстырып жатыр. Беларусь елінде де басқа елдерге көшіп жатқан IT-саласының өкілі көп. Айталық, кейбірі Еуропаны таңдаса, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанға қоныс аударып жатқандар да аз емес. Бұл миграция нарыққа қажетті өнімдердің кеш жеткізілуіне әсер етуі мүм­кін. Тұтастай алғанда, қыз­меттік локацияны ауыстыру үрдісі жаһандық нарық үшін жағымды не жағымсыз болатыны да әзірге белгісіз», деді А.Беклемишев.

IT-саласының сарапшысы Азиза Шужееваның айтуынша, Ресей мен Украинаның АКТ мамандары уақытша қоныс ретінде отандық интернет кеңістігінде талқыланғандай Қазақстанға емес, көп жағдайда Армения мен Қырғызстанға басымдық береді.

«Кейінгі апталарда әлеу­меттік желілерде украиндық және ресейлік мамандардың елімізге қоныс аударуына байланысты әңгіме көп талқылана бас­тады. Мұны қолдайтындар да, керісінше келіспейтіндер де бар. Десек те, бір қызығы, Ресей мен Украинадағы IT-компаниялар қызметтік мекенді ауыстыру бойынша таңдауы Армения мен Қырғызстанға түсіп жатыр. Неге десеңіз, аталған елдерде салық жүйесі кәсіп жүргізуге қолайлы. Оларда шетелдік резиденттерге 20%-дық салық салу тәртібі қолданылмайды. Бұған қоса тіркеу рәсімі де оңтай­ландырылып, валюталық қа­дағалау жүргізілмейді. Сол секілді Ресейдегі америкалық компаниялардың Түркияға көшіп жатқаны туралы ақпараттар тарай бастады. Түркиялық әріп­тестерімізбен сөйлескенде, олар өз IT-нарықтарын дамыту үшін мамандарды тартуға дайын екендерін жеткізді», деді А.Шу­жеева.

«Сбер» жобасы қажетсіз екенін көрсетті

Documentolog компания­сының бас директоры Бай­жан Қанафин айтқандай, Қа­зақстанда жоғары технология­лар саласында білікті мамандарды табу қиын. Сол себепті жұмыс өнімділігін арттыру үшін көршілес елдерден еңбек ресурсын тарту қалыпты үрдіс.

«Өз басым аталған мәселеге кәсіби тұрғыдан қараймын. Бұл мамандардың ізімен кейін Ресейдің билігі де келіп, елімізді жаулап алады дегендей пікірлер де айтылды. Алайда бұл ақылға қонбайтын және қисынсыз пікір деп санаймын. Себебі қоныс аударушылардың басым бөлігі жергілікті биліктің саясатымен келіспей, елдерін тастауға мәжбүр. Мұндай қадамға олар тойып секіргендіктен барып отыр­мағанына сенімдімін. Екін­ші мәселе, елімізге келуге ниетті компанияларға артық пре­­ференциялар беріліп қоймай, әділ бәсекелестік сақталса игі. Осындай сын сәтте ел Үкіметі ішкі мәселелерге, өзіміздің сала­мызды дамытуға мән берсе екен деймін. Атап айтқанда, мемлекеттің экономикадағы үлесін шын мәнінде азайтатын кез жетті. Сыбайлас жем­қорлықты ауыздықтап, тиісті шешімдерді қабылдауда ашық­тық қажет. Сондықтан басқа жақта өрбіп жатқан мәсе­ле­лерден гөрі өзіміздің ішкі ахуа­лымызды жақсартуға көңіл бөлген тиімдірек болар. Бір жа­ғынан, көршілес елдегі жағдай Үкіметке «Сбермен» арадағы келісімді қайта қарастыруға ықпал еткендей. Менің ойымша, бұл жоба елімізге қажет емес және одан бас тарту керек», деді Б.Қанафин.

Интернетсіз қалуымыз мүмкін бе?

«Транстелеком» компания­сының Стратегиялық жоспарлау және талдау бағытының бөлім меңгерушісі Мирхат Серікбаевтың сөзіне сенсек, Ресейге салынған санкция­лардың салқыны жанама түрде елімізге де тиюі ғажап емес. Өйткені «Транстелеком» байланыс қызметін ұсынатын оператор ретінде негізгі трафикті Ресейден сатып алады. Бұл шамамен 320 гигабит секундты құрайды. Ары қарай бұл трафик транзит арқылы Орталық Азия елдері мен Қытайға таралады. Қазір интернет-трафигінің әлемдік таратушысы LINX (London Internet Exchange) ресей­лік «Мегафон» мен «Рос­телеком» провайдерлерін телекоммуникация қызметінен ажыратып тастаған. Ұлттық байланыс операторы осының кесірінен қажетті байланыс сигналынан айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы.

«Мұндай сәтте еліміздің құзырлы органы қандай жұмыс­ты қолға алды дегенге келсек, Цифрлы даму министрлігі қол­даудың орнына, керісінше айыппұлдың сомасын он есеге көтеріп жіберді. Екіншіден, телекоммуникация қызметі мен IT-нарығына арналған құ­рал-жабдықты біз ЕАЭО-дан тыс доллар және еуро валю­тасымен сатып алатынымыз­ды айтқым келеді. Сол себепті бұл да табысымызға әсер етіп, абоненттерге ұсыны­ла­тын қыз­меттің тарифін қайта қарас­тыруға тура келетін шығар. Сон­­дықтан министрлік өкілдері каби­неттерінде құр отырмай, тез арада Қытай елімен қажетті қон­дырғыларды сатып алуға бай­ланысты халықаралық келі­сімшартқа отырып, есеп айы­ры­суды юань-теңге валютасымен жүргізгені абзал», деді М.Серікбаев.

Бизнес жүргізуге қолайсыз өңір

Қазақстанның интернет қауымдастығының президенті Шавхат Собировтың айтуынша, ресейлік компаниялардың қаптауына алаңдамақ түгілі армандаудың қажеті шамалы. Ұйым басшысы елімізде IT-бизнесті жүргізу оңайға соқ­пай­тынын айтады. Оған же­тіл­ді­рілмеген заңнама мен тым ар­тық шектеулер мұрсат бер­мейді.

«Қазақстан кез келген кәсіпті жүргізу бойынша қо­лай­лы өңір деген жаңсақ пі­кірден арылу қажет. Кейінгі уақыт­та Мәскеу, Омбы, Санкт-Петербург және Новосібірдегі IT-ком­пания­лар­мен көп пікір алмастым. Түсінесіз бе, еліміздің заңнамасы тым бюрократияланған. Пан­демия басталғалы бері ше­неу­ніктерге тиісті заңдарды қа­былдауда оңтайлы шешімдер қарастыруды ұсынған едік. Жұмыс топтарының отырысында да бірнеше рет айттық. Нәтижесі – нөл. Оның үстіне қаңтар қасіретінде интернеттің қалай өшірілгенін жақсы білесіздер. Бұл мемлекеттік төң­­керіспен пара-пар. Оны еш­кім айтып жатқан жоқ. Неге? Интернет және тұтастай цифр­лы инфрақұрылым тек қана әлеуметтік желілерден тұр­майды. Бұл телеметрия, ауруханалар және басқа да маңызды қыз­меттермен тығыз байланыс­ты түрлі деректер қоры. Онда мыңдаған адам жұмыс істейді. Шын мәнінде, бізге түрлі ережелер мен актілерді қабылдауды жеңілдететін тетік қажет деп ойлаймын.

Трафик алмасу нүктесіндегі мемлекеттік монополия жөнінде айтып келе жатқанымызға біраз болды. Қашанға дейін «Қа­зақтелеком» «Билайнмен» бір­ге трафик алмасу нүктесін жеке- дара иемденеді? Неге оны бә­секелестік ортаға бермейді? Бүкіл әлемде трафик алмасу нүктесі бизнестің арасында тең үлестіріледі», деді Ш.Собиров.

Түйіндей келгенде Қазақ­стан­ның IT қауымдастығы қа­зіргі салық жүйесі жағ­да­йын­­­да елімізге шетелдік ком­­па­ния­лардың келетініне күмән­мен қарап отыр.