Осыған дейін Ресей сарбаздары Украинаның солтүстік бөлігінен жаппай кетіп жатқанын мәлімдеген болатынбыз. Оқиға орнында жүрген шетелдік БАҚ қалалар мен елді мекендердің қазіргі ахуалын көрсетіп, жергілікті халықпен тілдесіп, қиын жағдайын жеткізіп жатыр. Бұл оқиғадан кейін Батыс елдері Ресейге тағы санкция салуды ойластырып жатыр. Франция президенті Эммануэль Макрон Ресейдің көмір мен мұнай экспортына қарсы санкция салуға шақырды. Ол француз БАҚ-тарына «әскери қылмыстың айқын белгілері бар» деп мәлімдеген. Германияның қорғаныс министрі Кристин Ламбрехт осыған дейін құлықсыз болып келген Еуропалық одақ енді Ресей газын импорттауға тыйым салу туралы мәселені талқылауы керек деді. Батыс басшылары осы секілді мәлімдемелер жасап, жаңа санкциялар салынуы мүмкін екенін ескертіп жатыр.
Ал Кремль халықаралық басшылардан Бучадағы жағдай туралы жалған айыптауларға асықпауды және әртүрлі дереккөздерден мәлімет сұрауды талап етті. Ресей бұл айыптауларды үзілді-кесілді қабылдамайтынын жеткізді.
«Жағдай, әрине, өте маңызды. Сондықтан біз халықаралық көшбасшылардың мәлімдемелер жасауға, жалған айыптауларға асықпауын және ақпаратты әртүрлі дереккөздерден сұрауын, кем дегенде, біздің дәлелімізді тыңдауын талап етеміз», деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Оның айтуынша, мұндай маңызды мәселе жоғары деңгейде талқылануы керек.
«Біз кез келген айыптауды үзілді-кесілді қабылдамаймыз. Оның үстіне бұл тақырып барынша жоғары деңгейде талқылануы тиіс деп есептейміз. Сондықтан Мәскеу Қауіпсіздік кеңесінде осы тақырыпты қарастыру бастамасын көтерді. Алайда бастама қолдау таппағанын білеміз. Біздің дипломаттар бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне шығару үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастырады. Тақырып өте маңызды», деді Д.Песков.
Ресейдің қорғаныс министрлігі де Киев режімінің Буча елді мекеніндегі бейбіт тұрғындарды өлтірді деген айыптарын жоққа шығарып, Ресейдің Қарулы күштері Бучудан 30 наурызда толығымен кетті деп мәлімдеген.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Бучадағы оқиғаларға тәуелсіз тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту керегін айтты.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы Украинада соғыс басталғаннан бері 3455 бейбіт тұрғын зардап шеккенін хабарлады. Оның ішінде 1400-ден астам адам қаза болып, 2000-нан астамы жарақат алған. БҰҰ нақты сандар әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді.
Ресей елдің солтүстігінен әскерін шығарғанымен, дүйсенбі күні таңертең Одесса мен Херсонды нысанаға алып, оңтүстік Украинаға шабуылдарын қайта бастағанға ұқсайды. Мариупольде де шабуыл жалғасқан.
Украинаның вице-премьер-министрі Ирина Верещук Мариуполь портындағы және жақын Луганск облысындағы қақтығыс аймақтарынан 2964 адамның эвакуацияланғанын хабарлады. Қызыл Крест ұйымы жұма күні гуманитарлық көмекті жеткізу үшін Мариупольге кіруге бірнеше рет әрекет жасаған. И.Верещук Қызыл Крест автобустарын қалаға кіргізу үшін Ресеймен келіссөз жалғасып жатқанын айтты. Бейсенбіде ол соңғы апталарда Мариупольден шамамен 75 мың адам эвакуацияланғанын хабарлаған-ды.
АҚШ БҰҰ Бас Ассамблеясынан Ресейді Адам құқықтары жөніндегі кеңестен шеттетуді сұрады. Бұл туралы АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас-Гринфилд мәлімдеді. Нью-Йорктегі 193 мүшеден тұратын Ассамблеяның үштен екісі дауыс берген жағдайда адам құқықтарын бұзған мемлекеттің мүшелігін тоқтата алады.
Украина президенті Володимир Зеленский Грэмми сыйлығында бейнеүндеу жасап, «үнсіздікті музыкамен толтыруға» және көрермендерді әлеуметтік желілер және теледидарда «соғыс туралы шындықты айтуға» шақырды.
Бұл оқиғалардан кейін екі ел арасындағы келіссөз қалай өрбитіні белгісіз. Әзірге келесі кездесу туралы ақпарат жоқ.