Экономика • 05 Сәуір, 2022

Инфляция иірімі

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Икемге көнбейтін инфляция наурыз айында 8,7-ден 12 пайызға бір-ақ көтерілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, әсіресе азық-түлік өнімдері 15,5 пайызға қымбаттаған (мұны енді дүкенге барған қарапайым тұрғындар да аңғара алады). Азық-түлік емес тауарлар инфляциясы 10,9 пайыз болды. Сәйкесінше, қызметтер 8,3 пайызға қымбаттаған. Сарапшылар «инфляцияның бұлай шарықтайтыны белгілі еді, импорттық тауарлар ағыны мен теңгенің күрт құнсыздануы осыған алып келді» дейді.

Инфляция иірімі

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфляцияны тежеудегі біз қайта-қайта пайдала­нып отырған құрал – базалық став­каны көтере түсу. Ұлттық банк­тің ақша-несие саясатын жүргізу комитеті наурызда база­­лық мөлшерлемені 13,5 пайыз дең­гейінде қалдырған еді. Әрі қарай көтере беру де тиім­сіз. Өйт­кені базалық мөл­шерле­мені арт­тыра беру банк несиелері­нің де пайызын көтереді. Бұл өз ке­зе­гін­де қарапайым халық­тың не­сие жүктемесін ауырлата­ды, өтел­мей жатқан берешек кө­ле­мін көбейтіп жіберуі ық­­ти­мал.

Телеграмдағы FINANCEkaz сарап­шылары экономиканы жоғал­тып алмас үшін инфля­ция­ның 12 пайыздан асып кет­пеуіне жол бермеу қажет деп санайды.

Tengenomika сарапшылары S&P агенттігінің Қазақстанның тәуелсіз рей­тингін оң бағалауын инфля­ция деңгейімен байланыс­тыра пікір білдіреді. Атал­ған халықаралық агенттік Қазақ­­станның тәуелсіз несие рей­тингін «ВВВ», яғни «Тұрақты» деп растаған болатын.

«Агенттіктің күтуінше жа­қын екі жылда күшті фискал­ды және сыртқы баланс, сон­дай-ақ мұнай мен алтын­ның жоғары бағасы Қазақстан экономикасына әсер етер сырт­қы күй­зелістерге тойтарыс беруге тиіс. Соның ішінде, Ресейдегі ре­цес­сияға да қарсы тұрар фактор­­лар осы болмақ. Сонымен қатар Ресейдегі рецес­сияның таралу әсерлері Қазақ­станның эко­номикалық өсіміне қысым жасайды, бюд­жет­тік консолидация қарқы­­нын бәсеңдетеді және макро­эконо­микалық тұрақ­тылыққа қысымды күшейтеді. Осы негізде агент­тік Қазақстан ІЖӨ-сінің реалды өсім болжамын алдыңғы 3,6-дан осы жылы 2 пайызға дейін төмен­де­тіп отыр. Өйткені экспорт қыс­­қаруда, ал экономикалық бел­­сен­­ді­лік бәсеңдеп жатыр. Себебі Қазақстанның негізгі сауда серіктесі Ресейдің ІЖӨ-сі 6,2 па­йызға дейін қысқарады деп болжануда. Алайда 2023 жы­­лы біздегі ІЖӨ-нің реалды өсі­мі 3,5 пайызды құрауы мүм­­кін. Бұл ретте S&P 2022 жылы тұтынушылық инфля­ция дең­гейі 9,5 пайызды құрай­ды деп болжайды. Сосын әрі қа­рай біртіндеп төмен­дей бер­мек. Бірақ наурыз айында қалып­тасқан 12 пайыз­дық инфля­цияны ескерер болсақ, агент­тік­тің болжамын әлдеқайда опти­мистік деп бағалауға болады», дейді сарапшы.

ы

Бір қызығы, бірер ай бұрын CFO Summit 2022 шарасында Centras Securities басқарма төрағасы Мұрат Акинов 2022 жылы инфляция 14-16 пайызды құрайды, ал базалық ставка 7 пайызға дейін төмендейді деп болжам айтқан еді.

«Ұлттық банк таргеті биыл инфляция бойынша 4-6 па­йызды құрайды. Бірақ біз шын мәнінде ол 14-16 пайыз­ға жете­ді деп ойлаймыз. Ұлт­тық валюта девальвациясы да инфля­ция дең­гейіне әсер етеді. Ал база­лық ставканың өсуі эко­номикаға кері әсер етеді. Сон­дықтан ставка 7-9 пайызға дейін төмендейді деп күтеміз. Тал­даушылардың айтуынша, эко­номиканы қолдау үшін мұн­дай қымбат ставка­­ны ұзақ мер­зім ұстап тұру мүм­­кін емес. Со­ны­мен қатар мұн­­дай жоғары дең­гей жағдайын­­­да ақша нары­ғы бел­сенді бола түсіп, банк­тер несиелеу­дің орнына сол на­рық­қа бет бұра бастайды. Ал отандық өндіру­шілер үшін жа­қын арада несиелеу ставкасы төмен­детіле­ді деп ойлаймыз. Сон­дай-ақ кор­поративті секторда дефолт тәуекелін азайту үшін үлкен жұмыс жүргізіледі», деді М.Акинов.