Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қоғамдық келісім» ұйымының директоры Ғалымжан Құсманғали Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының қызметі мен жаңа тәсілдері туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының басты назарында Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген міндеттері тұр.
«Бұл орайда Жолдаудың міндеттері мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылын күшейтуді, жұмыс тәсілдерін жүйелі түрде жаңартуды, реформаларды іске асыруға қоғамдық құрылымдар мен белсенді азаматтарды кеңінен тартуды талап етеді. Қоғамдық құрылымдардың зор әлеуетін жаңа Қазақстанның жаңа мүмкіндіктерінде тиімді іске асыруға болады», деді Ғ.Құсманғали.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында бес қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Олар – Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, Ассамблея жастары және Журналистер клубы.
«Жаңа Қазақстан – бұл қоғамдық құндылықтарды қайта жүктеу және қоғамдағы әлеуметтік, сондай-ақ басқа да мәселелерді еңсеру. Алға қойылған міндеттерге сүйене отырып, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымының қоғамдық келісімді нығайту және сақтау үшін үйлесімді жұмыс істеуіне сенім білдіреміз», деді Ғ.Құсманғали.
Сондай-ақ баспасөз мәслихаты барысында 29 сәуір күні өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз бірінші сессиясына қатысты кейбір мәселелер айтылды.