ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ
Орта білімнің мазмұнын жаңарту қажет
Жаһандануға байланысты әлемде үлкен өзгерістер болып жатқаны көпшілікке мәлім. Олардың қатарына ақпараттық-коммуникативтік технологиялар мен ғаламторды, қарқынды дамыған ғылымдағы жетістіктерді, еңбек рыногындағы үміткерге қойылатын жаңа талаптарды жатқызуға болады. Бұл өзгерістер адам өміріне, оның көзқарасына, іс-әрекетіне, кез-келген ортаға бейімделу қабілетіне әсер етеді. Айталық, адамның кәсіби іс-әрекетіне ғаламтор арқылы ақпарат көзінің кеңеюі және ақпараттардың жедел өзгеріп отыруының әсері күннен-күнге көбеймесе азаймайтыны хақ. Қоғамның жаһандануына байланысты осындай жедел өзгерістердің білім саласына тигізер ықпалы көпшілікті көп жағдайда ойландыра бермейді. Демек, жаңа заманның талаптары білім сапасын арттыру қажеттігін туындатып отыр. Еліміздің әрбір азаматы функционалды сауатты, бәсекеге қабілетті, бір ғана емес, кем дегенде үш тілді жетік меңгерген, сыни тұрғыдан ойлайтын, туындаған мәселені шеше білетін тұлға болу керек екендігі – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. «Сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаны қалыптастырудың негізі мектепте болғандықтан, орта білім беруді жаңарту кешенді түрде іске асуы қажет. Білім саласында көпке белгілі мамандардың бірі Кен Робинсон орта білім мазмұнын жаңартудың кем дегенде екі себебі бар деп есептейді. Біріншісі – экономикаға, екіншісі – мәдениетімізге, ұлттық ерекшелігімізге, ділімізге байланысты дейді. Иә, әр ата-ана өз баласының аман-есен ержетіп, өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Біздің алдымыздағы оқушы жаһандану заманында өмір сүріп отыр. Бала есейіп, оқуын аяқтап, еңбекке араласқанда экономиканың қандай болатынын біз алдын-ала біле алмаймыз. Яғни баланың бойына алған білімін пайдалана алуды, жаңалықты меңгеруді, ақпаратпен жұмыс істей білу дағдыларын жасынан сіңіруіміз керек. Екіншіден, біз жаһандануға байланысты ұлттық құндылықтарымызды баланың бойына қарғадайынан қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек. Қазігі жағдайда адамға бәрін білу жеткіліксіз. Ол белсенді, шығармашылық тұрғыда ойлайтын және әрекет жасай алатын, өзін уақыт талабына сай жетілдіре алатын, денінің саулығына жауапкершілікпен қарайтын, өзінің зияткерлігін, адамгершілігін, құндылықтарын дамыта алатын болуы керек. Бүгін білім жүйесінің негізгі кемшін тұстарын төмендегідей жіктеуге болады. Біріншіден, білім мазмұнына тоқталатын болсақ, дайын және өңделген ақпаратты мұғалім жинақтап оқушыға жеткізеді. Негізінен пәндер бойынша білім, білік және дағдыны оқушылардың тек меңгеруі (білу, түсіну, ұқсас не ішінара жаңа жағдайда пайдалану) көзделеді. Оқушының алатын білімі көбіне дайын ақпараттың тыңдаушысы ретінде репродуктивті деңгейде болады. Осыған байланысты мұғалім оқушыларға бағдарламаға сай берілетін шектеулі ақпарат дайындап, өңделген күйінде береді. Қарастырылған тақырып аясында әртүрлі ақпарат көздерінен жинақталған мәліметті пайдалану көзделмейді. Екіншіден, оқу үдерісінде мұғалім мен оқушының арасында субъект-объект қарым-қатынасының басым болуы. Дәстүрлі түрде қалыптасқан мұғалімнің авторитарлық ұстанымының нәтижесінде оқушы аса көп белсенділік таныта бермейді. Мұғалім де белсенділікті құптай қоймайды. Бұл жағдайда мұғалім (оқулық сияқты) оқу ақпаратының көзі ретінде қабылданып, сабақтың негізгі кейіпкеріне айналды. Үшіншіден, оқу үдерісінің нәтижелері баланың нені, қаншалықты қабылдағанын бағалайды. Мұнда бала қойған сұраққа естігенін, оқулықта берілген материалды айтып береді. Әрине білімді теориялық деңгейде білу – алғыр оқушы үшін жетістік. Ал өз пікірін айта білу, кез келген жағдайда алған білімін іс жүзінде, өмірде қолдану, мәселені шығармашылықпен шешу алғыр оқушы үшін де қиындық туғызады. Осыған байланысты бүгінгі таңдағы оқу нәтижелері жеке пәндер бойынша меңгерген білім, білік және дағдыларға тікелей байланысты. Сондықтан оқу нәтижесін бағалағанда оқушының игерген пәндік білім, білік және дағдылардың саны есепке алынады. Осы тұста жеке пәндер бойынша игерілді деп саналған білім, білік және дағдылар қаншалықты дәрежеде баланың «меншігіне» айналғандығы белгісіз. «Меншігіне» айналса бала оларды неге күнделікті өмірде пайдаланбайды? Өйткені, білімнің бала «меншігіне айналуы», баланың жадында қысқа мерзімге сақталатын мәліметтерден гөрі (көпшілігінде деректік) өмір бойы әртүрлі жағдайда білім, білік және дағдыларды қолдана алатындығымен сипатталады. Орта білімді жаңартуға себепкер сыртқы факторларға тоқталатын болсақ, басты үш мәселені атаған жөн. Олар жеке бір елдің емес, әлемдік білім беру кеңістігіндегі басым жаңа бастамалардан, озық тәжірибеден жинақталған. Осылардың ең бастысы ретінде білім беру парадигмасының «өмірлік білім алудың» орнына «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасына ауысуы білім, білік және дағдылар жүйесіне қойылатын талапты өзгертті. Сол себепті, бүгінгі таңда «білетін адам» емес «тіршілік әрекетіне дайын адамның» қажеттілігі басым болып тұр. Белсенді және шығармашыл ойлайтын, өзіндік әрекет жасай алатын, ұдайы ізденетін, дара мамандық аясындағы кәсіби білім мен дағдының бүгінгі күні жеткіліксіз екендігін жақсы түсініп, білімін толықтыруға, біліктілікті қайта арттыруға дайын азамат тәрбиелеуіміз керек. Әлемдік білім беру кеңістігінде жинақталған тәжірибенің өте маңызды қырының бірі – білімнің құндылығын арттыру арқылы білім беру жүйесінің әр адам өміріндегі маңыздылығын, оның тағдырына тигізер ықпалын күшейту. Осымен ұштасып жатқан үшінші мәселе мектеп түлектеріне жаңа талаптардың қойылуы. Пән салалары бойынша алған білімді шығармашылықпен пайдаланып, біздің мектепті бітірген түлек өзінің, отбасының және елінің көркеюіне үлес қоса білуі, оның рухани-адамгершілік әлеуетіне тікелей байланысты. Мектеп оқушыларында функционалды сауаттылық пен бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруда рухани-адамгершілік негізде іске асыру өте маңызды. Жоғарыда аталған ішкі және сыртқы факторларды ескере отырып, орта білім беру жүйесін кешенді түрде жаңарту көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, білім берудің мақсаты, мазмұны, әдістері, формалары, күтілетін нәтижесі заман талабына сай жаңартылмақ. Бұл жұмыстың нәтижесінде білім беруді ұйымдастыруға қажетті құжаттардың жаңа нұсқасының жобасы дайындалды. Олар – «Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты», жеке пәндердің оқу бағдарламалары, дәстүрлі құжаттармен қоса мұғалімдерге бұрын болмаған жаңа құжаттар: жеке пәндердің әр сыныпқа арналған (ұзақ мерзімді), әр тақырыпқа арналған (орта мерзімді) оқу жоспарлары. Осы тұста «жаңа құжаттың қажеттілігі неде?» деген сұрақ туындайды. Білім беруді кешенді жаңартудың ең басты жаңалығы – мақсаттар жүйесінің құрылуы.Білім берудің мақсатын әдеттегідей «жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру» дегенге қарағанда, оқу үдерісінің барлық қатысушылары (оқушы, мұғалім, ата-ана, қоғам мүшелері) бірдей түсінетіндей етіп құрастыру. Біріншіден, мақсаттар оқушының мектепке барғаннан түлек болып қанаттанып кеткенше әр сыныпта (жеке пәндер аясында), орта білімнің әр деңгейі бойынша күтілетін нәтижелердің сипатын білдіреді. Сонда күтілетін нәтижелер түрінде жинақталған мақсаттардың көп деңгейлі жүйесі шығады. Мұндай жағдайда оқу үдерісінде мұғалім өз іс-әрекетін, оқушы өз жетістіктерін қадағалауға және соның нәтижесінде білім сапасын үздіксіз жетілдіріп отыруға мүмкіндік туады. Бұл жалпы білім беретін мектепті басқарудың инновациялық және ашық жүйесі болып табылмақ. Екіншіден, оқылатын әр пәннің мәнін арттыру үшін күтілетін нәтижелер түрінде берілген мақсаттың астарында баланың адамгершілік әлеуетіне қосатын үлесі көрініс табады. Демек, пән аясында берілетін білім, білік және дағдыларды қалыптастыруды көздеген оқу мақсаттарын анықтағанда құндылықтар қажетіне қарай ескерілді. Орта білім беру жүйесінде қандай құндылықтар ескерілді? Мектеп өміріне жаңаша философиялық сипат беретін, оқушылармен қатар мұғалімдер, ата-аналар үшін де өмірлік бағдар бола алатын «құрметтеу», «ынтымақтастық», «ашықтық», «Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «өмір бойы білім алу» құндылықтары алынды. Әрқайсысы күрделі категориялар болса да, құрамы жағынан өзара кірігіп, іс жүзінде үндестікте болады. Жалпы адамзаттық құндылықтар қай ұлтқа болса да ортақ болғанымен олардың құрамдас бөліктерінің өзара кірігуі қарастырылып отырған мәселеге, шешілетін жағдаятқа сай мазмұндық сипаты өз еліміздің мүддесіне бағындырылады. Айталық, барлық құндылықтардың құрамында адалдық, ой тазалығы, дұрыс ниеттілік, пиғылдың оң болуы, өр мінезділік, сабырлылық сияқты өз ұлтымызға тән сипаттардың болатындығы, солар арқылы бала бойында адамгершілік қасиеттердің әрбір қырларын тәрбиелеуде әр пәннің мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашылып отыр. Үшіншіден, нақтыланған құндылықтар негізінде мектепті бітіріп шыққан сәттегі келесі нәтижелер білімді шығармашылықпен пайдалану, сыни тұрғыдан ойлау, зерттеу жұмыстарын орындау, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (АКТ) қолдану, коммуникативтік қарым-қатынас тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды пайдалану, топпен және жеке жұмыс істеу болып анықталды. Бұл орта білім беру нәтижесінің көрсеткіші болса, оқушылар үшін өмір бойы тіршілігінің тірегі, кәсіби шеберлікке жетудегі құралы болатын кең ауқымды дағдылар. Осы дағдылар негізінде заман талабына сай келетін мектеп түлегіне төмендегідей сипаттама беріп отырмыз. Ол дұрыс шешім қабылдай алатын, қоғам өміріне жасампаздықпен араласатын, өзгерістерге бейім, шығармашылық және сыни тұрғыдан ойлайтын, Отан алдында өз міндеттерін орындауға, Қазақстанның дамуына үлес қосуға жауапты, белсенді азаматтық позицияны ұстанатын, мәдениеттер мен көзқарастарға, өзіне және өзгелерге құрметпен қарайтын жылы шырайлы, қамқоршы, өмір бойы білім алуға дайын азамат болса дейміз. Сонымен қатар, ақпараттық-коммуникативтік құралдарды қолдана отырып, кез келген тілдік ортада, ұжымда жұмыс істей алуға дайын болуы керек екенін де естен шығармау қажет. Күләш ШӘМШИДИНОВА, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім Беру ұйымының басқарма төрайымы, Мақпал ЖАДРИНА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. ____________________________ЖАҢА ЖОБА ҚОЛДАУҒА ТҰРАДЫ
Қазіргі таңда ата-аналар балаларының жарқын болашағын қамтамасыз ету мақсатында әлемдегі болып жатқан білім беру саласындағы жаңалықтарды жіті қадағалайды десем артық айтпайтын шығармын. Отбасымызда екі баланы тәрбиелеп келеміз. Олардың ой-өрісінің кеңеюі бастауыш сыныптан бастау алатыны белгілі. Сонымен қатар, Президенттің Жолдауында айтылған «функционалды сауаттылықты» қалыптастыру үшін дәстүрлі оқыту әдістері, практикалық іс-әрекеттер, зерттеу және тәжірибе жасау арқылы білім беру дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі заманғы балалар өздерінің ізденімпаздығымен ерекшеленеді. Бастауыш сынып оқушылары үшін бәрі қызық және оларды бұрынғыдай дайын материалдарды беріп, сол материалдар аясында ұстап отыру мүмкін емес сияқты. Мектепте алған білімдерін үйге келіп, іс жүзінде жасап көргісі келіп тұрады. Бірақ әрбір ата-ананың баласымен бірге отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Бұл мәселенің шешімі мектепте оқушының өзіндік тәжірибесі, практикалық іс-әрекеті арқылы білім алуын және оны қолдана білуін қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан қарасам, мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жаңа жобасында көрсетілген тың бастамалар менің көңілімнен шықты. 2015 жылы жүзеге асыруға ұсынылып отырған бұл стандарттан жеке тұлғаның қабілеттерін, дағдысын қалыптастыруға бағытталғанын байқауға болады. Құжаттағы жаңалықтарға тоқтала кетсем, білім беру барысында басшылыққа алынатын құндылықтар: құрмет, ынтымақтастық, ашықтық, өмір бойы білім алу, қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік – мұның бәрі адам баласының бойында өмір бойы қажет болатын және осы құндылықтарды санасына сіңіріп өскен ұрпақ елі мен жерінің мақтанышы болатыны айқын. Білім беру саласындағы жақсы өзгеріс деп «Ғылымға кіріспе» атты жаңа пәнді айтуға болады. Сонымен қатар, «Ағылшын тілінің» 1-сыныптан жүргізілуі дұрыс деп санаймын. Жаңа бағдарлама бойынша балалар 1 сыныпқа 6 жастан барып, 5 сыныпта бастауышты аяқтайды екен. Біз бұл арада ешнәрсені жоғалтпаймыз. 7 жастағы бала орта буынға 10-11 жаста өтсе, 6 жастан мектепке барған бала да 5-сыныптан соң бастауыш буынды 10-11 жаста бітіреді. Психологиялық тұрғыдан жас ерекшелігіне қарасақ бастауыш білімнің 5 жылдық болуы аса үрей туғызбайды. Дегенмен, 6 жастан мектепке келген балаға 1-сыныпта білім берудің жаңа әдістерін қолданған дұрыс болар еді деп ойлаймын. Ең басты жаныма жақын әрі ұнаған тұсы бастауыш мектептен шыққан балалардың бойында сыни тұрғыдан ойлау, білімді шығармашылықпен қолдану, зерттеу жұмыстарын орындау, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануды қалыптастыру болып табылатыны. Ерік ӨТЕНОВ, Астана қаласы №64 мектеп-лицей ата-анасы. ______________________________________БАСТЫ ТҰЛҒА – ҰСТАЗ
Бұл ғасыр – бәсеке ғасыры. Ертеңгі ел болашағы – жасөспірімдердің нағыз адам болып қалыптасуына игілік жасайтын басты тұлға – Ұстаз. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый-құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбие беріп, адамгершіліктің нұрын төгетін жан. Міне, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында өткен «Бәсекеге қабілетті қоғам тірегі – ұстаз» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы тақырып кеңінен талқыланды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясымен бірлесе өткізген бұл жиынға елге белгілі білім және ғылым майталмандары қатысты. ______________________________________________ Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». «Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», деген. Олай болса, уақыт белгілеген ұлы мақсатқа сай болуымыз керек. Біз ерекше уақытта өмір сүрудеміз. Біз бүгінгі күннің басты кейіпкеріміз, қаһарманымыз. Неге? Себебі, Ұлттық идея «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудамыз, деді ОҚМПИ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев. Талғамы терең, тың ойлар айтылған бұл жиын аясында Ұлттық Ғылым академиясымен, ғылыми-зерттеу институттарымен, ОҚО әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалымен, облыстағы Назарбаев зияткерлік мектептерімен, 9 жетекші ЖОО-мен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Әли БЕКТАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары: – Жақында облысқа арнайы қонақ болып келген белгілі антрополог ғалым Оразақ Смағұлмен кеңірек әңгімелесудің сәті түсті. Сонда ғалым осыдан 4 мың жыл бұрын Қазақстанның осы аумағын мекендеген адамдардың сүйегін зерттеп көріпті. Бұдан кейін арасы 4,5 мың шақырымды құрайтын еліміздің шығысы мен батысын мекендеген адамдардың сүйегін зерттеген. Сонда бүгінгі қазақтардың қан құрамының 30 пайызы бұдан 4 мың жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыздың морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетіні анықталыпты. Жасыратыны жоқ, бүгінде бір ғасырдың ішінде кейбір ұлттар үлкен ұлыстармен араласып, жоқ болып кетіп жатыр. Ал қазақ халқы ежелден осы жердің, осы елдің иесі болғанын, мыңдаған жылдардан бері осы сайын далада өмір сүргенін, сүйегі асыл, төрт аумағы түбі бір ел болғанын осы зерттеу дәлелдеп отыр. Яғни арада сан мыңдаған жылдар жатса да, халқымыз – өз қалпын, рухын, тектілігін жоймаған екен. Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҰҒА президенті: – Қуатты ел идеясы, ең алдымен қазаққа керек. Алайда, тек кеудені ұра бермей, нақты тірлікке көшуіміз қажет. Болашаққа қол созған ел алдымен ғылымға көңіл бөледі. Бүгінгі экономика саласындағы кез келген қадамымыз ғылымға сүйенуі керек. Ғылымсыз, технологияның соңғы жетістіктерінсіз ешқандай кәсіпорын табысқа жете алмайды. Міне, еңбектену, іздену, жаңалық ашу арқылы мақсатымызды жүзеге асыра аламыз. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор: – Біз Қазақстан дегенде ең алдымен тарихи деректерді жас ұрпақтың санасына сіңіруді ойластыруымыз керек. Өйткені, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміз өздігінен орнай салған жоқ. Тарих – үлкен тағылым көзі. Міне, сондықтан жалпы орта білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламаларына жаңа пән енгізудің сәті туып отыр. Бұл пәннің мақсаты – туған жеріңнің, өскен еліңнің тарихын білу, оның қалай қалыптасқанын оқыту. Тек қана бірлікті нығайтушы ұлт ретінде қазақ халқының өркендеу және даму тарихы жайлы жастардың мектептегі білімдерін жүйелеу ғана емес, сонымен қатар, болашақ мамандардың ұлттық сана-сезімдерін және жаңа қазақстандық патриотизмді жоғары деңгейде дамыту бойынша білімдерін одан әрі кеңейтіп тереңдету, атап айтсақ, кәсіби деңгейде өзін-өзі тану және кәсіби тұрғыда өзін-өзі бағалау дәрежесіне көтеру. ...Әрине, жастарымыздың бойына Қазақстан жалпыұлттық идеясын сіңіру, яғни болашақ мамандардың ұлттық санасын қалыптастыру бір сәттік іс емес. Осындай айтары көп жиындар осы мүддені жүзеге асыруға септігін тигізеді деген сеніміміз мол. Оңтүстік Қазақстан облысы.