Оның «Бірінші адам» деген үлкен романы автордың өзінің бастан кешірген оқиғаларының жиынтығы сияқты. Әлем оқырманы сүйіп оқыған «Жат» атты повесть жазып, айналасына танылған Камю 1957 жылы 16 қазанда өзі үшін тыныштық мекені саналған Париждегі бір дәмханада тамақтанып отырғанда, сонда жұмыс істейтін даяшы қасындағыларға осында отырған жазушының Нобель әдебиет сыйлығын алғанын айтып, құттықтап жатты. Тек шығармашылық әлемінде еркін саяхаттап жүрген Альбер Камю сонда ғана өзінің үлкен сыйлықтың лауреаты атанғанын біледі. Бұл оның аңғалдығы емес, шығармашылыққа адалдығы мен өзін арнағаны деп білген дұрыс.
Әлгінде айтқанымыздай, Камюдың Нобель сынды алпауыт сыйлыққа да бас қатырмай жүруінің өзіндік себебі бар. Ол 1958 жылы бастаған автобиографиялық романы «Бірінші адамды» аяқтай алмай, іш құсалықпен уақыт өткізіп жүр еді. Әне сол шақтағы Камю үшін ең маңыздысы – Нобель сыйлығы емес, ойында пісіп жетілген шығармасына соңғы нүкте қоюы екені шындық. Ал оның «Бірінші адам» атты романы не жайында дерсіз? Әрине, бұл да Камюдың өз тақырыбы Алжир хақында. Оның бұл романы бостандыққа аңсары ауған Алжир халқын оятуға себепші бола алды. Ол өз естелігінде: «17 қазан, Нобель сыйлығы менің өміріме араласты. Тым жабырқаңқы әрі ұсқынсыз күйдемін. 20 жасымда кедейлік пен былықтың кеспірін көріп едім. Әне сол кезде нағыз даңқты тапқан едім» деп жазады. «Бірінші адамның» жазылу уақыты Алжирияда соғыс өрті тұтанып тұрған сәтке тура келеді. Алжирде туып-өскен Камю көп мәдениетті Алжирді жақтады және идеологиялық мәселелерде үнсіз қалуды жөн көрді. Сонымен біз оның «Бірінші адамы» туралы айтайық.
«Бірінші адам» – Альбер Камюдың аяқталмай қалған романының бірі. 1960 жылы 4 қаңтарда, небәрі 46 жастағы Альбер Камю бақилық болды. Бір реткі көлік апаты оны бұл өмірмен қоштастырды. «Бірінші адамның» қолжазба нұсқасы жазушы жан тәсілім болған жердегі балшықтың арасынан табылады. Кейін Камюдың қызы Катерина Камю әкесінің аяқталмай қалған кітаптарының қолжазбасын реттеп, 1994 жылы баспадан шығарады. Оқырманы көп ғасырда туған автордың бұл шығармасы ағылшын және Француз тілдерінде жер жүзіне миллион данамен таралды.
Камю соңғы кітабында өзінің өткені мен балалық шағына, жеке әлеміне қайырыла қарағаны соншалық, бұл туындыда оның стилімен шартты түрде байланысатын ұғымдар көптеп кездеседі, айталық, экзистенциализм, абсурд ұғымы, адамның өзіне деген бөтендігі, қоғамның бетбұрысы, әртүрлі көтеріліс оқиғалары мен Сизиф туралы миф.
Бұл роман 40 жастағы Джакос Корми атты кейіпкердің балалық шағы мен өзі мүлдем көрмеген, әлде бір суық соғыста қаза тапқан әкесі Хэнри Кормиді іздеуінен басталады. Сол үшін де кітаптың бірінші тарауы «Әкені іздеу» деп аталады. Ал келесі тарау 1954 жылдардағы оқиғаларды тілге тиек етіп, кейіпкердің азамат шағын баяндайды. Осы екі тараудан Джакостың әкесінің Франциядағы ұрыс алаңында мерт болғанын, басына қиын күн түскен Джакостың анасының саңырау әрі кемтар екенін, бірақ үміті сөнбеген жан екенін білеміз. Кейіпкер Джакос алғаш рет Францияға барып, әкесінің қабірін іздейді, осы сапарында ол әкесінің 29 жасында майданда қаза тапқанын, өзінің қазір 40 жаста екенін, әкесінің қиын тағдыр кешкенін түйсінеді. Ауыр мұң арқалаған ол туған ауылына қайтады. Әрине, Алжирге. Осы оралу – оның есіне өткен дәуірін, іздеп сергелдең болған әкесін есіне оралтады. Әкесі туралы анасынан сұрайды, өкініштісі, анасы ештеңені де есіне сақтай алмапты. Жазушы осы оқиғаны оқырманына түсіндіргісі келсе керек, романда кейіпкердің балалық шағын есіне түсіруі жиі айтылады. Мүмкін, Альбер Камюдың ойынша өмір дегеніміз балалыққа оралу шығар?!
Құдды Стендаль, Пруст секілді Камю де шығармасына өз өмірін қосуды әдетке айналдырған. Альбер Камю де, кейіпкер Джакос та Алжирияның бір шетінде жүдеу күй кешіп, саңырау ана мен қайсар рухы әженің қолында өседі. Ол эсселер жинағының алғы сөзінде «Кедейлік менің бәрі күн астында және тарих құшағында деген түсінігімді жоққа шығарды. Күн маған тарихтың бәрі емес екенін үйретті» деп жазады. Демек ол бәріне тарихтың көзімен емес, жүректің көзімен қарауға шақырады. Бас кейіпкердің туған әкесін іздеп жолға шығуы – алжирліктердің Франция құрсауындағы отанын іздеуі әрі Джакостың әкесінің Франция жерінде қаза болып, оның ұрпағы оны жоқтауы – азаттық аңсаған Алжир халқының жүрегіндегі «Отан» ұғымынан туған сәуле болса керек, тіпті күллі Алжир жұрты «Біздің отанымыз жаттың уысында өліп бара жатыр...» деп ұран салып тұрғандай. Мүмкін, Альбер Камю осы шығармасы арқылы кейіпкердің әкесіз қалуы – бір ұлттың отансыз қалуы екенін астарлап айтқысы келген шығар. Камюдың отаны қайда десек, алдымен Алжирияда, сосын оның өз жүрегінде дер едік.