Әлем • 06 Сәуір, 2022

Келіссөздер тағы тығырыққа тірелді

2112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бучадағы көрініс ешкімді бейжай қалдырмады. Батыс елдері сұм соғыстағы аяусыз әрекетті қылмысқа балап, Ресейге қарсы санкцияларды үдете түсетінін мәлімдеді. Ал Ресей тарапы бұл жауыздыққа қатысы жоғын айтып, Батыс көшбасшыларын айып тақпас бұрын оқиғаны тергеуге шақырып отыр.

Келіссөздер тағы тығырыққа тірелді

Украина мен Ресей келіссөзі соңғы оқиғалардан соң тағы тығы­рыққа тірелгенге ұқсайды. Киев маңындағы Ресей әскері басып алған елді мекендердің көрінісі көпшілікті есеңгіретіп тастады. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Батыс Бучадағы бейбіт тұрғындар­дың өлімі туралы оқиғаны кеңі­нен тарату арқылы Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздер­ді тоқтатуға тырысып жатқа­нын мәлімдеді. Оның айтуын­ша, Бучадағы көрініс «нағыз аран­датушылық». Ал Ре­сей Прези­дентінің баспасөз хатшысы Д.Песков «Бучадағы адам шо­шыр­­лық қойылымды зерттеу керек», деген пікір білдірген. Ол тергеу­дің бейтарап әрі тәуелсіз болға­нын құптап жазған екен. Бұл жағ­дайға қатысты Ресейдің Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесі белгілі. Онда Ресей қарулы күштері Бучадан 30 нау­рызда шыққаны, ал қылмыс із­дері тек төртінші күні пайда бол­ғаны айтылған.

Алайда The New York Times газетінің тергеушілері спут­никтік суреттерді талдап, Буча кө­ше­лерін­дегі бейбіт тұрғын­дар­­дың мәйіттері наурыздың орта­сын­да пайда болды деген қоры­тын­­ды­ға кел­ген. Maxar Technologies ком­­па­ния­сы ұсынған спутниктен түсі­ріл­ген сурет­терде денелер­дің 11 наурыздан бастап жат­қаны көр­сетілген. Аме­ри­ка­лық басы­лымның сарап­шы­лары Буча­дағы жағдайға қа­тыс­ты осындай дәлел ұсынып отыр.

Халықаралық қылмыстық сот (The International Criminal Court) соғыс қылмысы болған-болмағанын тергеуді бастап кеткен, сондай-ақ Украина да дәлелдер жинау үшін арнайы топ құрды. Дегенмен, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Ресей тарапы қатыспаған тергеуді толығымен тәуелсіз әрі бейтарап деп қабылдай алмайтынын ашық айтты.

Күні бұрын өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңе­сінде Украина тақырыбы тал­қы­­ланып, ел Президенті Воло­ди­мир В.Зеленский сөз сөйледі. Ол ұйым­ның негізгі функциясын орын­дай алмағанын айтып, оны рефор­малап, Ресейді басқыншы ел ретін­де Қауіпсіздік Кеңесінен шығару қажет деп мәлімдеді. В.Зеленский Мәскеуді шекара тұтастығын бұзды, қасақана соғыс бастап, ұлт араздығын қоз­дырды деп айыптады. Оты­рыс­та сөз алған Ресей өкілі Васи­лий Небензя В.Зеленскийдің мәлім­де­ме­сін жоқ­қа шығарып, Ресей Украинаны басып алуды емес, бейбітші­лік әкелуді көздей­ті­нін мәлімдеді. Ал АҚШ Ресейді БҰҰ Адам құқық­тары жөнін­дегі ке­ңе­сінен шет­тету туралы ұсыны­сын қайта айт­қан. Қытай болса Ук­раинадағы бей­біт тұрғын­дардың өлімі туралы ха­бар­ламалар «өте алаң­да­тар­лық» екенін мәлім­деді, алайда кез келген айыптау дәлел­денген факті­ге негізделуі керек деген пікір білдірді.

Батыс елдерінің көпшілігі соңғы оқиғаларға жауап ретінде Ресей дипломаттарын өз елінен шығара бастады.

Еуропалық комиссияның пре­зи­денті Урсула фон дер Ляйен мен Сыртқы істер министрі Хосеп Бор­рел Украина Президентімен кез­десуге осы апта Киевке аттанатынын хабарлады. Еурокомиссия басшысы Ресейден көмір, ағаш, көлік жабдықтары, теңіз өнімдері, хими­каттар мен құны 9 млрд еуро бола­тын басқа да өнімдерді импорт­таудан бас тартуды ұсынды. Бұған қоса, ресейлік кемелер мен жүк көлік­теріне Еуроодақ елдеріне тие­сі­лі порттарды пайдалануға тыйым салынбақ. Ал АҚШ Ресей­ге жаңа инвестициялар салуға тыйым салып, осы елдің қаржы институт­тарына, Кремль өкілдері мен олар­дың отбасы мүшелеріне санкциялар­ды күшейтеді. Бұған қоса, АҚШ Украинаға 100 млн доллар көлемінде әскери көмек беретінін мәлімдеді.

Одан бөлек НАТО-ға мүше елдер Сырт­қы істер министрлері де Брюс­сельде екі күнге Украинаға қолдау көрсету мәселесін пысық­тау үшін жиналатыны белгілі болды.

Екі ел арасында Түркияда бас­тал­ған келіссөздің қалай жал­ғасатыны жай­лы мәлімет әзірге жоқ. БҰҰ өкі­лі Украина-Ресей ке­ліссөзін ұйым­­дастыруға атса­лыс­­­қан елдерге, оның ішінде Түр­кия­ға алғыс біл­дір­ді. Д.Песков келіс­сөз бойынша жұ­мыс жалғасып жат­қанын, алайда қа­ла­ғаннан баяу еке­нін мәлімдеді. Сон­дай-ақ ол Ук­раина тарапынан белсенді іс-әрекет көргісі келетінін алға тартты.