
Пікірталас модераторы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов «КИСИ GPS» ұлттық сараптама алаңы елдің дамуы туралы мәселелерді талқылап, тың идеяларды іздеуге мүмкіндік беретінін айтты.
«Үкімет пен қоғам тұрақты диалогқа, пікір алмасуға мүдделі екені анық. Біз қандай Қазақстан құрып жатырмыз, өз өмірімізді жақсарту үшін не істеуіміз керек және Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың қазіргіден де табысты мүшесі болуы үшін не істей алады деген сұрақтар бәріміз үшін ортақ», деді Е.Тұқымов.
Қатысушылардың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев парламентаризм институтын және мәслихаттарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Amanat партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек реформаларды талқылауға барлығының атсалысуы керек деген пікір білдірді. «Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасы бүкіл халық үшін жарқын болашақ құруға бағытталған. Терең талдауды қажет ететін көптеген нақты мәселе бар. Сыни көзқарас қажет, бірақ ол қоғамды бөлмеу керек. Біздің басты құндылықтарымыз – тәуелсіздік пен азаматтар», деді Дәулет Кәрібек.
Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ләззат Сүлеймен мұндай пікірталас алаңдарын аймақтарда өткізудің маңыздылығын атап өтті. «Парламенттің, мәслихаттардың ұстанымдарын нығайту, заңнаманы бекіту жөніндегі барлық бастамаларды қолдаймын. Жақында біз, Сенат депутаттары өңірлерді аралап, халықпен кездестік. Халық саясаттың белсенді субъектісі ретінде күрделі сұрақтар қояды. Жергілікті тұтынушылар өте белсенді. Тиімділікті арттыру үшін жұртшылықпен әңгіме жүргізіп, осы тақырыпта әрбір қазақстандықпен сұхбаттасып, осы реформалардың қолдаушысы болу үшін талдау жүргізіп, түсіністік қалыптастыру қажет», деді Ләззат Сүлеймен.