
НАТО-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері Украинадағы жағдайды талқылау үшін Брюссельге жиналды. Ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинадағы амбициясынан бас тартпайтынын мәлімдеді. «Қазір біз әскердің қайта топтасып, қайта қаруланып, қатарын толықтыру үшін Киевтен шыққанын көріп отырмыз. Алайда олар назарын шығысқа аударады», деді НАТО-ның бас хатшысы. Жиынға қатысқандар Ресей әскері Беларусь еліне барып, керек-жарағын жинап, қайта ұйымдасып, техникасымен Ресей арқылы шығыс Украина бағытына өтуі мүмкін деген пікір білдірді.
«Алдағы апталарда біз Ресейдің Украинаның шығысы мен оңтүстігінде ұрыс жүргізіп, Донбасты басып алуға әрекет жасауын көруіміз мүмкін. Бұл – соғыстың шешуші кезеңі», деді Й.Столтенберг.
Ұйымға мүше елдердің жиынына дейін бас хатшы Йенс Столтенберг Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулебаны НАТО штаб-пәтерінде қабылдаған болатын. Д.Кулеба бір ғана өтінішпен келгенін хабарлады. Ол ұйымнан көбірек қару-жарақ беруді сұрады. Ол кездесудің күн тәртібі «қарапайым» екенін айтып, Украина үшін Ресейді жеңудің ең жақсы тәсілі әскери қолдауды күшейту екеніне сенім білдірді.
АҚШ Ресей әскерлерінің Киев пен Черниговтан шыққанын растап отыр. Ендігі назар Украинаның шығыс бөлігіне ауатынына сенімді.
Бучадағы жағдай бүкіл әлемге белгілі болғанда Батыс көшбасшылары Ресей әскерінің әрекетін қатаң сынға алып, жаңа санкциялар енгізе бастады. Ұлыбритания мен АҚШ Ресейдің ең ірі банкі Сбербанктің активтерін бұғаттауды ұйғарды. Ал Еуропалық одақ басшылары Ресейдің әскери әрекетін тоқтату үшін қандай шаралар енгізуге болатынын талқылап жатыр. Ұсыныстардың бірі көмір импортына тыйым салу болды, алайда кейбір басшылар Ресей мұнайы мен газынан да бас тарту мәселесін көтерген.
Украина президенті Володимир Зеленский санкцияларды құптағанымен, олардың әлі де жеткіліксіз екенін алға тартты. Ол Батысты Ресей мұнайына бойкот жариялауға шақырып отыр. Жалпы, В.Зеленский алғашқы үндеуінен бастап Батыс елдерінен энергетика саласында батыл шешімдер жасауын сұрап келген-ді.
Ресей президентінің ресми өкілі Дмитрий Песков жаңа санкцияларға жауап бұрынғыдай болатынын айтқан. Ол Ресей міндетті түрде қажет деп тапқан жолмен жауап беретініне сендірді.
АҚШ-тың қаржы министрі Ресей мұнайын импорттауға толық тыйым салу Еуропада энергия бағасының «аспандауына» себеп болатынын ескертті. Еуропа елдерінің энергетика саласына қатаң санкиялар жарияламауының себебі де осы.
Жақында Ресей президенті Владимир Путин Мажарстанның премьер-минстрі Виктор Орбанмен сөйлесіп, бүгінгі ахуалды талқылағаны хабарланды. В.Орбан Ресей басшысынан Украинадағы атысты тоқтатуды сұрағанын айтқан. Ол баспасөз мәслихатында Путинді Украина мен Франция президенттерімен, сондай-ақ Германия канцлерімен бірге Мажарстанға бейбіт келіссөздерге шақырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Путин бірқатар шартын айтып, келіскендей болған. В.Орбан сонымен бірге журналистерге Ресейдің мұнай мен газ импортына санкцияларды арттыру бойынша қысымға ұшырамайтынын айтып, Ресейдің газы үшін рубльмен төлеуге дайын екенін жеткізген. Осылайша, Мажарстан Мәскеудің өз валютасымен төлеу туралы талабына қарсы болған Еуроодақтың біртұтас келісімін бұзды.
Украина президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк Орбанның мәлімдемесіне түсініктеме бере отырып, Киев келіссөз туралы ұсынысты қарастырмайтынын айтты. Ол Ресей-Украина келіссөздері онлайн форматта жалғасып жатыр, бірақ Будапешттегі көшбасшылардың кездесуі талқыланбады деді.
Мажар үкіметі басшысының ұстанымын Еуропадағы өзге әріптестері де сынға алған-ды. Олар В.Орбанның Путинді қолдайтын көзқарасын айыптап отыр. В.Зеленский де В.Орбанды осыған қатысты сынағаны бар. Алайда Мажарстан басшысы өз шешімін ел мүддесін қорғауымен байланыстырады.
Ресеймен серіктес өзге елдерге де осындай ескертулер келіп жатыр. Мәселен, АҚШ Үндістанды Ресеймен жақын серіктестіктен сақтандырып, «салдары ауыр әрі ұзақ» болатынын ескерткен.
«Біздің Үндістан үкіметіне жолдауымыз – Ресеймен жақын стратегиялық серіктестіктің шығындары мен салдары айтарлықтай және ұзақ мерзімді болады», деді Ақ үйдің ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Брайан Диз. Ол сондай-ақ журналистерге соңғы оқиғаларға байланысты Қытай мен Үндістанның кейбір шешімдерінен көңілі қалғанын мәлімдеді. Үндістан Ресейге қарсы санкцияларды қолдаудан бас тартқаны белгілі.
Келіссөзге келер болсақ, Беларусь президенті А.Лукашенко Украин-Ресей кездесуін Беларусьсіз өткізуге болмайтынын мәлімдеді.
«Беларусьтің қатысуынсыз келіссөздер болуы мүмкін емес. Бізді Батыс елдері бұл оқиғаға араластырған екен, кездесуде біздің де ұстанымымыз айтылуы керек. Сондықтан Беларусьтің артында ешқандай бөлек келісім болуы мүмкін емес. Ресей бұл ұстанымды түсінетініне толық сенімдімін», деді Александр Лукашенко Қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Алғашқы келіссөздер Беларусь елінде өтіп, кейінірек бейнебайланыс режімінде жалғасқаны белгілі. Ал соңғы кездесу Түркия астанасында ұйымдастырылды. Сол жерде Ресей әскерін Киев маңынан шығаруға келіскен.