Қазақстан • 10 Сәуір, 2022

Халықты қарусыздандыру қылмысты азайта ма?

628 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қаңтар оқиғасынан кейін өткен Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына қарата айтқан сөзінде қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, бұл мәселені заң тұрғысынан реттеу қажеттігін тапсырған болатын. Себебі қаңтардағы қырғын ел ішіндегі қару айналымы, халықты қарусыздандыру мәселелерінің өткір екенін айғақтап берді.

Халықты қарусыздандыру қылмысты азайта ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Қаңтар оқиғасында ұрланған қарулар қайда?

Адам қай кезде қолына қару алады? Өзін, отбасын қорғау үшін, өмірін, қоғамдағы орнын, абырой-беделін, намысын аяққа таптатпас үшін. Алайда баяғының батырлары қаруларын ешқашан қадірсіз іске қолданбайтын. Ал бүгінгінің «баһадүрлері» қорғанысты емес, қылмысты көбірек жасайды.

Елдегі криминогендік жағдай қарумен жасалатын қылмыстың азаймай тұрғанын көрсетіп отыр. Мәселен, ел көлемінде соңғы бір апта ішінде 2 992 қылмыс жасалса, полиция органдары 12 адам өлтіру, 2 өлімге әкеп соққан денсаулық­қа қасақана ауыр зиян келтіру, 3 қарақ­шылық пен 42 тонау дерегін тіркеген. Бұдан бөлек 500-ге тарта ұрлық жасалған. Осы қылмыстардың басым бөлігінде «қару қолданған» деген сөз кездеседі.

Кешегі қаңтар қырғыны мен әлемдегі күн сайын күрделене түскен геосаяси ахуал құқық қорғау органдарына елдегі қару-жарақ мәселесіне тереңінен қарауды түсіндірді. Әсіресе, «Қасіретті қаңтар» кезінде тіркелген қылмыстар заңсыз айналымда жүрген қарудың кез келген уақытта бейбіт халыққа қарай оқ ата алатынын айғақтап берді. Бұл қауіпті ІІМ Тергеу департаментінің басшысы, полиция полковнигі Санжар Әділов те жоққа шығармайды.

ІІМ өкілі ішкі істер органдарының жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қару-жарақтарды іздеу мен алу бойынша жедел-іздестіру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отырғанын алға тартты. «Қаңтар оқи­ғасы кезінде тіркелген қылмыс­тарды тергеу кезінде біз атыс және суық қаруды заңсыз сақтау мен сатуға қатысты әрбір ақпаратты жіті тексеруге көштік. Тіпті халық арасында бір қаруға қатысты қандай да бір ақ­парат белгілі болса, бірден полицияға хабарлау қажеттігі туралы ұдайы ескертіп келеміз. Неліктен? Өйткені заңсыз айналымға түскен қаруды қылмыскерлер кез келген уақытта қарапайым халыққа қарсы қолдана алады. Мұны дәлел­деп жатудың қажеті шамалы. Елі­мізде тіркеліп жатқан аса ауыр қылмыс­тар­дың дені қарумен жасалады», дейді полиция полковнигі.

С.Әділовтің айтуынша, қаңтар­дағы қантөгістен кейін қылмыс­кер­лердің қолында жүрген 1 386 қару-жарақ алынған. Күллі қазақ жұртын үрейде ұстаған қаныпезерлер 154 автомат пен 419 тапаншаны жа­сы­рып қалмақ болған. Сондай-ақ 166 жарақаттайтын қару, 70 арнайы мылтық, 30 гранатомет және 22 мыңнан астам оқ-дәрі алынып, тәркіленді. Ал естеріңізде болса, Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде барлығы 3 мыңға жуық қару ұрланғанын ресми мәлімдеген болатын. Сонда полиция қызметкерлері осы ұрланған қарудың әзірге үштен бір бөлігін ғана тауып отыр. Бұл табылмаған 2 мыңға жуық қару-жарақ – соның ішінде тапанша, граната, пулемет, мылтықтар әлі күнге дейін қылмыскерлердің қолында жүр деген сөз.

Алайда Тергеу департаменті­нің басшысы ұрланған қаруды іздеу іс-шараларының әлі де жүр­гізіліп келе жатқанын атап өтті. С.Әділовтің мәлімдеуінше, жақын­да Алматы қала­сындағы «Оружейник» дүкенінен қару ұрлаған тағы бір күдікті қолға түскен. Күдікті қол­ды қылған қару­ды осы уақытқа дейін Түркісб ауданын­дағы қараусыз қалған бір ғимаратта сақтап келген екен. «Ұсталған адамнан шолақ карабин және тегіс ұңғылы мылтық алынды», дейді полков­ник. Ал қаңтар қырғынында бір ғана Алматы қаласында 7 қару-жарақ дүке­ні тоналған болатын.

Қару айналымын заңмен реттеу қажет

Осыдан екі жыл бұрын құқық қорғау органдары Қазақстанда заңсыз қару-жарақ сатып алу және сақтау деректері рекордтық көрсеткішке көбейіп кеткенін айтып дабыл қаққан болатын. Қару айналымына қатысты қылмыс көбейіп, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұрлау деректері жиілеп кет­кенде антирекордтың басында Ал­маты қаласының тұрғаны да айтылды. Қозғалған қылмыстық істердің са­ны бойынша алдыңғы үштікке Шы­ғыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы енген еді.

Қару мәселесі қаңтар оқиғасынан кейін Сенат қабырғасында да қызу талқыланды. Депутаттар елімізге контрабандалық жолмен келетін қаруға қылмыстық жауапкерші­лік енгізуді ұсынды. Осы мәселеге қатысты арнайы депутаттық сауал жолдаған сенатор Андрей Лукин соңғы 3 жылда елімізде 545 мың қыл­мыс тіркелгенін айтып, оның 600-інде атыс қаруы қолданылғанын жеткізді. «Бұл қарулардың 90 пайызға жуығы заңсыз айналымда болған. Газды, травматикалық, сигналдық және пневматикалық қарудан оқ атқан фактілері де аз емес. Сондықтан қару-жарақтың заңсыз айналымына жазаны күшейту керек», деді депутат.

Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыс­керлердің басты көздегені – полиция департаменттері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимарат­тарын басып алу болды. Түпкі мақсат­тары түсінікті. Яғни департаменттегі қару-жарақ қоймасына қол жеткізу. Осы қаралы күндері тіркелген адам өлімдерінің басты себебі қару-жарақ дүкендерінен тоналған атыс қаруы мен заңсыз иеліктегі қару болғанын да бүкіл жұрт біледі. Сондықтан да қарудың заңсыз айналымын тиімді бақылау және алдын алу іс-шараларын дер кезінде қолдану – түптеп келгенде қоғамдық қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің басты белгілерінің бірі екені сөзсіз.

Ал ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Қару айналымын бақы­лау бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Асылбек Ыдырысовтың мәлімдеуінше, халықты жаппай қару­сыздандыру науқаны елімізде 2012 жылдан бері жүргізіліп келе­ді. Х­алықта заңсыз сақталған, тіркел­меген қару-жарақтарды, оқ-дәрілерді мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алу акция­сы тәуелсіздік жылдарында 10-нан көп өткізілген. Бұл науқанға жыл сайын бюджеттен миллиондап қаржы бөлінеді. Бір қару үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ақша төленсе, сыйақы мөлшері қарудың техникалық жағдайына байланысты өзгеріп отырады. «Қару тапсыр да ақша ал!» деген үндеумен жүргізілген акцияның бас­ты көздегені – қарапайым халықтан заңсыз атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу арқылы қарумен жасалатын қыл­мысты ауыздықтау.

Биыл ақпан айының 3-нен бас­тап ел көлемінде «Қару» жедел-алдын алу операциясы іске қосыл­ды. А.Ыдырысов бұл іс-шараның еліміздегі криминогендік ахуалға байланысты аймақтарда ұдайы өткізі­летінін жеткізді. Тоғыз мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған операцияның алғашқы мәліметтеріне сәйкес, айналымнан мыңға жуық қару алынған. Оның ішінде заңсыз айналымнан алынғандары да, қаңтар оқиғасы кезінде қолды болғандары да бар. Сондай-ақ 6,5 мыңнан астам ойық қарулардың оқ-дәрілері мен 500-ден астам жарылғыш құралдары табылған. «Қару» басталғалы бері Қылмыстық кодекстің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бо­йынша 318 қылмыстық іс қозғалған. Қару айналымына қатысты өз істерін жүргізетін 2 мыңға жуық заңды тұлға тексеріліп, қаруды сақтау, алып жүру, тіркеу және қайта тіркеу ережелерін өрескел бұзу бойынша 4 700-ден астам заң бұзушылық анықталған.

Қару айналымын бақылау бөлі­мінің деректеріне қарағанда, 2018 жылға дейін Қазақстан бойынша азаматтық және қызметтік қару-жарақ сататын 103 дүкен жұмыс істеп келген. Алайда 2018 жылы қару сататын дүкендерге қойылатын талаптар күшейтілгеннен кейін олардың саны 98-ге азайған. Полковниктің айтуынша, Қазақстандағы қару-жарақ сататын дүкендер келісімшарт негізінде тауарларын көбіне Ресей, Түркия, Италия секілді мемлекеттерден алдыртады. Ал нақты қандай қарудың айналымына шектеу қойылғаны туралы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңның 7-бабында егжей-тегжей жазылған. Мәсе­лен, осы баптың 7-бөлігіне сәй­кес қаруды ұлттық киім­ге жабдық ретінде рұқсатсыз тағуға да тыйым салынған.

Айта кетерлік бір жайт, Қару айналымын бақылау бөлімі негізінен елдегі азаматтық және қызметтік қару айналымына ғана жауапты. «Біз заңсыз айналымды бақыламаймыз. Оны бақылауға қауқарымыз да жетпейді. Біздің басты мақсатымыз – лицензия беру, рұқсат берген­нен кейін қару иелерін тексеру, қару сақтау, тіркеу талаптарын, қару-жарақтарды алып жүру ережелерінің бұзылмауын қадағалап-тексеру», дейді А.Ыдырысов.

Қару сатуды заңдастыру керек пе?

Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам­ды екіге жарған сұрақтың бірі осы. «Керек» дейтіндердің айтар уәжі – заң жүзінде қару ұстауға рұқсат берілсе, елде қылмыс азаяды. «Қару адамдарды теңестіреді» ұстанымын қолдайтындар елдің бәрінде қару болса, біреудің ақысын жеу, алдап-арбау мен зорлық-зомбылық, тонау болмас еді дегенді алға тартады. Қару ұстауды қолдайтындар қаңтар оқиғасы кезінде жеке кәсіп қожайындарында қару болса, мародерлер соншалықты басынбас еді дегенді де тілге тиек етеді. Ал екін­шілері жемқорлықты ауыздықтай алмай отырған елде екінің біріне қару ұстатып қою – үлкен қауіп екенін айтады. Әсіресе, желігі басылмаған жастар мен есерсоқтардың қарумен жүруі қылмысты қоюлата түспесе, азайтпасы анық екенін ескертеді.

Рас, елімізде қаруды екінің біріне ұстата бермейді. Кез келген адамға қару сатылмайды. Ол үшін арнайы заң, бекітілген ереже мен қатаң талаптар бар. Мәселен, «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекет­тік бақылау жасау туралы» заң­ға сәйкес 18 жасқа толған Қазақстан азаматының азаматтық қару алуға құқығы бар. Алайда ол ең алдымен, тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарынан нақты қару түрін иемдену үшін рұқсат алуға тиіс. Ал рұқсат алу үшін алдымен психикалық тест жүргізіледі, соттылығы, қару ұстау дағдысы мен тәжірибесі ескеріледі, денсаулығында кінәрат болмауы жан-жақты тексеріліп, заң аясында ғана сатылады.

Жалпы, елімізде азаматтық қаруға адамдардың өзін өзі қорғау, спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қару-жарақтар жатады. Заңға сәйкес, бір адамға аңшылық үшін төрт қару ұстауға рұқсат беріл­ген. Оның екеуі тегіс ұңғылы, екеуі ойық ұңғылы. Ал спорттық қаруды бір адам бес данаға дейін ұстай алады. Сонымен қатар өзін қорғауға арналған қарудың әртүрін алғанда саны екеуден аспауға тиіс.

Қару айналымын бақылау бөлімі­нің басшысы А.Ыдырысовтың айтуынша, елімізде қаруды сақтау мен алып жүруге заң жүзінде бес жыл­ға рұқсат берілген. «Бұл мерзім аяқ­талғаннан кейін белгіленген тәртіп пен талаптар бойынша қаруды иелік ету уақыты ұзартылады», дейді ол.

ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда ішкі істер органдарын­да 235 мыңға жуық азаматтық қару иесі және 2 мыңнан астам қызмет­тік қару субъектісі есепте тұр. Қыз­меттік қару ұстап жүрген 2 мың­нан астам заңды тұлғаның басым бөлігі жеке күзет агенттіктері, инкасса­ция, қорықшылық, Қазпошта қызметкерлері.

«Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған адам қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, арнайы операция басталғаннан бері біз қылмыстық жауапкершілікті көздейтін 325 материал тіркедік. Сондай-ақ әкім­шілік жауапкершілікке 519 азамат тартылды», дейді полковник сөзінің соңында. Осы уақыт аралы­ғында азаматтар өз еркімен 120 қару­ды тапсырған. Полковник қыл­мыс құрамы анықталмаса, іс-әре­кеттерінде заңсыздық болмаса, қару-жарақтарды өздері әкеліп, полицияға тапсырғандардың ешбірі қандай да бір жауапкершілікке тартылмайтынын тағы бір рет ескертіп өтті. «Қару тапсыру айналып келгенде әр азаматтың сана-сезіміне байланыс­ты. Қылмыс жасауды ойлап жүрген адамның өз еркімен қару тапсыра қоймасы анық», дейді ол.

ТҮЙІН. Былтыр Алматы қаласында болған Ақбұлақтағы атысты жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Баспанасын қорғаймын деп бір сәтте бес адамды жайратып тастаған «мергеннің» аңшылық қаруы тіркеуде болған. Алайда заңды берілген қару неліктен қанқұйлы қылмыстың басты себебіне айналды? Неге қару адам құқығын қорғаудың соңғы қорғаны болуы керек? Қару күшті емес, қару ұстаған мықты болып тұрған мына заманда ең бірінші «мылтық ұстау мәдениетін» қалыптастырып алған дұрыс болар.