Осыдан 30 жыл бұрын, 1992 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы мен Швеция Корольдігі ресми түрде дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Атаулы күнге орай екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Мұхтар Тілеуберді мен Анн Линде құттықтау хаттарымен алмасты. Қазақстан министрі өз хатында қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтіп, әріптесін мерейлі күнмен құттықтады. Өз кезегінде, швед министрі екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық үшін, оның ішінде Швецияның 2021 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығы кезіндегі қолдауға зор ризашылығын білдірді.
Швеция – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды саяси серіктесі. Қазақстан Президентінің 2004 жылғы Швецияға жасаған алғашқы ресми сапарынан бері екі ел түрлі деңгейде ондаған сапар жасап, көптеген бірлескен іс-шара өткізді.
Бұл тұрғыда парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Былтыр мамыр айында Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен Сенатының депутаттары Швеция Парламентінің Орталық Азия елдерімен достық қауымдастығы өкілдерімен алғаш рет онлайн кездесу өткізді.
Екі елдің өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде өзара тығыз байланыс орнатқан. 2021 жылы Швецияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы кезінде Қазақстан мен Швецияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары Нұр-Сұлтан, Мадрид және Стокгольм қалаларында демократиялық өзгерістерді одан әрі дамыту, адам құқықтарын сақтау және «Стокгольм бастамасы» аясында ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар келіссөздер жүргізді.
Швед бизнесі Қазақстанмен инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытады. Пандемияның салдарына қарамастан, өзара тауар айналымы өсті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 231,3 млн доллар болды (экспорт – 59 млн, импорт – 172,3 млн), бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18% жоғары (191,3 млн доллар). Швециядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялар көлемі де өсіп келеді. Ресми статистика бойынша 2005-2021 жылдары Қазақстан экономикасына 450 млн доллар көлемінде инвестиция құйылған.
Бүгінде Қазақстан нарығында 50-ден астам швед компаниясы жұмыс істейді, олардың ішінде әлемге танымал Ericsson, Volvo, Scania, Atlas Copco, Electrolux, Oriflame және H&M брендтері бар. Маңғыстау облысында жасыл сутегі өндірісі бойынша Svevind неміс-швед концерні ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.
Екі ел сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтастықты дамытуды жалғастырды. Швецияның білім беру жүйесі әлемде жоғары сапасымен танымал, ал Қазақстанның жоғары оқу орындары, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Осы уақыт аралығында Швецияда «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша 130-дан астам Қазақстан студенті білім алды.
Үш онжылдықтың қорытындысы көрсеткендей, Қазақстан мен Швеция бірқатар бағыт бойынша табысты байланыс орнатып үлгерген және осы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын.