15 Мамыр, 2010

ПАРЛАМЕНТ “Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

621 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ  –  ЕЛ МҮДДЕСІ Сондықтан оған сергек қарау қажет Елімізде тәуелсіздік алған күннен бастап өңірлерді жан-жақты дамыту, жергілікті деңгейде басқарудың жаңа жүйесін қалыптас­тыру және оны әрі қарай жетілдіре түсу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Еліміздің өңірлерінің географиялық, таби­ғи-климаттық, демографиялық жағдайлары әртүрлі. Осыған байланысты олардың әлеу­меттік-экономикалық  дамуы да әртүрлі деңгейде болып отыр. Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында “өңірлердің дамуы – елдің дамуы, ел­дің экономикалық дамуы – өңірлердің бә­се­кеге қабілеттілігіне тікелей байланысты, жаңа өңірлік саясат – 2020 Стратегиялық жос­па­ры­ның аса маңызды бөлігі екендігі” баса ай­тыл­ды. Президент Жолдауында жаңа өңірлік саясатқа басымдық берілді, ол өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық жағдайының үйлесімді және тиімді дамуын қамтамасыз етуі керек. Ал, өңірлерде мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіру мен оның тиімді іске асуын қамтамасыз ету оңай шаруа болмайтыны анық. Өңірлерді дамытуда депутаттық сауалдар­дың алатын орны  ерекше. Депутаттық сауал – депутаттың мем­ле­кеттік органдардың лауазымды тұлғаларына, олар басқарып отырған органның немесе ла­уа­зымды тұлғаның құзыретіне кіретін мә­селелер жөнінде негізделген түсініктеме беруін немесе өз көз­қара­сын баяндауын ресми сұраған талабы, яғни сауалдар депутаттардың өңір­лер­дегі шешімін таппай жатқан про­бле­маларды, сайлаушы­лардың мұң-мұқтажын, ұсыныс- пікірлерін билік алдына көтеріп, олардың халыққа тиімді шешімдер қабылдануына ықпал ететін құралы. Бұл – еліміздегі демократиялық үрдістердің дамуының көрінісі. Сондықтан да, Парламент Сенатының жанынан құрылған “Өңір” депутаттық тобы Парламент Сенаты депутаттарының 2009 жылы өңірлік даму мәселелері бойынша көтерілген депу­таттық сауалдардың мемлекеттік орган­дарда қаралуы нәтижелері туралы мәселені арнайы қарады. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша депутаттық сауалдарды талдаудың мақсаты сауалдардың өңірлерді дамытудағы рөлі мен ықпалын анықтап, оның тиімділігін көтеру болып табылады. Осыған байланысты талдаудың міндеттері мыналар болды: - 2009 жылы Сенат депутаттарының сауалдарының жалпы сипаттамасы мен “Өңір” депутаттық тобы мүшелерінің депутаттық сауал­дары және олардың өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына ықпалы мен тиімділігі; - депутаттардың сауалдарын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының қарау нәтижелерін зерттеу; - депутаттардың  мемлекеттік органдар­дың лауазымды тұлғаларына сауал жолдау құқығының, құқықтық негіздерін іске асыруды жетілдіру; - депутаттық сауалдармен жұмыс істеуді жақсартуға бағытталған тұжырымдар мен ұсыныстарды қалыптастыру. Жүргізілген талдау барысында депутаттық сауалдарды мемлекеттік органдардың қарауы “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келетіндігі анықталды. 2009 жылы Сенат депутаттары мемлекеттік органдарға 169 депутаттық сауал жолдаған. Олардың ішінде, 137 сауал немесе жалпы сауал­дар санының 81 пайызы өңірлік даму мәсе­лелері бойынша жолданған. Өз сауалда­рында депутаттар өңірлердің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының перспективалық мә­селелерін, сон­дай-ақ шешуі орталық мем­лекеттік орган­дарға байланыс­ты ағым­дық си­пат­та­ғы өзекті про­бле­маларды кө­терген.             “Өңір” депу­таттық тобы мү­шелерінің қаты­суымен 142 де­путаттық сауал, яғни олардың жал­пы санының 84 пайызы жа­салды. Депутаттық са­уал­дардың көп­шілігі – 137-сі (81 пайыз) Премьер-Министрге, 26-сы (15 пайыз) Үкімет мү­ше­леріне, 1 пайызы Ұлттық банктің тө­ра­ғ­а­сына, 2 пайызы Бас прокурорға, 1 пайызы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолданды. Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарды қарау нәтижелеріне сандық талдау 2009 жылы жария етілген 169 депутаттық сауалдың ішінде қанағаттандырылған депу­таттық сауалдың саны 78 (46 пайыз) құрайты­нын, 21 сауал (12 пайыз) жартылай қанағаттан­дырылғанын, 37 сауал (22 пайыз) қанағаттан­дырылмағандығын, 10 сауал (6 пайыз) кейінге  қалдырылғанын,  23 сауал (14 пайыз) қаралу үстінде екенін көрсетті. 136 сауал (80 пайыз) толық қаралып қанағаттандырылды, жартылай қанағаттандырылды немесе қанағаттанды­рылмады, 33 депутаттық сауал (20 пайыз) одан әрі бақылауды қажет етеді (кейінге қалды­рылды немесе қаралып жатыр). 11 депутаттық сауалдарға жауап (6 пайыз) заңмен белгіленген мерзімі өткеннен кейін берілді. Депутаттық сауалдарды қарау нәтижелері бойынша сауалдардың неғұрлым қанағаттан­дырылғандары мәдениет, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету, білім беру, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалануға беру мәселелеріне қатысты сауалдар болды. Жартылай қанағаттандырылған депутаттық сауалдардың басым бөлігі коммуналдық меншік және жер қатынастарын реттеу мәселелеріне арналған. Сонымен қатар, жер қатынастарын реттеу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мен коммуналдық меншік мәселелері бойынша сауалдардың басым көпшілігі  қанағаттанды­рылмаған. Және де коммуналдық меншік мәселелері бойынша қанағаттандырылған сауалдарға қарағанда қанағаттандырылмаған сауалдар көп екенін көрсетеді. Бұл осы аталған салаларда әлі де шешімін таппай жатқан мәселелердің бар екендігін айғақтайды. Кейінге қалдырылған депутаттық сауалдар­дың неғұрлым көп саны жылу және электр желілерін салу және пайдалануға беру мәселелеріне арналған. Қаралу үстінде тұрған депутаттық сауалдар табиғат қорғау іс-шаралары, табиғат пайдалану, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық климатты дамытуға арналған мәселелер болып отыр. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты ең көп депутаттық сауалдар Алматы қаласы мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарының еншісінде. Депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелер Үкімет тарапынан ыждағаттылықпен зерделеніп, көптеген ұсыныстар қолдау тауып, іске асырылуда. Депутаттар мен Үкімет мүшелерінің бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде 2009 жылы өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлініп, жаңа жобалар іске асырылып, жүздеген әлеуметтік, коммуналдық объектілер, ауыз су жүйелері, электр желілері жаңадан салынып, “Жол картасы - 2009” бағдарламасы бойынша мыңдаған нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Депутаттық сауалдарға жауаптардың сапасы негізінен заң талаптарына сай толыққанды болып келеді. Алайда, жетілдіруді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар. Мысалы,  депутат­тық сауалдар бойынша мемлекеттік органдар қолданатын шаралар тиімділігінің жетіспеу­шілігі. Мысалы, Сенат депутаттарының 2009 жылы жанар-жағармай бағасын арзандатуға бағытталған шаралар қолдану туралы сауалдары Үкімет тарапынан толық шешімін таппады. Қолданылған шаралардың жеткіліксіз болуына байланысты бұл  мәселе 2009 жылғы 13 қарашада Мемлекет басшысымен “тікелей желі” уақытында жария етілді және содан кейін ғана оң шешімін тапты. Осы сияқты респуб­ликадағы көктемгі-егіс және егін жинау жұмыс­тарын несиелеу кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін несие пайызын төмендету туралы, тағы басқа депутаттық сауалдар да өз шешімдерін толық таппай келеді. Депутаттық сауалдарға берілген аралық жауаптарды талдау сауалдар бойынша одан әрі түпкілікті ақпарат беруге бақылау жасаудың жай-күйі де жетілдіруді қажет ететіндігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың түпкілікті жауаптарынсыз сауалдардың бақы­лаудан алып тасталатын жағдайлары да орын алуда. Мысалы, “рапсты экспортқа өткізуге рұқсат беру туралы” депутаттық сауал бойынша Үкімет майлы дақылдар экспортына тыйым салуды алып тастауды көздейтін қаулы жоба­сын енгізді деген хабарлама жасаумен ғана шектелеген. Алайда, Үкіметтің осы мәселе бойынша түпкілікті шешімі туралы ақпарат берілмеген. Осыған байланысты қолданылған шаралар­дың нәтижелері туралы хабарламаны депутат­тық сауалға түпкілікті жауап деп есептеу қажет. Мұндай жауап неғұрлым кеш мерзімге созылатын жағдайларда, депутаттық сауалдарға жауаптар осыған тиісті бақылауды қамтамасыз ете отырып, қолданылған шаралардың нәтижелері туралы қосымша хабарланады деп көрсету қажет. Жекелеген сала санаттары бойынша депу­тат­тық сауалдарды талдау сауалдардың ең көп саны  аграрлық сектор,  көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалану; білім беру, денсаулық сақтау; әлеуметтік көмек көрсету және халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мәселелері бойынша жасалғанын анықтады. Сондықтан, алдағы уақытта аталған санаттар бойынша, салалық министрліктердің қатысуымен Парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізу қажет деп ойлаймыз. Депутаттық сауалдар жолдануы мүмкін лауазымды адамдар тобына байланысты құқық­тық аспектілерді талдау мыналарды көрсетті. “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауал мемлекеттік органдардың лауазымды адамда­рына депутаттың талабы дегенді білдіреді. Сондай-ақ, осы бапта депутаттық сауалдар жолдана алатын мемлекеттік органдар лауа­зымды тұлғаларының тобы айқындалған. Алай­да, 1995 жылы осы Конституциялық заң қа­былданған кезден бастап, лауазымды тұлғалары аталған тізбеге енбей қалған бірқатар мемле­кеттік органдар құрылды. Олар: Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы), Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі. Осыған байланысты “Қазақстан Респуб­ликасының Парламенті және оның депутат­тарының мәртебесі туралы” Конституциялық заңға депутаттық сауалдар жолданатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тобын кеңейту бөлігінде тиісті өзгерістер енгізген орынды болады деп санаймыз. Өңірлік даму мәселелері бойынша Сенат депутаттарының 2009 жылғы депутаттық сауалдары мемлекет органдарында қаралу нәтижелері мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып, талдау кітапша болып шығарылып, тиісті мемлекеттік органдарға таратылды. Депутаттық сауалдарды мемлекеттік органдарда қаралу нәтижелерін талдау Парламент Сенатында бірінші рет жүргізіліп отыр. Келешекте осындай талдау жыл сайын өзінің жалғасын табады деп ойлаймын. Сондықтан, депутаттық сауалдарға сергек жауапкершілікпен қарау – лауазымды тұлғаларға сын. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.