Айдар Әбілдабековтің айтуынша, азық-түлік инфляциясының өсуі көрші елдерде де байқалады. Мысалы, Ресейде азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде наурыз айының қорытындысы бойынша 18%, ал Өзбекстанда жылдық мәнде 14,5%-ды құрады. Сонымен қатар азық-түлік бағасының өсуі Еуропа елдерінде де байқалады. Францияда инфляция жылдық мәнде 5,1% рекордтық көрсеткішке жетті.
«Бағаның өсуінің әлемдік үрдістері – Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуінің сыртқы факторы. 2022 жылы баға өсуінің әлемдік тенденциясы негізінен өткен жылдың себептері мен Украинадағы әскери оқиғаларға байланысты болды. РФ-ға салынған санкцияларға және оларға Ресейдің жауап шараларына байланысты әлемде азық-түлік жеткізудің белгіленген тізбегі бұзылды. Жанжал әлемде бытыраңқы азық-түлік дағдарысын тудырды», деді спикер.
А.Әбілдабеков азық-түлік бағасы өсуінің негізгі себебі болған ішкі факторлар туралы да айтып берді. 2021 жылы Ресейде көкөніс дақылдарының жетіспеушілігі сұраныстың артуына, ең алдымен, қырыққабат пен картоп бағасының өсуіне алып келді. Сонымен қатар қырыққабат бағасының қымбаттауы, әдетте, құбылмалылыққа байланысты болады. 2019 жылы егін түсімі жақсы болды және сырттан, әсіресе Ресейден сұраныс жоғары болды. 2020 жылы отандық фермерлер қырыққабатты көп отырғызды, бірақ пандемияға байланысты көп өнім егіс даласында қалды. 2021 жылы фермерлер қырыққабатты аз отырғызды, сондықтан Ресейден сұраныс артып, сәйкесінше, бағалар көтерілді. Бағаның өсу себебі маусымдық фактор, бұл сақтау шығындарының өсуіне және қорлардың азаюына байланысты.
«Құрғақшылық салдарынан азықтың қымбаттауы сиыр еті, тауық еті, сүт өнімдері мен жұмыртқа бағасының өсуіне себеп болып отыр. 2021 жылы жанар-жағармайға акциздердің артуы азық-түлік қымбаттауының себептерінің бірі болды, коммуналдық қызметтер тарифтерінің шамалы өсуі, шикізат, тыңайтқыштар, ветеринариялық препараттар бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін үстей түсті. Қазіргі уақытта қант бағасының өсуі Украинадағы оқиғалардан туындаған әлемдегі геосаяси жағдайға және Ресей Федерациясынан қант экспортына тыйым салуына байланысты. Ресей бізге қанттың негізгі жеткізушісі болды, біз 58% импорттадық», деді шенеунік.
Ол сондай-ақ Қазақстан нарықтық экономикасы бар ел болып табылатынын және «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға байланысты, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларын қоспағанда, тауар бағаларын сауда ішіндегі субъектілер дербес айқындайтынын еске салды. Тізбе 19 тауардан тұрады. Бұл ретте шекті сауда үстемесінің жол берілетін мөлшері өндірушінің босату бағасының немесе өнім берушінің сатып алу бағасының 15%-ынан аспайды.
А.Әбілдабеков Сауда министрлігінің қызметкерлері барлық сауда нүктелеріндегі, желілердегі, «үйдегі дүкендердегі», супермаркеттердегі, базарлардағы және көтерме базарлардағы жағдайға талдау жүргізілгенін айтты.
Біріншіден, «Көтерме және бөлшек сауда бағаларына қатысты жағдай көп жылдар бойы бақылаусыз қалып келеді. Екіншіден, нарықтардағы сауда үстемесін ешкім бақыламайды. Сонымен қатар кейбір ірі көтерме сауда нарықтарында бағаны қалыптастырудың нарықтық емес тетіктері бар. Осыған байланысты тұтынушы үшін түпкілікті құнға әсер ететін баға тізбегіндегі артық өнім делдалдары пайда болды. Үшіншіден, көптеген «үйдегі дүкендер» өнімнің бір бөлігін көтерме базарлар мен қоймалардан сатып алады, ал бағасы қымбатырақ. Желілер негізінен ірі жеткізілімдерді өздері жасайды, форвардтық сатып алулар жасайды, ал бағалар арзан болуы мүмкін. Белгілі болғандай, сауда базарларына кіруге шектеулер бар, кейбір нарықтардың әкімшіліктері тауарлар бағасына әсер етеді, тауарларды тек өз делдалдарынан ғана сатып алуға міндеттейді, саудагерлерден қосымша алымдар ұйымдастырады. Мұның бәрі соңғы бағаға әсер етеді. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегінде делдалдық схемаларды тексеру бойынша құрылған республикалық және өңірлік комиссиялар тексерулерге мораторийдің қолданылуына байланысты да осы схемаларды тексеру жөніндегі іс-әрекеттерде шектелген», деп атап өтті спикер.
Бірақ көбінесе орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын бөлшек сауда дүкендерінде, сауда желілерінде сауда үстемелері рұқсат етілген мөлшерден аспайды. Бірақ «үйдегі дүкендер» мен шағын базарлар бұдан қымсынбайды. Қазіргі кезде олар мораториймен қорғалған.
АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова қазіргі кезде ішкі нарықта ешқандай азық-түлік тауарына тапшылық жоқ екенін хабарлады. Оның айтуынша, азық-түлік тауарларын тұрақтандыру жұмыстары негізінен екі механизм бойынша – тұрақтандыру қорларына тікелей әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатып алу және жеңілдетілген несие беру арқылы сауда орталықтарын қаржыландыру арқылы жүргізіледі.
«Бірінші механизм бойынша министрлік тарапынан бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Облыс әкімдіктерінің қорынан тұрақтандыру қорларының жұмысына бөлінген қаржы көлемі 76 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ 16,2 млрд теңгені қосымша үлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы есептегенде, алдағы уақытта осы бағытта 92 млрд теңге бөлу көзделген. Бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қорлары 635 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 130 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар, ішкі нарықта қандай да болсын тауарға бағаның күрт өсуі немесе жекелеген облыстарда сол тауарлар көлемінің азаю факторлары болған кезде тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенция жүзеге асыру арқылы осы аталған көлемдер ішкі нарыққа таратылатын болады», деді спикер.
Назгүл Хатепова Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықта тауарға деген тапшылықты болдырмау үшін бірқатар шара жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
«Біріншіден, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап күнбағыс майын және күнбағыс тұқымын экспорттауға шектеу шаралары қолданылады. Бүгінде күнбағыс майына деген экспорттық квота 114 мыңды, күнбағыс тұқымына 125 мыңды құрайды. Сонымен қатар қаңтар айынан бастап ірі қара және ұсақ малды экспортқа шығаруға тыйым салған бұйрық күшіне енді. Бұл бұйрық алты ай бойы күшінде болады. Қаңтар айынан бастап картоп және сәбіз дақылдарын сыртқа шығаруға тыйым салынды. Одан кейін министрлік тарапынан облыс әкімдіктерімен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде ішкі нарықтағы картоп пен сәбіздің қажетті қорларының бар екеніне көз жеткізілгеннен кейін осы тыйым шаралары квоталау шараларына ауыстырылды. Бүгінде картоп дақылына квота 144 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықта картоптың қажетті көлемі бар. Қазіргі кезде бағаның маусымаралық жоғарылауы байқалады, бірақ ішкі нарықта көкөніс дақылдарының қажетті көлемі бар», деп сендірді спикер.