Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Әділет министрі Қанат Мусин Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы баяндады. Соның ішінде өздері басқаратын ведомстволарға бекітілген іс-шараларды орындау мәселесіне толығырақ тоқталып өтті.
Жаңа облыстарды құру жұмыстары жүргізілуде
Ә.Қуантыровтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігінде бүгінде жұмыс 3 негізгі бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру, жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру және дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар. Соның ішінде «Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру» бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Ұлттық экономика министрлігі қазіргі уақытта Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын құру бойынша жұмыс жүргізуде.
«Биыл 25 наурызда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен осы облыстарды құру мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Жалпы алғанда, жұмыс Президенттің тиісті жарлықтарын қабылдау бойынша бекітілген жұмыс алгоритміне сәйкес жүргізілуде. Алгоритм жауапты орындаушыларды және орындау мерзімдерін көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңдарға сәйкес міндетті түрде жүргізілуге тиіс іс-шаралар мен рәсімдердің тізбесін қамтиды», деді министр.
Жұмыс алгоритмі күнделікті бақыланады
Биыл 11 сәуірде Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті, онда Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарына атаулар беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекараларын айқындауда халықтың пікірі мен экономикалық және инфрақұрылымдық әлеует, халық саны және басқа да өлшем шарттары ескерілді.
«Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары мәслихаттарының өткізілген сессияларының қорытындысы бойынша, қайта ұйымдастырылатын және жаңадан құрылатын өңірлердің шекаралары алдын ала 1997 жылғы тарихи шекараларда айқындалды. Қарағанды облысы бойынша мәслихат сессиясын өткізу күтілуде, онда Қарағанды және Ұлытау облыстарының шекаралары бойынша мәселе қаралады. Сонымен қатар құрылатын мемлекеттік органдар үшін қажетті штат санын қалыптастыру, сондай-ақ жаңадан құрылатын облыстардағы қызметтік үй-жайларға қажеттілік мәселелері талданады», деді ведомство басшысы.
Жалпы, Алгоритмге сәйкес мемлекеттік органдар мен өңірлердің негізгі жұмысы биылғы жылғы 20 сәуірге дейін аяқталады, ал Президенттің тиісті жарлықтарының жобалары мамыр айының басында Президент Әкімшілігіне енгізіледі. Жұмыс алгоритмінің іс-шараларын іске асыру министрліктің күнделікті бақылауында.
Жергілікті өзін өзі басқаруды орталықсыздандыру
Сонымен қатар өңірлердің дербестігін кеңейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін өзі басқару туралы» жеке заң жобасы әзірленуде. Бұл жұмысқа өңірлердің өздері де, азаматтық қоғам өкілдері де тартылған.
«Басты міндет – жергілікті өзін өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту, процестерді бюрократиясыздандыру және олардың қаржылық дербестігін нығайту, яғни негізгі тәсілдер жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдары жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мысалы, ауылдардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту үшін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен қатар жергілікті өзін өзі басқару бюджеттерін тікелей қаржыландыру тетігі енгізіледі. Бұдан басқа, жергілікті өзін өзі басқаруды жүзеге асыру бөлігінде мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілетін болады», деді спикер.
Бүгінгі таңда аталған нормаларды іске асыру тетігі мен одан әрі регламенттеу мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталуда. Заң жобасы биыл Парламент депутаттарының қарауына ұсынылады.
2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы жоспар
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының үшінші бағыты – «Дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралар туралы» бағыты бойынша 5 іс-шара іске асырылады. Ұлттық экономика министрі осы үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға әсері бар тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022 жылға арналған дағдарысқа қарсы шаралар жоспары әзірленгенін айтты.
«Оны іске асыру геосаяси ахуалдың шиеленісуінің салдарын нивелирлеуге және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны бақылау және төмендету, сыртқы сауда қызметін қолдау және ынталандыру, экономика салаларын қолдау және инвестицияларды тарту бағыттары бойынша жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік береді», деді министр.
Жолдаудың алғашқы алты бағытына арналады
Жалпы, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси реформалардың негізгі 10 бағытын айқындап берген болатын. Бүгінде Президенттің Жарлығымен Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітіліп, онда 36 іс-шара қарастырылған. Бұл шаралардың 18-і заңнамалық сипатта, 5-і заңға тәуелді актілерді қабылдауды талап етеді, қалған 7 іс-шара жалпы сипатқа ие. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қатысқан Әділет министрі Қанат Мусин жоспардың өзі басқаратын ведомствоға қатысты бөлігінде іске асатын жұмыстар жайын баяндады.
«Президенттің өкілеттігін қайта қарау, биліктің өкілді тармағын қайта құру; сайлау жүйесін жетілдіру; партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейту; сайлау процесін жаңғырту және құқық қорғау институттарын күшейту бөлігінде Жолдаудың алғашқы алты бағытын іске асыру 6 заң жобасын әзірлеуді талап етеді. Бірінші кезекте, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленетін болады. Оны бүгінде Президенттің өкімімен құрылған жұмыс тобы пысықтауда. Жұмыс тобының құрамына мемлекеттің құқықтық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым-құқықтанушылар кірді. Олар заң ғылымдарының докторлары, конституциялық құқық, мемлекет теориясы және құқық саласында мамандандырылған профессорлар. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда», деп мәлімдеді ведомство басшысы.
Түзетулер өлім жазасын жоюды көздейді
Қ.Мусин Конституцияға енгізілетін түзетулердің негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, Президенттің өкілеттігін қайта қарау және оның өкілеттігін орындау кезеңінде Президент қызметінде болуына байланысты қосымша шектеулер енгізу жоспарланған. Мысалы, Президент саяси партияға мүшелігін тоқтатуға міндетті болады, ал оның жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор басшылары лауазымдарын атқаруға тыйым салынады.
«Сондай-ақ Парламенттің депутаттық корпусын қалыптастыру тәртібін, Парламент пен оның Палаталарының заңдар қабылдау және басқа да мәселелер жөніндегі құзыретін қайта қарау; Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Прокуратура органдарының және құрылатын Жоғары аудиторлық палатаның қызметін регламенттеу; жаңадан құрылатын Конституциялық соттың мәртебесі мен өкілеттіктерін регламенттеу көзделген. Мысалы, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Бас прокурорға және азаматтарға адамның конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілетін болады; Сонымен қатар өлім жазасын жою көзделеді», деді министр.
Конституцияға түзетулерді әзірлеу бойынша жұмысты биылғы сәуір айының соңына дейін аяқтау, ал ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін оларды қабылдау жоспарланған.
Екі конституциялық заңды жасау бойынша жұмыс басталды
Конституцияға енгізілетін түзетулерді іске асыру үшін 3 жаңа конституциялық заңның жобаларын әзірлеу қажет. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы»; «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы»; «Прокуратура туралы».
«Бұл Конституциялық заңдар аталған органдардың құқықтық мәртебесін, құзыретін және қызметін ұйымдастыру мәселелерін қамтиды. Алғашқы екі заң жобасының әзірлеуші органы – Әділет министрлігі, ал «Прокуратура туралы» Конституциялық заң жобасын Бас прокуратура Әділет министрлігімен бірлесіп әзірлейді», деді Қ.Мусин.
Аталған заң жобаларын биыл тамызға дейін, ал оларды қабылдау жыл соңына дейін Парламенттің қарауына енгізу жоспарланған.
«Саяси партиялар туралы» заңға түзетулер енгізіледі
Қолданыстағы заңнаманы іске асырылып жатқан бастамалармен ұштастыру мақсатында Әділет министрлігі Президент туралы, Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы, Сайлау туралы, Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізуді қарастыратын Конституциялық заңның жобасын әзірлейтін болады.
Қ.Мусиннің айтуынша, сондай-ақ Саяси партиялар туралы, Жергілікті мемлекеттік басқару туралы, Мемлекеттік аудит туралы заңдарға және басқа да бірқатар заңдарға түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленеді.
«Саяси партиялар туралы» заңға саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізілмек. Атап айтқанда, партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең аз санын 1 мыңнан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын үш есеге 600-ден 200 адамға дейін азайту жоспарланып отыр. Толықтай алғанда, түзету заң жобалары Конституциялық заңдарды қоса алғанда, 20-дан астам заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді», деді спикер Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сөйлеген сөзінде.
Аталған заң жобаларын да Парламенттің қарауына енгізу ағымдағы жылдың тамыз айына дейін, ал оларды қабылдау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған.