Әлем • 14 Сәуір, 2022

Ақпараттық соғыс: Кім? Қашан? Не мақсатпен?

1037 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желі хабар таратуда маңызды коммуникация құралы ретінде танылып үлгерді. Кейде дәстүрлі медиада жарияланбаған эксклюзив кадр­лар мен оқиғалар желіде көбірек қаралады. Әсіресе, Украина-Ресей жағдайында ортақ медиа кеңістікті бөлісетін елдер қаламаса да ақпараттық соғыстың қатысушысына айналды.

Ақпараттық соғыс: Кім? Қашан? Не мақсатпен?

Ақпан айының соңында Ресей «арнайы әскери операция» жариялап, Украинаға басып кірген сәттен бас­тап қарулы қақтығыс, адам өлімі, гуманитарлық дағдарыс, соғыс туралы ақпарат пен хабарламалар жан-жақтан ағылды. Сол кезде толассыз ақпарат ағынында жаңалықтың барлығына бірдей сене бермей, сыни көзқараспен қарап, таңдау жасау туралы айтқанбыз. Ақпараттық соғысты бүгінгі заманда қалыпты құбылыс деп қабылдайтын кез келді. Енді одан тиімді қорғануды үйрену қалады. Соғыстың басталғанына 40 күннен асып кетті. Осы күнге дейін жағдайдың қалай өрбіп жатқанын бақылап жүрген азаматтар дереккөздер арасынан бірнешеуін таңдап, күнделікті шолып отыруды әдетке айналдырды. Біреулер бұқаралық ақпарат құралдарына сенсе, енді біреулер Facebook, Telegram, Instagram, You Tube секілді әлеуметтік желілерден ақпарат алады. Оқиға туралы біржақты пікір қалыптаспас үшін бірнеше ақпарат көзіне жүгінген жөн. Өзіңізге осыған дейін оқып, көріп келген арналардың ұстанымы қандай деген сұрақ қойып көріңіз. Сайттар, телеарналар, Telegram каналдар қай елдің мүддесін бірінші қояды? Оқиғаны қай тараптан баяндайды? Осы секілді сұрақтар сіздің сыни ойлау қабілетіңізді шыңдай түседі.

Байқасаңыз, әр ақпарат құралының өзіндік үні болады. Үн деп отырғаны­мыз – жаңалық таратушының сөз қолданысы. Көбіне БАҚ, журналистер хабар таратқанда бейтарап болады. Алайда бұл заңдылық сақтала бермеуі мүмкін. Әсіресе, Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарында эмоция басым. Эмоция, оқиғаға баға беру секілді сарынды байқасаңыз, бұл хабар аудиторияға белгілі бір көңіл күйді насихаттап жатқанын көресіз. Бейбіт тұрғындардың аяусыз өлімі, балалардың жаралануы секілді аса ауыр, жантүршігерлік кадр­лар ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Бірден қарсы тарапты жазғырып шығатыныңыз анық. Сондықтан пропаганда мен өзге мемлекеттің насихатын бойыңызға сіңіріп алмау үшін оқиғаға тікелей қатысты қос тараптың да ақпаратын мұқият електен өткізу керек. Оңай болмауы мүмкін. Бірақ жаңалықты, желідегі жазбаны оқып отырып ақпарат көзі не айтқысы келді, бұл мақала не мақсатпен жазылды деген сұрақтар қоя отырып, мұны әдетке айналдыруға болады. Бұл да бір медиа сауатыңызды арттыратын маңызды тәсілдердің бірі. Мәселен, қақтығыс басталғалы Украина аумағында болған оқиғаларды шетелдік БАҚ пен Ресей ақпарат көздері екі түрлі таратады. Егер бұрыннан Ресей телеарналарын, сайттарын оқып келсеңіз ойланатын кез келді. Бұл біржақты ақпарат жеткілікті ме? Мұндай жағдайда беделі қалыптасқан, оқиғаны бейтарап беретін шетел ақпарат құралдарын да қарап шыққан артық етпейді. Мұндай үлкен редакцияда ақпаратты талдап, рас немесе жалған екенін анықтайтын арнайы мамандар жұмыс істейді. Медиа нарықта өз орнын алған ірі компаниялар жалған ақпарат таратып аудиторияның сенімінен айырылып қалудан, беделін түсіруден қорқады. Ағылшын тілі кедергі болса, қазір кез келген сайтты қалаған тілге аударып оқуға болады. Ресейдің Батыс елдеріне деген көзқарасына қарамастан, әлем медиасын ашудан тартынбаңыз.

Әскери қақтығыстар кезінде Telegram арналар өте белсенді, жедел жұмыс істей бастайды. 2020 жылы Беларусьте болған шеруден бері Telegram арналар жедел ақпарат көздері бола бастады. Украина-Ресей қақтығысында да осы әлеуметтік желінің қолданушылары белсенді, каналдар да өте көп. Сол себепті расталмаған, ресми дереккөздерге сілтеме бермей, эмоцияға толы жантүршігерлік суреттер мен видеолар тарататын каналдардан бас тартқан дұрыс. Себебі соғыс жағдайында таралған бейнелердің барлығы шын болмай шығуы мүмкін. Осыған дейін видео ойындардан алынған, әлемнің басқа бұрышында түсірілген, осыдан 10 жыл бұрын болған оқиғаларды қазіргі сәт деп таратқан жағдай көп кездеседі. Сол себепті мәтінді ғана емес, сурет, видеоны қоса алғанда кез келген медианы сұраққа алып үйренуіміз керек.

Жалған ақпаратқа көп жағдайда жас­тардан гөрі жасы үлкен кісілер көбірек сенетіні айтылады. Бұған технология, тіл меңгеру тәрізді кедергілер себеп болуы мүмкін. Ең алдымен, WhatsApp арқылы көп ақпарат таратпауға шақырамыз. Себебі оның көпшілігі fake, яғни жалған болып шығуы мүмкін. Сол себепті ақпараттық соғыстың белсенді қатысушысы болудан сақтаныңыз.

Жалпы, жалған ақпарат тарату кімге, не үшін керек деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл – біз ойлағаннан да үлкен кампания, көп маманның күн­делікті жұмысы, табысы. Шындықты бұрмалап, жалған ақпарат тарату адамдардың назарын басқа нәрсеге аудару, шатастыру, манипуляция жасау, қоғамды бөліп, жанжалдастырып, сенімсіздік ұялату үшін жасалады.

Жоғарыда айтқандай, бұл мақсатта жиі қолданылатын әдістің бірі – бұрын, басқа жерде болған оқиғалардың фото, видеосын қазіргі сәт деп көрсетіп, тарату. Одан бөлек болмаған оқиғаны болды деп арнайы көрініс жасап, түсіріп тарату арқылы қоғамды арандатуы мүмкін.

Жалған ақпарат мәселесі жақын арада күн тәртібінен түспейтіні анық. Сондықтан бұл тақырыпқа қайта орала берудің әбестігі жоқ. Қайта мектеп оқу­шыларынан бастап, үлкен жастағы азама­ттарға медиа сауат, ақпаратты тек­серуді міндетті түрде оқытуды қолға алу керек. Себебі соңғы оқиғаларды ескерсек, ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық қауіп­с­іздіктен бөліп қарастыру мүмкін емес.

Украина-Ресей қақтығысында ақпа­ратқа талғам қалыптастырып, дәйекті мәлімет ұсынатын арналар мен медиа құралдарды танып, жалған мен шын­дықтың ара-жігін ажыратуды үйре­нуге мүмкіндік туып тұр.