Қазақстан • 18 Сәуір, 2022

Тауар тасымалындағы тиімді тетік

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Каспий – Қазақстан үшін жалғыз теңіз қақпасы. Тауар ағындарын қалыптастыруда бұл теңіздің іргесіндегі елдердің маңызы жоғары, себебі отандық тауарларды ірі теңіз сауда желілеріне шығаруда тиімді жол саналады.

Тауар тасымалындағы тиімді тетік

Бұл туралы Грузияда өткен Black and Caspian Sea Ports & Shipping конференциясында QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Азамат Асқарұлы айтты. Конференция «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» ха­лық­аралық қауымдастығының қолдауымен Каспий өңірінің кө­лік-коммуникация кешені мен Транс­каспий халықаралық көлік бағ­дарының (ТХКБ немесе Middle Corridor) әлеуетін дамыту перспективаларына арналды.

22 елдің көлік және логистика саласындағы халықаралық жә­не өңірлік ұйымдары, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағдарының қатысушылары жа­һан­дық және өңірлік сауда мен ин­вестициялардың өзекті мәсе­ле­л­е­­­рін талқылады. Айталық, темір жол көлігі мен жүк тасымалын дамы­ту, көліктің тұрақтылығын нығайтып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) күшейтудегі жаңа тәсілдер, сондай-ақ жүк тасымалдарын контейнерлеп көлік инфрақұрылымына қажетті цифр­лы технологиялар саласындағы мәселелер қамтылды.

«Каспий өңірі Қазақстан үшін жал­­ғыз теңіз қақпасы сана­ла­ды. Не­ге десеңіз, тауар ағындарын қа­­­­лып­­­тастыруда аталған аймақ маңыз­­­ды рөл атқарып, тауар өндіру­ші­лер­­ді ірі теңіз сауда же­лі­­­­ле­ріне шы­ға­ру­ды қам­тамасыз етеді», деді А.Асқарұлы.

Қазіргі геосаяси жағдайда Транс­­­­каспий халықаралық көлік бағ­дарының қатысушылары үшін транзиттік дәліздер мен кө­лік инфра­құрылымын дамытуда мүм­кіндіктер ашылады. Биыл 1-тоқсанда металл өнімдері аталған көлік дәлізінде жаңа тауарға айналып, таяу арада осы бағыт арқылы астық, ұн, мыс жеткізу туралы келіссөздер жүргізілмек.

QazTrade басшысы айтқандай, Каспий бағытындағы көлік қатына­сын жандандыру – жаһандық ойын­шыларды, оның ішінде әлемдік кө­лік компанияларын тартуға, ке­ден­дік әкімшілендірудің электрон­ды жүйесін интеграциялауға, сон­дай-ақ Қара теңіз порттарының инфра­құры­лымына шығуға жағым­ды әсер етеді.

«Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша порттардың мүмкіндіктері, мысалы Батуми порты қазір жүкті ауыстырып тиеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстаннан еуропалық бағытта, сол секілді кері қарай тауарларды жеткізу тізбегін айтарлықтай оңтайландыру қажет.

Қазақстан үшін Қара теңіздің порттары әлемдік нарықтарға шы­­ғ­у­­ға жол ашатын, сондай-ақ Транс­­каспий халықаралық көлік бағ­дарын қарқынды пайдалануға мүмкіндік беретін интенсификация­сы тиімді сауда тетігі саналады. Дәстүрлі логистикалық дәліздерді пайдаланудың күрделі жағдайында Транскаспий бағыты отандық та­уарларды Еуропа елдеріне жеткізуде қысқа әрі экономикалық тиімді жол. Бұл Қазақстанды жаһандық өн­дірістік тізбектерге қосылуға бай­ланысты жұмысты тоқтатпай және халықаралық өнеркәсіптік кооперация жөніндегі жобаларды жал­ғастыруға мүмкіндік береді. Бұл мін­детті Үкімет алдына Мемлекет бас­шысы да қойды», деді Сауда сая­сатын дамыту орталығының бас директоры.

Форум барысында қатысушылар Поти және Батуми теңіз порттарына барып, олардың өндірістік көрсеткіштері мен дамыту жоспарларына қанықты.