− Бас қалаға қоныс аударыпсыздар, толық орнығып алдыңыздар ма?
– Қазақстан Композиторлар одағының елордаға көшіп келгеніне бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде алдымен одақ құжаттарын заңдастырдық. Бірақ әлі Одақтың кеңсесі жоқ. Соған көңіліміз жабырқаулы. Осы мәселені көтеріп, Нұр-Сұлтан қаласы әкіміне хат жаздық. Қалалық Мәдениет басқармасы басшылығына ұсынысымызды айттық. Мәдениет және спорт министрлігі де бұдан хабардар. Алайда «кеңсе қашан болады?» деп қарап отырған жоқпыз. Жұмыс көп. Былтыр көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 115 жыл толуына орай бірқатар іс-шара өткіздік. Биыл Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толды. Осы айтулы мерейтойға байланысты Талдықорғанда Қазақстан Композиторлар одағының республикалық фестивалі өтті. Бұған Алматы облысы әкімдігі ұйытқы болды. Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен композиторлар келіп, Еркеғали ағамыздың мерейтойына шұрайлы шығармаларын тарту етті. Сондай-ақ астанада композитор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына «Астана Опера» театрында «Жұбановтар әлемі» атты мазмұнды кеш ұйымдастырылды. Алматыда композитор Кенжебек Күмісбековтің 95 жылдығына арналған үлкен концерт өтті, енді ол астанада өтеді. Осылай іс-шаралар легі жалғасып жатыр.
− Одақтың бүгінгі тынысына тоқталасыз ба?
− Қазақстан Композиторлар одағы – қоғамдық бірлестік. Сондықтан бізге мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Әрине, бұл жағдайды біз ғана емес, ТМД елдеріндегі бірқатар Композиторлар одағы бастан кешіп отыр. Бізге қарағанда көрші Әзербайжан, Өзбекстандағы әріптестеріміздің жағдайы жақсы. Оларда шығармашылық одақтарға қаржы бөлінеді.
Жалпы, басқа өнер иелерінен композиторлардың болмысы бөлек, олар оңаша отырып, шығарма жазғанды ұнатады. Ырду-дырдудан бойын аулақ ұстайды. Содан да болар олардың қоғамда үні көп шыға қоймайды. Қазір композиторлардың дені қосымша жұмыс істейді. Кейбіреуі отбасын асырау үшін той-томалаққа ән жазады. Ол үшін ешкімді жазғырмаймыз, күнкөрістің көзі де сол болуы мүмкін. Мемлекетке «Бізді қолдаңыздар» деп айтуға да ыңғайсызданамыз. Мәдениет және спорт министрлігі біраз жылдан бері «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» секілді республикалық байқаулар өткізіп, композиторлардың шығармашылығын қолдап келеді. Бірақ бұл байқаудың өзі аз, осындай іс-шаралар көбірек болса дейміз.
− Композиторларды қандай мәселе толғандырады?
− Біздің мақсатымыз – отандық композиторлар шығармаларын насихаттау. Өйткені насихатымыз кемдеу. Мәселен, елімізде үш опера және балет театры бар, онда көбінесе бұрынғы композиторлардың опералық шығармалары сахналанады. Қазіргі композиторлардың опералары сирек қойылады. Биыл Одақтың құрылғанына 83 жыл толды. Осы аралықта 53 опера, 18 балет және т.б. музыкалық жанрдағы күрделі шығармалар жазылды. Осы туындыларды жинақтап, антология шығарғымыз келеді. Бұлардың дені Кеңес заманында жазылды. Сол кезеңде қазақ композиторлары өнімді еңбек етті. Оларға қолдау да көрсетілді. Көлемді шығарма жазыла сала сахнаға жол тартты. Жоғары қаламақы төленді. Мәдениет министрлігінде, Композиторлар одағында, Радио-телевидениеде көркемдік кеңес жұмыс істеді. Жазылған музыкалық шығармалардың бәрі сол кеңестің сүзгісінен өтіп, іріктелген туындылар опера және балет театрында қойылуға, филармонияда орындалуға ұсынылды. Жұртшылыққа барынша дәріптелді. Осындай жүйелі жұмыс істелді. Сондықтан қазіргі композиторларға да опера, симфония жазуға мемлекеттік тапсырыспен грант бөліну керек. Күрделі шығарманы жазуға уақыт қана емес, қаржы да қажет.
− Қазір сіз айтқан көркемдік кеңес бар ма?
− Жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын марқұм Кеңес Дүйсекеев ағамыз Қазақ радиосында көркемдік кеңес құрып еді. Өзі де сол кеңестің мүшесі болды. Оған мен де мүше болдым. Қазір ол кеңес тарап кетті.
− Оны сұрағаным, ұлттық музыкамызды неше түрлі әуен басып алды. Қазақ әні ұлттық бояуынан ажырап бара жатқан секілді...
− Оған мен де келісемін. Әндерімізден қазақы бояуы солғындағаны рас. Көбі түріктің немесе өзбектің әуеніне ұқсайды. Олардың дені ырғақты, билеуге ыңғайлы. Кейде радио-телевидениеден рейтингі жоғары деп осындай жеңіл-желпі әуендер орындалады. Сазы мен сөзі үндескен ұлттық әніміз тасада қалды. Түсінген адамға ән деген идеология. Біздің алдымыздағы ағаларымыздың қазақылығы мықты болды. Олар сөздің дәмін сезетін. Айталық, Шәмші ағамыздың әндері ғана емес, сөздері де қандай, төгіліп тұр. Жаһанданудың әсері ме, бізге де әлемдік музыканың жақсысы да, жаманы да келіп жатыр. Соның ішінен бағалысын таңдауға да талғам қажет.
− Одақтың қанша мүшесі бар, оған мүше болу үшін қандай талап қойылады?
− Бүгінде одақтың 127 мүшесі бар, оған кәсіби композиторлар, музыктанушылар қабылданған. Бізге мүше болу үшін композитордың кәсіби білімі қажет. Алайда маған дейін болған басшылық ұлттық музыканың дамуына үлес қосқан, елге танымал азаматтарды композиторлық білімі болмаса да Одаққа мүшелікке өткізген. Бірақ олар консерваторияның композиторлық бөлімін бітірмесе де хор, дирижер бөлімінде оқыған. Соңғы жылдары мүшелікке опера мен халық аспаптары оркестрінің дирижерлерін алдық. Сондай-ақ кейінгі толқыннан халықаралық, республикалық байқауларда топ жарған Арман Жайым, Тасқын Жармұхамедов, Айсұлу Тани, Карина Измаилова секілді жас композиторларды мүшелікке қабылдадық.
− Биыл Мемлекет басшысы «Балалар жылын» жариялады. Жалпы, балалар музыкасы туралы не айтасыз, ол дамып жатыр ма?
− Бұл мәселе мені ойландырады. Балаларға арналған қазақша әндер санаулы. Жалпы, жеткіншектерге музыка жазу өте қиын. Жас ерекшелігін ескеру керек. Әсіресе мектеп жасындағы балаларға арналған әндер тым аз. Қазір айтылып жүрген шығармалардың көбі – бұрын жазылған дүниелер. Тәуелсіздік алғаннан бері балаларға арналған музыкалық туындылар аз жазылды. Үш-төрт сазгердің балаларға жазған әндерін тыңдап көрдім, дені бір сарынды екен. Сөзі мен иірімін ғана өзгертіп, төрт-бес аккордтың айналасында жүреді. Әрине, олардың ниеті дұрыс, түсінемін, бірақ кәсіби деңгейлері жеткіліксіз. Сондықтан балабақшаға баратын балдырғандар мен мектепте оқиын балалар музыкасын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама керек. Мемлекет тарихты, әдебиетті жазуға ғалымдарға, жазушыларға тапсырыс береді. Сол секілді балаларға музыка жазуға композиторларға тапсырыс берейік. Өйткені тапсырыс композиторды қамшылайды, жауапкершілік жүктейді. Соның арасынан үздіктерін таңдап, жинақ шығаруға болады.
− Өнер сынсыз өспейді. Музыка сыны туралы да ойыңызды айта кетсеңіз?
− Елімізде әдебиет, театр, кино саласында білікті сыншылар жетерлік. Ал музыка сыны кенжелеп қалды. Елімізде музыкатанушылар көп, Одақ мүшелерінің дені – музыкатанушылар. Бірақ олардың бәрі орысша оқыған, орысша жазады. Ұлттық музыканы, дәстүрлі ән мен күйді терең талдайтын музыкатанушылар сирек. Бір мысал айтайын. Консерваторияда оқып жүргенімде Талшын Сапарғалиева деген музыкатанушы болды. Өте білімді маман, заманауи композицияны жақсы білді. Аға буын композиторлар соның айтқан пікірімен санасатын. Ұстазым Құдыс Қожамияров жетпіске толып, сол кісінің авторлық кеші өтетін болды. Композитор Талшын апайға авторлық кешімді жүргізіп берші деген өтінішін білдірді. Ол кісі: «Жақсы жүргізем, бірақ менің сіздің шығармаларыңызға айтқан пікіріме шектеу қоймайсыз» деген ұсынысын айтты. Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Талшын Сапарғалиева композитордың орындалған әр шығармасын өз пікірімен қорытып, көрерменге жеткізді. Қазір осындай кәсіби музыкатанушыларды кездестіру қиын. Білімді музыктанушылар жетеді, бірақ композитормен деңгейі бірдей білікті сын айтатын музыкатанушылар аз.
− Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»