Медицина • 20 Сәуір, 2022

Отандық ғалымдар күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ұлттық биотехнология орталығында түрлі терең жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған инновациялық құрал таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғалымдар күйікті емдейтін таңғыш ойлап тапты

Қазақстандық ғалым В.Б.Огай журналистерге жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған ғылыми әзірлеме - X-Graft биологиялық жабынды таныстырды.

«Таңу материалы терең және ұзақ емделмейтін жараларды емдеуге арналған, ол сондай-ақ трофикалық жараларды уақытша таңу үшін де қолданылады. Емдік қасиеттері бойынша бұл биологиялық жабын шетелдік аналогтардан кем емес, себебі ол коллаген мен эластиннің табиғи талшықтарынан жасалған. Сондай-ақ жабынды стоматологияда қызыл иектің көлемін ұлғайтуға және тіс имплантының айналасындағы жұмсақ тіндердің көлемін арттыру үшін қолдануға болады», деді В.Б.Огай.

ДДҰ мәліметтері бойынша жылына 180 000 адамның өліміне түрлі күйіктер себеп болады. Қазіргі уақытта әлемде Аlloderm, Хe-Derma, Integra және Dermagraft сияқты аллогендік және ксеногендік биологиялық жараларды таңу арқылы күйіктерді емдеудің заманауи әдістері кеңінен қолданылып келеді. 

Бүгінгі таңда биологиялық жабын Қарағанды қаласындағы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көп салалы ауруханада және Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасында клиникалық зерттеулерден сәтті өтіп, оң нәтижесін көрсетті.

Зерттеуге жарасының көлемі 5-30%, II – III АБ дәрежелі күйіктері бар 120 науқас қатысты. Зерттеу нәтижелері бойынша қарапайым дәке таңғыштарымен салыстырғанда биологиялық жабын сауығу процесін едәуір жылдамдатты. Ол жараның бетіне зақым келтірмей, неоваскуляризация мен реепителизацияға байланысты зақымдалған терінің функционалды қалпына тез келуіне ықпал етті.

«Біздің «X-Graft» биологиялық жабынды медициналық құрал ретінде Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілген соң, еліміздегі медициналық қызметтер деңгейі көтеріліп, науқастардың да өмір сүруі жеңілдейді. Сонымен қатар ауқымды және терең күйіктері бар науқастар өлімінің саны әлдеқайда төмендейді деп ойлаймыз», деді В.Б.Огай.

н,

Аталған жоба ҚР БҒМ, ҚР ЦДИАӨМ, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бағдарламасы мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылуда. Құрал қазіргі кезде клиникалық сынақтардан өтіп, Қазақстанда тіркелу сатысында.