Өз қолымен ерекше көлік құрастыруды бала кезінен армандаған сыңайлы. Әйтеуір, ес білгенінен техника көрсе, соны шұқылап көруге құмартады да тұрады екен. Енді отбасылық автобус құрастыруды ойлап жүр. Бұл көліктің ішіне ас бөлмені, жатын орынды, өзге де жолға қажет керек-жарақтарды сыйдырмақ.
Өткен жылдың қарашасының соңында ғаламтор бетінен қызылордалық қазақтың көлік құрастырғаны туралы ақпаратты көзіміз шалып қалды. Әскери техникаға ұқсайтын «Барс» атты машина Баянбай Исраилов деген ел ағасы дейтіндей азаматтың туындысы екен. Жағымды жаңалықты оқырманға кеңейтіп жеткізуге біз де асықтық. Көлік иесімен кездесу қиынға соққан жоқ, өйткені ол бүгінде Астанада тұрады.
«Барс» бір көргенде-ақ көңіл тоғайтады, көз сүйсіндіреді. «Қолдан құрастырылған» деуге қимайтындай, зауыттың кәнігі өніміндей. Жеңіл көліктер қатарына жатқызғанымен, ішіне алты-жеті адам еркін сыяды. Әңгімелесуге, демалуға, ұзақ жолға өте ыңғайлы. «Бұл – тек кеңес заманында шығарылған көліктердің жиынтығы. Негізгі «доноры» – «ГАЗ-66», дейді Баянбай. Құжаттары ресімделген, мемлекеттік нөмірі бар.
Кәсібімізге кірісіп, көлік иесін сұрақтың астына алдық, кеңінен жауап берді. «Біздің ауыл күріш егеді. Науқаннан соң жарамсыз болып қалған техникалар далада қалады. 6-7 сыныптарда оқып жүргенімде соларды бұзып, ойнау маған сондай қызық болатын. Ал олар ауылдан 15-20 шақырым қашықтықта ғой. Қай жерде жатқанын жақсы білемін, сабақтан шыға сала сонда тартамын», дейді аға бала кезін есіне алып.
Техникаға деген құмарлығы бозбала Баянбайды Алматы политехникалық институтына алып барады. Автоматика-телемеханика мамандығы бойынша білім алады. Әскер қатарына барғанда да әуе қорғанысы күштерінде мамандығымен қызмет етеді. «Көлік жасау туралы ойым ел егемендігін алар тұста, мүліктер жекеменшікке беріле бастаған жылдары туды. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қызметім кеудемде піскен осы идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Десе де, керек дүниелерді, жаңа ойларымды қағазға түсіріп, сызып қойып жүрдім. Мен осындай ойларға шырмалып жүргенде тараздық Локтев деген орыс ұлтының өкілі бір көлік құрастырды», дейді Баянбай. Бірақ ол жүк көлігінің қаңқасын қысқартып, үстіне «Волганың» шанағын орната салған. Журналистер жарыса жазған жаңалық кейіпкерімізге ұнай қоймаған сияқты. Өйткені, Локтевтің көлігіне мінген не, «Волгаға» мінген не, бәрібір еді. Иесі «Лав» деп атаған көліктен кейін, 2002 жылы Петропавлда Сухов деген тағы бір өнертапқыш түрлі темір-терсектен кәдімгі «Уазик» құрастырып шығарған.
Ал Баянбайдың көксегені басқа көлік. «Жатсам-тұрсам ойымнан шықпайды. Жалпы нобайының үлгісін, ішкі жүйесіне қатысты материалдарды ғаламтордан қарап, ізденіп жинақтай бердім», дейді «Барстың» иесі. Енді жұмысты бастау үшін көмекші шебер керек. Өйткені, өзі дәнекерлеуші емес, не электрик емес. «Қазақ десең өзіңе тиеді, біздегі жөндеуші шеберлердің барлығы дерлік кәнігі мамандар болмай шықты, – дейді ол. – Біздің шебер деп жүргендеріміз майысқан есікті түзегеннен гөрі, жаңасын әкеліп сала салғанды жөн көреді екен. Ал өз қолдарымен түзеп істейтін шебер некен-саяқ. Олардың өзі жұмыстарына миллиондап сұрайды, бірақ фантазиялары жоқ».
Баянбай шебер іздеп, Шымкентке жол тартты. Үміті алдамаған екен, іздеген адамын тауып, екі жыл бірге жұмыс істеді. Жасаған дүниелері ұнамай, бірнеше мәрте қайта істеген кездері де аз емес. «Көлікті құрастыру кезінде біраз оқиғалар болды. Мәселен, көз тию деген нәрсенің рас екеніне көзім жетті. Ойымыздағы көліктің қаңқасын құрап, моторын орнатып қойғанбыз. Көмекшім Артық «Көке, көшеге шығып, бір айналып келсек, қайтеді?» дегені. Көңілін қимадым, шықтық. Қарабұлақ ауылының жұрты техникаға құмар екен. Соңымыздан ерген адамдарда есеп жоқ. «Бұл қандай көлік?», «Кім жасады?», «Қалай құрастырдыңдар?» деп сұрайды. «Артықтың қолынан шыққан», деймін. Бәрі таң қалып қарайды, қызығады.
…Машинаның жобасын бітірдік. Ұсақ-түйек шаруаларды Артыққа тапсырып, Астанаға кеткенмін. Араға бір апта салып келсем, бір құрылғының пышағы жарылып, көмекшімнің төрт саусағын бірдей кесіп түсіпті. Абырой болғанда, дәрігерлер сүйектерін жалғап, емдеп беріпті. Өз қолындай болмағанымен, ыңғайға көнеді», дейді Баянбай өткен қиындықтарға ой жүгіртіп.
Негізі мұндай құрастырмалы дүниеге қызығатындар баршылық. Десе де, кейіпкерімізге «Не қыласың басыңды ауыртып? Одан да кәдімгі көлік сатып алып, ойқастап жүре бермейсің бе?» деп ақыл айтатындар да жетерлік екен. Ал ол өз қолымен құрастырған көлікке жетпейтінін айтады. «Әйелдің толғағы сияқты, ойыңда жүрген дүние қолыңнан шыққанша жаныңа тыным таптырмайды ғой», дейді ағынан жарылып. Күн жылығанда «Барсымен» Қазақстанды бір айналып шығуды жоспарлап жүр.
Баянбай Исраилов алдағы мақсаттарын да жайып салды. «Бір автобус құрастыруды ойлап жүрмін. Онымен сапарлау өте ыңғайлы болады. Үйіміздегі ас үйді, жатын орынды, өзге де қажет жарақтарды ішіне сыйдырамын. Содан кейін өз көлігіммен Меккеге барып, қажылық парызымды өтесем деймін. Бұл – нағашыңның ауылына барып келгендей емес, жауапты сапар. Сондықтан үлкен дайындық керек», дейді «Барстың» иесі.
Кейіпкеріміздің ісін өнертабыс деуге келмейді, хобби деген жөн шығар. Десе де, құптарлық шаруа. Жеке өзі үшін үлкен жетістік. Сол жетістігі өзгемізге ой салып, өзгеше дүние жасауға жол ашып жатса, қанеки…
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан Омаров,
«Егемен қазақстан»