Қоғам • 21 Сәуір, 2022

Балабақша – базарлық

699 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, шалғай жатқан ауылдарға инфрақұрылым игілігі кеш жетеді. Жаңашылдықты сарғая күткен тұрғындар өзге өңірге қоныс аударып, елді мекендер елсіз қалатыны рас. Тұрғындарды тұрақтандыру мақсатында ілкімді істердің жедел қолға алынуы маңызды.

Балабақша – базарлық

Успен ауданына қарасты Конс­­­­тантиновка ауылы жұртшы­лы­­ғы­ның көптен күткен арманы орындалды. Мұнда заманауи балабақша есігін айқара ашты. Маңдайшасына «Айгөлек» деген белгі қойылыпты. Іргетасы жаңадан қаланбаса да, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңбе­рін­де күрделі жөндеуден өткен балабақша бұрынғыдан өзгерек. Көз­дің жауын алады. Ендігі жерде мұнда 75 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Әзірге 57 ұл-қыз тәрбиеленуде.

«Біз үш топты, әсіресе кіші топты ашқанына өте қуаныш­ты­мыз. Балдырғандар 1,5 жастан бастап қабылданады. Енді жұмы­сы­мызға алаңдамай барамыз», деп ата-аналар бөркін аспанға атты.

Айтпақшы, ауылдағы орта білім беретін мектеп те жөн­делуде. Жылыту жүйесі мен ғима­раттың шатыры жаңар­тыл­мақ. Жауапты мердігер «Град­СтройСервис» ЖШС жөндеу жұ­мыс­­тарын биыл маусым айында аяқ­тауға уәде берді. Бастысы, са­пасы көңіл көншітсе болғаны. Мектепте 161 оқушы білім алуда.

Әрине, инфрақұрылым шаралары мықтап қолға алынса, ауылдан халық көшу былай тұр­сын, қоныс аударушылардың ар­татыны сөзсіз. Мәселен, Конс­тан­тиновка ауылдық округі­не қа­рас­ты Равнополь ауылына былтыр 127 адам көшіп келген. Биыл алғашқы тоқсанда елді мекенге 5 отбасы (22 адам) қоныс тепкен. Бұл ауылда келбеті келіскен мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт, орталық су құбыры бар. Былтыр 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Алдағы уақытта 24 пәтерлік үйді қалпына келтіру жоспарланған.