Таным • 26 Сәуір, 2022

Сәулет өнерінің саңлағы

952 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, сәулетші Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы атаулы мерейтойға орай ұлтына өлшеусіз еңбек сіңірген ұлт мақтанышын ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында көрнекті тұлғамен тірісінде жаны жақын болып, жүрегіне жылы естеліктер жиған химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Инженерлік ғылымдар халықаралық академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлымен әңгімелескен едік.

Сәулет өнерінің саңлағы

– Алтынбек Нұхұлы, өмірде өзі­ңіз аға тұ­тып, қадірле­ген Шот-Аман Ыды­рыс­ұлы­ның со­ңында өш­пес өнеге қалды. Алдымен осы сәулет өнерін тіл­ге тиек етсеңіз.

– Сәулетшілік – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан, тарихы тереңнен тамыр тартатын шоқтығы биік өнер. Ол өткеніміз бен бүгінімізді байланыстырып, адамзатқа рухани нәр береді. Дарқан даланың бұрынғы архитектурасы мен бүгінгі заманның сәулет өнерін ұштастырып, өзіндік қолтаңбасын айшықтап қалдыру таудай талантты қажет етсе керек.

Бұл өнердің тізгінін ұстау екінің біріне бұ­йыра бермейді. Оған халықтың эстетикалық талғамына жауап бере алатын туындылар сом­дай білген жандар ғана лайық. Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов елімізде осынау бекзат өнердің өрістеуіне, талғамды сала, танымды сананың дамуына аянбай атсалысты. Оның ақыл-ойынан туған болмысы бөлек туындылар бүгінде қазақ сәулет өнерінің айрықша үлгісіне айналды. Өнері де, өмірі де өнегеге толы болып, қайталанбас өнер туындыларын қалдырды.

Қарапайым қалпын сақтап, қандай қызмет атқарса да адамгершіліктен айнымады. Сәулет өнерімен қатар тарих пен философияны терең біліп, поэзияны қастерлейтін. «Ақын жаман өлең жазса оқымай қоюға, композитор жаман музыка жазса тыңдамай қоюға болар, ал жаман сарай немесе ұсқынсыз ескерткіш салынса қарамай қоюыңыз мүмкін емес. Көзге шық­қан сүйелдей кемі жүз жыл тұруы мүмкін. Мұның өзі санаға қаншама әсер етеді десеңізші. Сондықтан да сәулетшінің халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары деп есептеймін. Сәу­летші қиялшыл ғана емес философ болуы ке­рек», деген ол кісінің елден ерек ұстанымы бола­тын. Сол ұстанымына адал болды. Қандай жұ­мысты бастаса да әуелі жан-жақты зерттеп-зер­делеп алып, ден қоя білген адам. Атадан ба­ла­ға жалғасқан асыл тектілік парасатқа толы қасие­тімен мәңгілік өнер туындыларын өмірге әкелді.

Қанатты қиялдың, буырқанған ойлардың иесі кейде өзінің жүрек толқынысына қанағатты өлең әлемінен тауып, жаны рахаттанатын. Шабыт шалқарына енген оның әрбір сәулеттік туындысына, пафостық әуен, абыздық философия тән еді. Құдды көктен құйылып түскендей әсерге бөлейді.

Сегіз қырлы, бір сырлы ағамыз еліміздің сәулет және бейнелеу өнерінің өзекті мәселелерін көтерген көптеген ғылыми мақаламен қатар бірқатар драмалық шығарма жазды. Олардың қатарында «Тағдыр», «Шоқанның анты», «Ақнұр», «Шоқанның ақ түндері», «Террор» атты пьесасы бар.

– «Сөз сүйекке бітеді», «Өнер тек қуа­лайды» – дейді бабаларымыз. Шота ағамызды осының жарқын үлгісі деуге бола ма?

– Әрине, тап солай. Шота аға асыл текті сүйектен тараған, ұлтын ерекше сүйген атпал азамат еді. Дарабоз сәулетші үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ұрпағы, әйгілі Сырымбет тауының баурайында, бір кезде сүйікті немересі Шоқанды тәрбиелеп өсірген ардақты әже Айғаным тұрған Сырымбет ауылында дүниеге келген. Бұл туралы арқалы ақын Ғафу Қайырбеков Шотаға арнаған өлеңінде:

«Сүйікті шын перзенті бір құдайдың,

Қазақтың тіккен туы – ұлы айбын.

Жүреміз қолыңды алып қасиеттеп,

Құдіретті жақсы ұрпағы Абылайдың», –

деп тебірене жазады.

Саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, мағы­налы өмір сүрген өз ортасына сыйлы, болмы­сы бөлек жан болатын. Ол халқымыздың тари­хындағы ардақты тұлғалардың ескерткішін жасап, ер есімін ел арасында ұлықтауға, сәулеті көз тартар ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосты.

Сәулет өнерінде оның жеке және авторлармен бірлесіп сомдаған көрнекті еңбек­те­рі көп-ақ. Соның ішіндегі ең бірегейлері – Ж.Мәлі­беков екеуі жасаған Елтаңба, Ал­ма­ты қаласы­ның Республика алаңындағы Тәуел­сіздік мону­менті, Семейдегі «Ажалдан да күшті» атом сы­нағы құрбандары монументі, Космонавтикаға арнал­ған монумент, Алматы­дағы Шоқан Уәли­ханов ескерткіші, Қазақ­стан Компартиясы ОК ғимараты (қазіргі Ал­маты қаласы әкімдігінің ғимараты), «Қазақ жер жобалау бас институты» ғимараты, «Қа­з­ақ азаматтық ауыл құры­лыс» ғимараты, Алматыдағы 25 мың орын­дық Орталық стадион, әмбебап дүкен, астана­дағы Кенесары Қасымов ескерткіші, Алматы­дағы Тоқаш Бокин ескерткіші, Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынов ескерткіші, Алматыдағы Әліби Жангелдин ес­керткіші, Көкшетаудағы Т.Бигельдинов ес­керткіші, «Еуразия» монументі, «1932 жыл­ғы ашаршылық құрбандары» мону­менті, «Отан-Ана» монументі, Аңырақай шайқа­сының панорамалық залы, Халықтар достығы монументі, ХХ ғасыр және екінші мыңжылдық адамына арналған монумент тағы да басқа адамзат тарихындағы өшпес туындылары бар.

,

– Шота ағамен түскен мына бір суреттің тарихына тоқталып өтсеңіз.

– 2005 жылы, осыдан 17 жыл бұрын Алматы қаласында қазақтың мақтан тұтар зиялы аза­мат­тарының бірі, сәулет өнерінің саңлағы, Қазақ­стан Республикасының еңбек сіңірген сәулет­шісі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік, тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, шо­ғыр ескерткіштерінің ішіндегі ең шоқ­тығы биік Алматыдағы Тәуелсіздік монумен­тінің авторы, бүкіләлемдік Шың­ғыс хан акаде­мия­сының, Шығыс елдері Халық­аралық сәулет академиясының академигі Шот-Аман Ыды­рысұлы Уәлихановпен өзінің шеберханасында суретке түсіп едік. Бұл сурет менің өмірімнің де ерекше бір жарқын сәті.

– Сіздің Шота Уәлихановпен алғашқы таныстығыңыз қалай басталып еді?

– Мен ол кісінің өнер туындыларымен, шы­ғармаларымен бұрыннан таныс едім. Шот-Аман Уәлиханов өзінің екітомдық шығар­малар жинағында қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовпен сыныптас болғанын, әуелі алғаш­қы жазысқан хаттарын жазып өтеді. Сондағы Шота ағамыздың бір батырлығы – мектеп біті­рерде сол тұстағы түкірігі жерге түспей тұр­ған қаһарлы Сталинге «Мен архитектура маман­дығын оқы­ғым келеді», деп арнайы телеграмма жолдап­ты. Осы ісінің өзі ешкімнің ойынан да, қолынан да келмейтін хан тұқымына лайық батыл әрекет еді. Сол аралықта досы Кәкімбек Салықовпен ақылдасып химик-металлург, ғалым, қоғам қайраткері Ебіней Бөкетовке (бүгінде Қарағанды мемлекеттік университеті сол кісінің атында) хат жазады. Қазақ тау-кен металлургия инс­титу­тының 4-курсында оқып жатқан Ебіней хатқа қайыра жауап жазып, Мәскеуге барғанда қандай қиындықтар­ға кезігетінін, қалай дайындалу керек екенін ­айтып қолұшын созады. Кейіннен осы бір таудай азаматтар өмірлерінің соңына дейін араласып, сырласып өткен. Қазақтың дарқан даласындағы кішкентай ғана ауылдан шыққан үлкен тұлға Шота ағамыз Мәскеуден білім алып келген соң, ата-анасын ауылдан қалаға көшіріп әкеледі. Оқуды жаңа бітірген жап-жас жігіттің тау тескендей қайраты өмір жолындағы көптеген кедергіні жеңе білгендігінен анық көрінген. «Құрыш қайнауда шынығады», деген осы болса керек.

Сөз реті келген соң жаңағы суретке дейінгі Шота ағамен таныстығымызды айта кетейін. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінің аспирантурасында оқып жүрген кезімде, аталған бөлімінің басшысы Шота ағамыздың жұбайы, біздің апайымыз – Зинаида Кәрімқызы Уәлиханова болатын. Ол кісінің білім беру ісі мен адамдық қамқорлығы жағынан көмегін көп көрдік. Артынан ғылым кандидаты, ғылым докторы, профессор болдым. 1999 жылы қазақтың ұлы перзенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланған кезде біздер Алматыда зиялы қауым өкілдерін жинадық. Сол зиялы қауым ішінде Шота ағамыз өзінің досы, халықаралық Қаныш Сәтбаев қорының директоры Кәкімбек Салықовпен бірге келді. Зейнолла Қабдолов секілді өнер, мәдениет қайраткерлері бас қосқан жиналыста Шота ағамыз Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұлан туралы естен кетпес ерекше баяндама жасады. Бұл біздің алғашқы таныстығымыз болатын. 6 жылдан соң мен Павлодар университетінің ректоры болып жүрген кезімде Зинаида апайға қоңырау шалып, Шота ағамызбен де сөйлесіп өз ұсынысымды айттым. Ол ұсынысым Шоқан Уәлихановтың туған нағашысы Мұса Шорманұлының ба­сын көтеріп, ас берер алдында Алтын-Емелдегі жиені Шоқанның басына барып тәу етіп қайтсақ деген өтініш еді. Ағамыз бірден келісімін берді. Бұл сол сапардан келгенде Шота ағаның Алма­тыдағы шеберханасында түскен сурет еді.

– «Жолдас сапарда сыналады» дегендей, ол кісінің мінезі туралы не айтасыз? Және шығармашылық адамының шеберханасынан қандай өзгешелік байқадыңыз?

– Шот-Аман ағаның мінезі жайсаң, орнықты болатын. Айналасындағыларды жұғымды әзілі­мен көңілдендіріп те жіберетін.

Алғаш шеберханасына кіріп барғанда бай­­қағаным өзі отыратын орындығының артын­дағы қабырғаға екі үлкен сурет ілініпті. Олар ағаның ата-бабалары Абылай хан мен Шыңғыс ханның портреті. Өзі сол Шыңғыс ханның 23-ұрпағы болып есептеледі. Абылай хан портретінің астында ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын қойыпты, ал Шыңғысханның астында Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаевтың суреті тұр. Сонда «алыпты алып қана арқалайды» деген текті нақылдың дәлеліндей Шот-Аман аға­мыздың ұлтымыздың тарихындағы ұлы тұлға­ларды бойына сіңіріп, өзімен қоса алып жүргендей абыздық қасиетін байқадым.

– «Шота болып оянсам, Шоқан боп күнім батады» деп Шота ағамыздың өзі жаз­ғандай Абылай хан ақ ту көтеріп, қолына найза ұстап, үш жүздің басын қосып қазақ мем­лекетін құрса, Шоқан Уәлиханов қолына қалам алып арғы-бергі тарихты зерделеп, тіп­ті өзі жүрген жерлердің суретін де салып, сөзбен бейнелеп жеткізгені тарихтан мә­лім. Сол қасиет пен өнердің қандық жалғас­тығы болып Шот-Аман ағамыздың сәулет­керлігінен де көрініс тауып, ғылыммен жал­ғас­қан, текпен ұштасқандай болып көрінеді.

– 2005 жылы 23 мамырдағы сапарымызда Шота аға былай деді: «Шоқанның басынан қос уыс топырақ алайық, сол топырақты мен Сырымбеттегі Ақ әжемнің (Шоқанның шешесі, өзінің әжесі – Зейнеп) басына сала­йын. Ал сен бір уыс топырақты Баянауыл, Ақ­келін қонысында жатқан нағашымыз Мұса Шорман­ұлының басына сал!» деп аманаттады. Осы бір бағзыдан келе жатқан топырақ салу дәстүрін біз ерекше құрметпен атқардық. Сол жылы жазда Мұса Шорманұлының басында аламан бәйге өткізіп, үлкен ас бердік. Ең бастысы, Шота ағамыздың аманатын орындадық. Содан 13 жыл­­дан кейін 2018 жылы Мұса Шорманұлының ба­сын көтеріп, үлкен кесене тұрғыздық. Ол кешенде тек қана Мұса Шорманұлы ғана емес, қазақтың оқу-біліміне өшпес үлес қосқан Шор­ман би әулетінің 26 туысы жерленген екен. Осынау үлкен іс Шота ағамыз аманаттаған бір уыс топырақтан басталды. Туған жерге қызмет етуден артық қандай бақыт болсын әр адамға! Биыл Шота ағамыз өмірде бар болса 90 жасқа толар еді...

Шот-Аман Уәлиханов саналы ғұмырында елі­міздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның жарқын бейнесі мен ұлт өнеріне сіңірген еңбегі халық жадында мәңгілік сақ­талады. Та­би­ғаттан дарыған дарыны мен білімін туған елі­нің игілігіне жұмсаған тума талант иесінің айшықты есімі ешқашан ұмы­тылмақ емес. Қазақ­тың сәулет өнеріне қосқан қомақты үлесі сан ға­сырлар бойы ұрпақ игі­лігіне жарайтыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман Шеризат,

«Egemen Qazaqstan»