Экономика • 27 Сәуір, 2022

Ел экономикасы қайтсе жақсарады?

322 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі ішкі нарықтың жағдайы сан құбылып тұр. Оның алда қалай өзгеретіні де белгісіз. Нарыққа қысым іштен де, сырттан да төніп, қолдағы мүмкіндігімізді әртараптандыру қажет екені сезіле бастады. Бұл мәселе Алматыда «Сағадиев оқулары» шеңберінде «Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты: болмысы мен болашағы» тақырыбымен өткен халықаралық конференцияда кеңінен талқыланды.

Ел экономикасы қайтсе жақсарады?

Жиынға сарапшы ретінде шақырылған «Халық финанс» директорлар кеңесінің мүше­сі, басқарма төрағасы Фархад Охонов экономиканың негізгі доноры мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор екенін, оның нарық заңдылығына қайшы келетінін айтты. Ішкі нарық, оның ішінде салымшылар қор нарығы­ның мүмкіндіктерін бағалай алмай отыр. Сарапшы айтқандай, баға­лы қағаздар мен қор нарығы соңғы үш жылда көп өзгерген. Биржа жетілдірілген технология­ларды сатып алып, пайдалануға енгізді. Бұл тетік нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуына сеп болады деген үміт бар. Себебі жиған-тергенінен артылғанын қор нарығындағы акцияларды сатып алуға жұмсайтындар қатары өскен. Қаржы нарығын рет­теу және бақылау агенттігі де осы бағытта біраз жұмыс атқарып жатыр. Бұл қор нарығы бағы­тын әртараптандыруға, халықтың оған көптеп қатысуына, брокерлік биз­нестің жандануына мүмкіндік береді.

Ф.Охонов айтып өткендей, дәл қазір өсімге себеп болатын фактор – экономиканы цифр­ландыру. Бірақ өсімге себеп болатын факторлардың өзі қазір қырық құбылып жатыр. Бүгінгі тың технология ертеңінде-ақ ескіріп қалып жатыр. Сондықтан қор нарығында брокер мен клиент арасындағы байланыс­ты цифрландыратын технологияларды жетілдіруге басымдық беру қажет. «Қазір мобильді қосымшалар барлық сегменттің жұмысын оңтайландырып жатыр. Салымшы биржаға келмей-ақ түнгі сағат 3-те Лондон немесе Шанхай қор биржасының жұмысына қатыса алады. Егер цифрландырудың мүмкіндігі қор нарығының барлық сегментіне жетсе, онда жаңа нарықта жаңа ойыншылар пайда болады. Бұл – нарық үшін жаңа инвестор. Біз ұлттық инвесторларды осылай қалыптастыра аламыз», дейді Ф.Охонов.

Осы тұста сарапшы инвестор­ға акциясын саудалау, банктегі есепшотын толтыру үшін инвес­тициялық орта керек екенін ес­кертті. Басқасы маңызды емес. Себебі нарыққа инвестиция салу­ға ден қойған инвестор өзіне қа­жетті ақпаратты ғаламтордан тауып алады. «Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселелерді реттеуге кірісті. Бірақ олар бұл мәселені тым өбектеп кетті. Қор нарығындағы жағдай ашық бәсекелестікке, тәуекелге бе­йімделуі керек. Сол кезде адам­дар қолдағы актив­тер­дің баға­сы арзандап немесе күрт қым­баттап кетсе, оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. «Үкімет арзандап кетуге жол бермейді» деген ойдан алыстайды. Қор нары­ғында бағын сынағысы келген инвестор кез келген тәуекелге дайын болып, істің соңын сабырмен күтуді үйренуі керек. Қор нарығын қолдан реттемей, нарықтың ыңғайына бейімдеу – ұлттық инвесторлардың қатарын көбейтеді», дейді Ф.Охонов.

Ал сарапшы Мағбат Спанов нарық­тағы күрделі жағдайды шешу үшін бюджеттегі тапшы­лық­ты жойып, нақты секторға көңіл бөлу қажеттігін айтады. Мемлекет бұл бағытты шындап қолға алса, бюджеттегі дефицит қана емес, импортқа тәуелділік, қымбатшылық, жұмыссыздық секілді өзге де проблемалар ше­шілетіні белгілі.

Сарапшының айтуынша, Үкімет барлық экономикалық проб­­леманы әлеу­меттік көмекпен шешуге үйреніп, халық­ты да солай үйретіп қойған. Көп­шілік бизнес жасап, мал басын көбейтуді емес, айлықтың көбеюін күтіп, жалақыдан жалақыға өмір сүру­ге дағдыланып барады. Тұр­­ғын үй де, көлік те, азық-түлік те қым­баттап, оны сатып алғысы келетін адамдар саны еселеп өсіп жатыр. Бұл – нарықтың заңына қайшы келетін ең арзан тәсіл. Халықтың қолындағы ақшаның көбеюі инфляцияны жеделдетіп, елді нарық пен баға ортасындағы «допқа» айналдырып жіберді.

«Азық-түлік бағасын қымбат­тат­пау үшін Үкімет 5 жылға 4,5 трлн теңгені ортаға тастады. Бұл шешім бағаны қымбаттатпау үшін қабылданды. Оны әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қарасты ұйымдар игереді. Бұл қаржы бағаны жарты жыл ұстап тұруға жетеді. Демек «аспириндік» әсерге ғана ие. Нарықты сауықтыру үшін ағзаны сауықтыру керек. Егер сол 4,5 трлн теңгені ШОБ-қа грант ретінде бөлсе, бизнестің күре тамырына қан жүгіреді. Халық та қалтасына қарап өмір сүруге бейімделеді. «Қазір адамдар қар­жы мен инфляция арасындағы «допқа» айналады. Өндіріс жоқ болғандықтан қаржы өзбек немесе қытай тауарларын сатып алуға, өзгенің нарығын бүтіндеуге кетеді. Мұнай мен газдан түсетін кіріс әлеуметтік проблемаларды шешуге емес, экономиканы көтеруге жұмсалуы тиіс», дейді М.Спанов.

Сарапшы айтқан екінші мәселе – экономикалық стратегиялар үшін жауап беретін құзырлы орындардың мүмкіндігі мен құзіретінің шектеулілігі. Экономиканы көтеруге бөл­ген мемлекет қаржысы екінші дең­гейлі банктердің депозит­терін­­де жылдар бойы жатады. «Мұ­ны­­мен шындап айналысуы тиіс Үкімет әзірге уақытша әсері бар бағдарламалармен ғана айна­лысып жүр. Бізге алдағы онжыл­дық­­тарда жағдайды жақсартатын ұзақ мерзімді емес, ертең жұмыс­сызға жұмыс көзін тауып беретін, нақтылыққа бейімделген, аудан, облыс әкімдерінің түн үйқысын бөлетін стратегиялық жоспарлар керек», дейді М.Спанов.

Экономистің сөзінен ұқ­қаны­мыз, қымбатшылық алдағы уақытта да қос бүйірден қыса береді. Себебі біздің кірісіміз өндірістік шығындарды жаба алмай отыр. Содан кейінгі мәселе – бюджетте профицит. Біздің ел бюджеттің профициті дегенді соңғы рет 2006 жылы ғана көрді. Содан бері бюджеттің табысынан шығынын, яғни дефициттің кері сальдосын ғана көрді. Сарапшы Ұлттық қордан қаржы ала беру болашақ ұрпақтың мүмкіндігін шектейтінін, Үкімет те «көрпеге қарап көсілуді» үйренетін кез келгенін айтты.

Жиында «Экономикалық-саяси дағдарыс жағдайында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолдары» тақырыбында баян­дама жасаған Білім және ғылым министрлігі Экономика инс­ти­туты басшысының кеңес­шісі Найля Нұрланова Қазақ­стан­дағы экономикалық қауіпсіз­­д­ік мәселесіндегі негізгі проб­ле­ма­ларға тоқталып, технологиялық қауіпсіздікті дамытуға басым­дық беру керектігін айтты. Осы­ған байланысты ұсыныстарын да ортаға салды. «ХХІ ғасыр технологиялар дәуірімен басталды. Бұдан кейінгі кезеңді болжау мүмкін емес. Технология адамның қиялынан да озып кетті. Адамзаттың өмір сүру үрді­сін жеңілдететін технология­лар күн сайын жаңарып жатыр. Техно­логия тілін меңгерген мемлекет әлемді басқарады. Ғылымға экономиканың жүгін жеңілдетуге мүмкіндік беру керек. Сол кезде ғана ғалымдарымыздың мүм­кін­дігі бар қырынан ашылады. Ғылым мен технология арасын­дағы интеграцияның үзіліп қалуы технологиялық тәуелділікке алып келетінін байқап қалдық. Ендігі назар аударатын мәселе осы болу керек», дейді Н.Нұрланова.