Ұзақ жылдар бойы дүние жүзінің айтулы ғалымдары жылқыны қолға үйрету, ең алдымен, нақты қай жерде болғанын таба алмаған еді. Кейбір ғалымдар оны 3 мың жыл бұрын десе, ең соңғысы Украина жерінде 3 500 жыл бұрын дегенге тоқтаған. Ғалымдардың бұл жаңалыққа қатты шұқшиуының үлкен себебі бар. Өйткені жылқыны қолға үйретудің өзі тамақ, киім үшін ғана емес адамзаттың көлік әлеуетін арттырған, жылдамдығын жетілдірген айрықша оқиға. «Желден жүйрік жануар» иесін бұрын бірнеше күн жүріп маңына да жолай алмайтын қашықтыққа бірден жеткізген. Содан соң аң аулауда, кейін соғысқа пайдалануда жылқыға жетер жануар жоқ екені белгілі болды. Адамзат жануарлар арасында, ең алдымен, жылқыны еңбек құралы ретінде пайдаланды. Сондықтан да адамзат ешкіні, қойды, сиырды қолға үйретудің қашан басталғанына күні осыған дейін соншалықты мән бермесе де жылқының қашан үйретіле бастағанын көп зерттеген.
Ғылыми жаңалықтардың соңғысы, жоғарыда айтқанымыздай, 3 500 жыл бұрын Еуразия даласында болды деген болжамға тіреліп қойған. Ал «Ботай мәдениеті» ғылымның осы саласында төңкеріс жасап, жылқыны қолға үйрету Қазақстан даласында 5 500 жыл бұрын пайда болды деген сенсациялық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай мекенінде ашылған бұл жаңалық дүние жүзін дүр сілкінтті. Осы жаңалықпен бірге қазақтың аты да, мәртебесі де кезекті рет әлемнің аузына ілінді. Ботай заманындағы адамдар әлі қазақ деп аталмаса да қазіргі Қазақ жерінде болғанының өзі ұлтымызды ұлықтаған жаңалық еді.
Міне, осындай археологиялық қана емес тарих ғылымына да ғаламдық жаңалық болған дүниені ашқан Виктор Федорович Зайберт марқұм еді. Бұл кісі – нағыз қазақстандық неміс. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Николаевка селосында 1947 жылы дүниеге келген. Қазақтар бұл ауылды Көбеш дейді. Өйткені осы ауылдың орнында бұрын Көбеш деген байдың жайлауы болған. Ауыл Есіл өзенінің жағасында, ақ қайыңдардың арасында, аса бір құнарлы әрі жайлы жерге орналасқан. Бұл мекеннің бір қасиеті сол, ондағы неміс, украин, орыстар қазақшаны жақсы білді. Оған Қарабұлақ, Сарман, Тауағаш, Бірлік, Қаратал сияқты қазақ ауылдары тұрғындарымен тығыз араласқаны да себеп болды. Қарабұлақ секілді ауылдар кейін осы Көбешке қосылып та кетті. Оның үстіне осы түкпірдегі жалғыз онжылдық мектеп, оған іргелес интернат та осында болды. Мектеп аралас болғанымен онда қазақша оқитын балалар саны жетпіс-сексен пайызды құрайтын. Ұзақ жылдар бойы «Николаевка» кеңшарының орталығы да осы ауыл еді. Осы кеңшарға қарайтын жаңағы Тауағаш, Сарман, Қаратал, Қарабұлақ ауылдарының тұрғындары Көбешке қаптап келіп жататын. Механизаторлар қысқы жөндеу жұмыстарын тек осында өткізетін. Осының бәрі Көбештегі қазақ тілінің ықпалын арттыра түскен.
Виктордың әкесі Федор Зайберттің отбасы да қазақшаны жақсы білген. Оның өзі атақты сырнайшы, баянды құйқылжыта тартып, талай конкурс, байқауларға қатысып жүреді екен. Виктор бірінші сыныпты бітіргеннен кейін отбасы алдымен Покровка, сосын аудан орталығы Явленка селосына көшіп кетеді. Виктор Зайберт мектепті Явленка селосында бітіріп, Петропавл пединститутының тарих факультетіне түседі. Алған мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болса да ол Солтүстік Қазақстанның тарихи-өлкетану музейіне қызметке кіреді. Оған себеп болған В.Зайберттің археологиялық-қазба жұмыстарына құштарлығы еді. Пединституттағы тарих пәнінің мұғалімі Геннадий Здановичпен бірге ол жаз айларындағы археологиялық қазба жұмыстарына үзбей қатысады. Ұстазы шәкіртінің ыждағаттылығына разы болып, оның Эрмитажда, Бүкілодақтық реставрациялау орталығында тәлімдемеден өтуіне қол жеткізеді. Сөйтіп, алдымен өзінің құштарлығы, сосын әлемдік тәжірибелердің әсерімен Виктор Зайберт 40 жыл бойы қазба жұмыстарымен айналысқан. Соның ішіндегі ең үлкен жаңалығы ежелгі адамдардың ертедегі мекендерінің бірі – Ботайды ашқаны әрине.
Оның экспедициясы Ботайдан жылқы сүйектерінің бір жерге үйілгенін анықтайды. Егер қолға үйреніп, бір аранға қамалмаса сүйектер әр жерде шашылып еді. Демек жылқылар бір жерге қамалған, енді солардың жасын анықтау керек болады. Ондайды анықтайтын жоғары деңгейдегі технология бұрынғы КСРО аумағында жоқ екен. Ал шетелдіктерге шығудың өзі ол кезде үлкен кедергілерге тап келеді. Соның ішінде КСРО басшылары өздерінің технологиясы артта қалғандығын жасырып, шетелдіктерге қайырылуға намыстанған.
Әлемдік жаңалықтың ашылуы Қазақстанның тәуелсіздік алғанының арқасында болды деп айту артық емес. Жаңа ғасырдың басында Ботайдан табылған жылқы сүйектерінің жасы Англияның Экзетер университетінің зертханасында анықталды. Осы жаңалықтың өзі Ботайда ежелгі мәдениеттің болғанын дәлелдеді. Бұл жаңалықпен алғаш танысқан америкалық атақты археолог Д.Энтони: «Ғаламдық тарихтың көптеген құпияларына жауапты қазіргі ғылым Ботайдан табады» деп жариялады. Айтса айтқандай, Ботайдан табылған жылқының бас сүйегіндегі тістер ауыздықпен үйкелгеніне, сондықтан эмалінің бұзылғанына, сондай-ақ табылған қыштан жасалған ыдыстарда қымыз майының іздері бар екеніне Виктор Зайберт пен оның Карнеги атындағы тарих музейінде қызмет істейтін америкалық әріптесі Сандра Ольсен екеуі әлемнің назарын аудартты. Артынан бұл болжам Англияның Бристол университетінің зертханасында дәлелденіп, бүкіл әлемге Қазақстаннан табылған деректер жылқыны алғаш үйретіп, қымызын ішкен Ботай мекенінің тұрғындары деп жариялады. Ұлыбританияның Экзетер университетінің профессоры Алан Аутрэм бастаған қазақстандық, ресейлік, франциялық, англиялық ғалымдар Ботай қонысынан табылған жылқы сүйектері адам қолына үйретілген жануарларға тән екенін дәлелдеді.
Осы жаңалықты ашуға негізгі ұйытқы болған, 40 жыл бойы Ботайдың ежелгі адам қонысы екенін дәлелдеуде жүздеген артефактілер тауып, талай археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Виктор Зайберт екенін де әлем мойындады. Марқұмның ғылыми атақтары да көп болды. Соның ішінде ол тарих ғылымдарының докторы, Германия археологиялық институтының корреспондент-мүшесі және т.б. Ол Солтүстік Қазақстанның ежелгі тарихы бойынша көптеген кітап пен мақалалар жазды. Бельфаст, Кембридж, Оксфорд, Ньюкасл, Эдинбург университеттерінде дәріс оқыды. ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» орденімен марапатталды. Өмірінің соңғы жылдарында ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Археология және дала өркениеті ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеді.
2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өз еліміздің әр түкпірінен және Өзбекстан, Ресей, Қырғызстаннан 20 суретші шақырып, «Ботай – суретшілер көзімен» атты симпозиум өткізген. Он күнге созылған сол симпозиумға қатысқан суретшілер Ботай мекенінің орнында жазған еңбектерін Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейіне сыйға тартқан. Қазір оған облыс орталығы мектептерінен үнемі оқушылар келіп, «Ботай мәдениетімен» танысады. Ал Ботай айтылған, көрсетілген жерде Виктор Зайберттің есімі де жаңғырып, жас өрендерге жылдар бойы ұмытылмай, өзінің өнегелі үлгісін көрсетіп тұратыны сөзсіз.