Әдебиет • 27 Сәуір, 2022

Іңір қараңғысында туған өлең...

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ендігі жерде әдебиет үшін сөздің құны мен құдіреті туралы жиі ойлануға тура келеді. Қай ғасырда да біздің бәсімізді жоғарылатып, еңсемізді көтерткен екі құндылық болды десек, соның бірі төл әдебиетіміз екені анық.

Іңір қараңғысында туған өлең...

Коллаждарды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өлеңді біз ой мен сезімнің нә­рестесі десек, қателесе қоймаспыз. Ақын үшін оның бары да, болмысы мен бі­тімі, көз қуанышы да – өлеңі. Кешегі Сұлтан­махмұт «Оян, қазақты» жазғанда, қалай шын жүрегімен қуанса, бүгінгі талантты жас ақын да есті бір өлеңін жазып, оқырманға ұсынғанда солай қуана алуы ғажап емес. Екі ғасырдың арасын жалғап тұрған, қуатты қалам иелерін үндестіріп тұрған жалғыз нәрсе – өлең. Кешегі кер ғасырда Шәкәрімше айтсақ, «Абай өзін-өзі өлеңмен ғана жұбата алды», хакім үшін керегі де сол еді. Ал бүгінгі қазақ ақыны өзін-өзі немен жұбатпақ? Әрине, өлеңдерімен. Өлең болғанда, Абайдікі сияқты ащы мысқыл, тапқыр ойды астар етіп, алыс болашақты көздеген жырлар болмаса да, өзінің әр сәттік көңіл күйін, қоғамнан түйгенін, өмірге көзқарасын сөз сарасына айналдырып, сонымен жанын жұбатады. Қолына қалам ұстаған үлкен ақындар туралы осыған дейін көп жазылды, айтылды. Ал біздің замандастарымыз не жазып жатыр, жазғандары қай деңгейде, әдебиетке не бере алады деген сауалға жауап табудың өзі кейде қиын.

Қолына қалам алған жас ақын­дардың таланттысы – Қай­сар Қа­уымбек. Оның жыр жо­лын­да­ғы есімі әуелі қарт Қаз­МУ қала­шығымен, сосын ару Алма­тымен бай­ланысты. Жас ақын­дардың өз­дері оны «Қағанымыз» деп ес көреді, ерке­лейді. Қағанаты бар Қайсар ақын бірде «Түс» көріпті, дұрысы, «Түс» деген өлең жазыпты, сонда ол бүй дейді:

«Жамырай жүзіп жақұт

көл жатты,

Жарық ай күліп шалқадан.

Басымда бүгін бақыт

пен шаттық,

Қасымда сенсің, қалқажан.

 

Теңеу де таппай

мысалым кеміп,

Жырлауға сені жетер ме ой?!

Құшағыма үнсіз қысамын келіп,

Қолымнан ұшып кетердей.

 

Көк көйлегіңді қағады жылап,

Бағыма мынау жел күндес.

Көкжиек көлге барады құлап,

Көзіңдей тұнған мөлдір кеш».

Осылай оқып келе жатып, бұл «Түсті» шынымен әлдебір қағанның салдық құ­руы шығар деп ұзақ ойға кетесіз. Бірақ бұл жырдың жас қағанының өлеңдегі салдығы еді. Жырларын жұрт сүйіп оқитын ақынның өлеңдері осылай болмай қайтсін, осындай атақты Бодлердің «Париж солай болмаса, несі мақтан?» дегені еске түседі.

в

Біз cөз еткелі отырған келесі өлеңі «Тәуел­сіздік» деп аталады. Азат күнді асыға күткен қазақ ба­ласының, оның ішін­де қолына қалам ұстаған ақынның тебіренісі деп қабылдаңыз.

«Әрпінің өзі қиссадан өктем,

Дастаннан да асқақ.

Даңқының өзі ғарышқа

жеткен,

Аспаннан бастап.

Жырының өзі күркіреп төксе,

Күнді жылатқан.

Нұрының өзі маңдайдан өпсе,

Гүлді жұбатқан».

Бабалар арманына айналған тәуелсіз­діктің ақын жүрегінде осы­лай жыр болып тербелуі қалай айтсақ та қисынға сыяды. Кешегі хандық дәуірлерде де елдің, жердің сөзін айтқан ең алдымен ақындар болды. Ал жетпіс жылдық ноқтаны сы­пы­рып, еркіндікке қол жеткізген сәт­­те де, қазақтың ұлы арманының оянға­нын, үмітінің түрленгенін, алуан түс­ке боял­ға­нын, күн са­йын гүлдей құлпы­р­ға­нын ақындар өлең етті. Бұл жолғы жыр­­дың өзегі де – бостандық. Шалкиіз, Доспам­беттер мен қазіргі ақындардың арасында қаншама ғасыр өтсе де, жыр жүлгесі сол қалпынан айнымаған.

«Шешендер шемен тарихын,

Ғазалмен күйлеген.

Сол үшін шерлі бабалар да,

Ажалмен билеген.

Өксігі көкжал көмейінен

шығып,

Кекке айналған.

Көк туы қыран

құс болып туып,

Көкті айналған».

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов кезінде «Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан – Абай» деп ашығын айтып кеткен еді. Ал Абайдың қазіргі ақын шәкірттері қазақтың қара өлеңінің иін қандырып, қа­лыбын қаз-қалпында сақтап, оқырманын жырлармен сусындатып келеді. Үндестіктің ең үл­кені – поэзиядағы үндестік болса керек. «Іңір қараңғысындағы көктем» жыр жинағының авторы, ақын Қайсар Қауымбек те Абай мектебінің талант­ты түлегі дер едік. Оның жазған жыр­ла­рының жаны сұлулықты, ойы терең­дікті, өлшемі шексіздікті негіз етті. Тіпт­і сол қалыпты өзге замандастарына үйрете білді. Қолымыздағы «Іңір қараң­ғы­сындағы көктем» жыр жинағы оқыр­ман­ға жеткен жақсы жыр жинақтың бірі екенін айтпай кетсек, ауырлау болар. «Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек. Өзгені де тану үшін кітап керек» дейтін Расул Ғамзатовтың тағылымы талай ойдың ұшығын сыртқа шығарады. Қайсар Қауым­­бек кітабы шықпай тұрып-ақ өлең­дерін оқырмандары жақсы бағалаған бақыт­­ты ақын.

Ендеше, іңір қараңғысында жазылған жыр­лар оқырман санасына жарық сәуле шашары сөзсіз. Аспан парағында жазулы тұрған жырларды көктемнің ақ қанат құстары сынды қалпымен ойдың еліне, сөздің жұртына самғатқан ақынның өлең­дері қазақ поэзиясының бүгінгі жетістігі бола бермек.