Алаңға жиналған саясаттанушылар, жетекші сарапшылар, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ғалымдар мен ЖОО оқытушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу жөніндегі ұсынысын жан-жақты зерделеп, талдау жасады.
Модератор, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов: «Референдум – халықтың еркін білдіру тәсілі ретінде өте кең таралған тәжірибе болып саналады. Көбінесе референдум Швейцарияда кеңінен қолданылады, бұл елде 400-ден астам рет плебисцит орын алған. Референдум Еуропа елдерінде соңғы 200 жылда – 149, Орта және Таяу Шығыста – 93, Азия елдерінде 30 рет өткізілген екен», деп референдум тарихына қысқаша шолу жасап өтті. «Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізу бастамасын орынды деп санаймын. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды тұғырнамасында ел үшін маңызды мәселелердің барлығы жалпыхалықтық талқылау арқылы шешілетінін нақтылап айтқан болатын. Бұл – маңызды шешім қабылдаудың ең заңды жолы», деді ол.
Ал ҚЗСИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова Ата Заңымыздың 30 пайызына өзгертулер енгізілуіне байланысты жалпыхалықтық қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті. «Халық қолдамаса, бұл өзгерістерді жүзеге асыру қиындық туғызады. Сондықтан қазір жұмыс топтары құрылып, дайындық қызу жүргізіліп жатыр. Халықты дұрыс ақпараттандырып, өзгертулердің мақсатын, нәтижесін толыққанды жеткізудің маңызы зор. Бұл бастамаға қоғамның әрбір мүшесі белсенді атсалысуы қажет», деді ол.
Референдумды өткізу форматының нақтылана қоймағанын жеткізген Ә.Назарбетова: «Бүгінде референдумның нақты уақыты мен өткізілу формасы талқыланып, сараланып жатыр. Жақын күндері нәтижесі белгілі болады. Қазіргі біздің сараптамалық, әлеуметтік зерттеулердің көрсеткіші бойынша біз халықтың саяси белсенділігінің төмен екенін байқап отырмыз. Сол үшін де халықпен тығыз байланыс жасаудың маңызы зор. Депутаттар өңірлерді, әсіресе шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездесулері қажет. Қағаз жүзінде емес, нақты, нәтижелі жұмыстар атқарылуы қажет. Референдум билікке емес, еліміздің дамуына тікелей байланысты халықтың игілігі үшін маңызды болып отыр. Осыны барлығымыз түсінуіміз қажет», деді.
Талқылауға қатысқан Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев халықтың билікке деген сенімі азайған қазіргі кезде референдум өткізуді батыл қадам деп санайды. Ол бұл бағытта ғылыми, мәдени, үкіметтік емес ұйымдарды бірігіп жұмыс атқаруға шақырды. «Қазіргі кезде әлемдік, әлеуметтік жағдайларға байланысты халық арасында адами байланыстың өзі бәсеңдеп қалды. Әрине, халық ұсынылған мәселелердің барлығын қабылдамауы мүмкін, ол – заңдылық. Сондықтан мамандар мәселелерді, ұсыныстарды заңды, технологиялық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан саралап халыққа сауатты жеткізулері қажет», деген сарапшы халықпен қарым-қатынас жасаудың тетіктері мен маңыздылығын атап өтті.