Қаржы • 04 Мамыр, 2022

Халық табысы қалай артады?

825 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі үкіметтік бағдарламасын таныстырды. Ол осы құжатта қарастырылған нақты бағыттарға тоқталып өтті. Соның бірі – еңбек қызметінен түсетін табысқа тікелей әсер ететін шараларға қол жеткізу.

Халық табысы қалай артады?

«Біріншіден, бұл 1 млн-нан астам бюджет саласы қызметкерлерінің, квази­мемлекеттік сектордың, өндірістік персоналдың еңбекақысын көтеру. Мем­лекет­тен қолдау алатын бизнеске нақты міндет­темелерді белгілеу арқылы ондағы 2,8 млн қызметкерлер жалақысын арттыру қа­растырылған. Екіншіден, бағдарлама аясында экономиканың түрлі саласында инвес­тициялық жобаларды іске асыру есебі­нен 2025 жылға дейін 2 млн-нан аса жаңа жұмыс орны құрылады, оның ішінде өндіріс саласында – 950 мың, инфра­құрылым саласында – 583 мың, ауыл шаруа­шылығы бойынша – 458 мың, туристік сала бойынша – 59 мың. Бұл нақты мүм­кіндіктер, ұлттық жобаларда көрсетіл­ген. Одан әрі оларды арттыруға мүм­кіндік болады деп ойлаймыз», деді Е.Тоғжанов.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, Үкімет бірінші кезекте ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жағдай жасап, жеке қосалқы шаруашылықтардың кірістерін едәуір арттыруды көздейді. Мәселен, Ақмола облысының Қарабұлақ ауылында «Ар-Ай» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Степногорск қаласын көкөніспен қамтамасыз етеді. Жамбыл облысы Қордай ауданында 17 жеке қосалқы шаруашылықты біріктіретін «Экочикен» ӘКК бір жылдың ішінде құс етін өндіруді 147 тоннадан 336 тоннаға дейін арттырды.

«Ауыл – табыс көзі» жобасы шең­берінде үй шаруашылығы коопера­тив­терінің бірлестіктерін қолдау көзделеді. Ауыл әкімдерінің рейтингінде осы коопе­ра­тивтерді қолдауы ескеріліп, назарға алынатын болады», деді Е.Тоғжанов.

Үкімет әлеуметтік кәсіпкерлікті да­мытуға да ниетті.

Қазақстанда мүгедектік дәрежесі бар 400 мыңнан астам еңбекке қабілетті азаматтар бар, олардың 20 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту – бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмыспен қамтуға тарту және табыстарының өсу мүмкіндігі.

Елімізде 300-ге жуық әлеуметтік кәсіп­керлік кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың санын 1 мыңға жеткізу міндеті тұр. Бұл үшін заңнамаға түзетулер қабылданды, салық жеңілдіктері, преференциялар көзделген.

Е.Тоғжановтың айтуынша, өңдеу өнер­кәсібін жаңғырту импортқа тәуелді­лікті еңсерумен қатар халықтың табысына да әсер ете алады. Осыған орай 50 ірі кәсіпорынның айналасында ШОБ белдеулері құрылады. Бұл бизнес өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Қызылорда облысындағы бір ғана шыны зауыты айналасында шыны талшық, автомобиль әйнектері, шыны кәдесыйлар, шыны ыдыстар, шыны жүн, смартфондарға арналған ультра жұқа әйнектер өндіретін 8 шағын зауыттан тұратын ШОБ белдеуін құрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жаңа жобаларға да осындай тәсіл қолданылады.

«Екіншіден, сұранысқа ие өндірістік тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді оқшаулау. Бұл бірінші кезекте мұнай бағытына қатысты. Осы саладағы 4 зауыттың іске қосылуы құбырлар, сор­ғылар, ыдыстар, бөтелке өнімдері, геотекстильдер, тоңазытқыштар мен кондиционерлер өндірісін құруға мүмкіндік береді. Яғни біз жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік алдық», деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Үкімет 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдар­ла­масында креативті индустрияны дамытуды көздейді. Осы ретте Е.Тоғжановтың айтуынша, әлемдегі шығармашылық индустрияларды капиталдандыру бүгін­де шамамен 2,3 трлн долларды құрай­ды. Мәселен АҚШ-та индустрия аясында 30 млн-нан астам жұмыс орны құ­рылды. «Креативті индустриялар біртін­деп дамыған және дамушы елдерде экономиканың драйверлеріне айналуда. 2016 жылы кореялық креативті индустриялардың экспорты 6 млрд доллардан асты. Бүгінгі таңда жастар мәдениет, кино, шығармашылық, IT технологиялар саласындағы отандық креативті жобаларға қатысады. Олардың алдында қазақстандық мәдениетті, бірегейлікті, өнерді дәріптеу міндеті тұр», деді ол.

Е.Тоғжанов Қазақстанда креативті индустрияларды дамытудағы алғашқы жедел шаралар іске қосылғанын атап өтті. Бұл – креативті индустрияларды қолдаудың мемлекеттік емес қорын тіркеу, шығармашылық өсу үшін қолжетімді инфрақұрылымды анықтау, тағы басқалар. «Әрбір қаланың  «жергілікті бірегейлігін» ескере отырып қалыптастырылған өз бағыты болады. Қазақфильмнің және басқа да мәдениет объектілерінің қолда бар ба­засы шығармашылық ұжымдардың сол алаңдарда дамуға мүмкіндігі болуы үшін пай­даланылатын болады», деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 115 мың жұмыс орны ашылатын 690 жоба іске асырылады. Өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы халықтың табысын арттыру блогы келесі аптада салалық министрліктердің қатысуымен «Самұрық-Қазына» алаңында егжей-тегжейлі таныстырылады.

Елімізде импортталатын азық-түлік тауарларын 100% отандық тауарлармен алмастыру іске асырылады.

«Қазіргі кезде азық-түлік бойынша 80% деңгейінде өзімізді өзіміз қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Өнімдердің 20%-ын ғана сырттан әкелуге мәжбүрміз. Енді 2025 жылға дейін өнімнің алты түрін толықтай жабуға мүмкіндік болады. Тек қант қана 80% деңгейінде қалады. Басқа тауарлардың ішкі өндіру көрсеткіші жөнінде 100% деңгейге шығарамыз. Бұл – ең үлкен жобалардың бірі. Сондықтан импорттық тәуелділікті болашақта жою үшін 900 инвестициялық жоба іске асырылады», деді Үкімет басшысының орынбасары.

Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бағытына кешенді жұмыстар жүргізіледі. 160 мың қыз бен жігіт «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттармен қамтылады. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 20 мың көпбалалы ана мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар біліктілігін арттырып, үйден шықпай-ақ табыс табуға мүмкіндік жасалады. «Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие 14 мамандық бойынша қысқа курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультациялар алады. Былтыр осындай жоба арқылы 1 700 әйел оқудан өтіп, 800-ден аса қатысушы кәсібін ашты. Мысалы, Жамбыл облысында туа біткен екі қолы жоқ, аяғымен іс тігуді үйренген қыз бар. Оған рахметімді айтамын. Сонымен қатар жобадағы ең үлкен бағыттардың бірі – жастар. Оларға қатысты нақты жобалар бар. Колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құрылады. Алғаш рет жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы­на жәрдемдесетін 103 мансап орталығы ашылады. Бұдан бөлек, 7 мыңнан астам мектепте 7-сыныптан бастап мамандық таңдауға баулитын «педагог – кәсіптік бағдар беруші» мамандығы енгізіледі», деді Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін арттырудың маңызы атап өтілді. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде осы көрсеткішті 31,2%-дан 38,4%-ға дейін арттыру жоспарланған. Дамыған елдерде ІЖӨ құрылымындағы еңбекақының үлесі 50%-дан астамды құрайды. Мысалы, Германия – 55%, Канада – 53%, Латвия – 52%.

Ең бастысы, бағдарлама арқылы еліміздің азаматына өзінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, табысын арттыруға жол ашамыз, бұл өте маңызды. Жуырда тағдырдың жазмышымен екі аяғынан айрылған сарағаштық таксиші Нұржан бауырымыздың әлеуметтік желіде тараған видеосын көріп, таңдандым. Ол «жұмыс жоқ дегенге сенбеймін», дейді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында өз кәсібін ашқан, тумысынан екі қолы жоқ Анар Бексұлтанова ханымның ерік-жігері баршамызға үлгі болуы тиіс. Өмірді, отбасын, жақындарымызды сүюді осындай азаматтардан үйрену қажет деп ойлаймын. Халықтың табысын арттыру мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың мойнында», деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар Қазақстанда 220-дан астам мамандық трансформацияланып, 239 жаңа мамандық пайда болады. Компанияларда жалақы 5-тен 40%-ға дейін өседі. Қазақстан тарихын­да еңбекақы төлеу деңгейі бұлай көтерілген емес. Қаражат қайдан алынады? Брифингте журналистер осындай сұрақ қойды.

Вице-премьер Е.Тоғжановтың айтуын­ша, қаржы алдын ала қарастырылды. Бұл ретте бюджеттік ұйымдар мен жеке квази­мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 197 млрд теңге бағытталады. Бұл шамамен – 200 мың адам. Бұл қаражаттың барлығы еңбекақыны пайыздық көтеруге қарастырылған.

«Бағдарлама жүзеге асады деп ойлама­ғанымызды бірден атап өткім келеді. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында көптеген компанияларда еңбекақы көтерілді, ал бюджеттік салада, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау салаларында жыл сайынғы пайыздық өсім бар. Сон­дықтан нақты қаржы ресурстары бар. Ква­зимемлекеттік секторға қатысты сейсенбі күні салалар бойынша егжей-тегжейлі қарастыратын боламыз, әртүрлі кәсіпорындарда, қандай да бір компаниялар қызметкерлерінің еңбекақысы қанша пайыздан қанша пайызға дейін арттырылатыны нақты көрсетіледі. Қаржы бөлінді. Компанияларда жалақы 5-тен 40%-ға дейін өседі», деп жауап берді спикер.