Мысалы, осы уақыт аралығында кәсіпорын атынан жалпы құны 1 083 240 425,48 теңге болатын келісімшарттар жасалыпты. Оның ішінде жергілікті атқару органдарымен 407 949 852,97 теңгенің, республикалық бюджетпен 353 753 548,51 теңгенің және диагностика бойынша
136 537 624 теңгенің келісіміне қол қойылғанын атап айтуға болады.
Қарағанды облысы бойынша үш жылдың ішінде 398 нысанға 2 232 рет тексеріспен шығу орын алыпты. Яғни, жол құрылыс материалдарынан 5 мың сынама алынған. Оның ішінде
1 255 сынаманың талапқа сәйкес келмегенін айта кеткен жөн болады.
«Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының директоры Айбол Бидайбеков өңір бойынша 1 947 шақырымға созылған автомобиль жолдарына диагностика және паспорттау жүргізілгенін айтады. Атап айтқанда, оның 1 876 шақырымы – республикалық, ал 71 мың шақырымы облыстық желілер бойынша жасалған. Бұл – біле білген адамға өте ауқымды және күрделі жұмыс.
Аталған кәсіпорын жол сапасын жақсартуды қамтамасыз ететін заманауи құрал-жабдыққа баса мән береді. Мысалы, үш жылдың ішінде жол белгілеріне пайдаланатын пленкалардың жарықты қайтару көрсеткішін анықтайтын RetroSign GRX ретрорефлектометры, жолдағы белгі-жолақтарды тексеретін LTL-XL ретрофлектрометры, нормативтік көрсеткіштерді бақылайтын құрылғылар, асфальтбетон жабынын тексеруге арналған жаңа жабдықтар сатып алынған.
Бұл құрал-жабдықтар мен аппараттардың өте қымбат тұратынын айта кеткен жөн. Бірақ «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» мекемесі жолдың сапасы туралы әңгіме болған жерде, қаражаттан тарылған емес. Мұның өзі заманауи құрылғылардың көмегімен күре жолдардың сапасы мен ондағы қауіпсіздікті арттыру ісіне игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Қазіргі таңда бұл саладағы жұмыстың сапасын арттыру бағытында кәсіби мамандарға деген сұраныс өсіп отыр. Жалпы, жол құрылысына жастар тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Осы орайда «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы кадр тәрбиелеу ісіне де баса мән береді. Филиал басшысы Айбол Бидайбековтің айтуынша, үш жыл ішінде 8 студент өндірістік тәжірибеден өткен екен.
Бұдан бөлек, мекеме үнемі кәсіптік бағдар беріп, «1000 мектеп» бағдарламасы аясында жол саласына жас мамандарды тартумен айналысып келеді. Қарағанды облысы бойынша орта мектептермен жан-жақты жұмыс жүргізіліп, соңғы үш жылда 92 білім ошағымен әріптестік қарым-қатынас орнатылған.
Сонымен қатар «Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» филиалының күшімен «1000 мектеп» бағдарламасы бойынша үш жылдың ішінде 200-ге тарта мектепте кәсіби бағыт-бағдар беру үшін 9, 10, 11-сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылыпты. Мұның бәрі жастарды жол құрылысы мамандығына оқыту, одан кейін жұмысқа тарту сынды маңызды мақсатты алға қойған.