Тарих үні өктем, алауы мәңгілік маздақ. Оның тылсымы шексіз, сабағы жұмбақ болған сайын, ынтызар ете түседі өзіне. Ынтықтық ырыс еселейді, өмір құбылысының қатпарынан сыр түйгізеді. Бір сұрақтың бір жауабы болары анық. Мәңгілікке тұйықталған дәнеңе жоқ. Тек, қыбын тапса, кілтін ашса, бәрі алақандағыдай анық. Ештеңе де себепсіз, салдарсыз санаға салмақ салмайды. Сарсытқан ой тарихтың бір елеусіз мезетінде ақылдың білте шамын тұтатары кәміл. Уақыт керек дерсіз бәріне. Құба-құп. Бірақ жадтық өлшем тек уақытпен ғана безбенделмейді екен. Ұрпақ ауысқан сайын рухтық ерік-жігер, сілкініс пен талпыныс, ізденіс пен ізет, тауқымет пен таупиықты тырбану – бәрі-бәрі ғасырлар бойы шешімін таппаған бір күдікті сәтімен сейілтіп жібереріне адамзат баласы имандай сенеді. Сәттік сезіну, оймен түйсіну, соған негізделген сараптама “бір жоқты бір жоққа” тапқызғандай етеді. Ғылыми, әпсаналық тұжырымдар да осындай “қас-қағымдық” жаңалық ашу сипатын діттеп беретіндей.
Маздақ! Рух маздағы. Көнеден, ХVІІ ғасырдың орта шенінен бастау алып, келесі ғасырдың отызыншы жылдары, яғни Қаратау бойында 1655 жылы дүниеге келіп, 1735 жылы қартайып, өз ажалынан қайтыс болған Мадияр Жауғаштыұлының денесін қасиетті Түркістанға інісінің баласы Қарабалуан Алдиярұлы апарып жерлегені бірқыдыру тарихи деректерден көрініс беріп, нақтыланғанын тәуелсіздік жылдарының жемісіне жатқызуға әбден болады. Мадияр Жауғаштыұлы алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының жетінші атасы. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы қырғын соғысы осы Мадияр бабамыздың ат жалын тартып мінген кезеңіне сайма-сай келеді. Жүрегінің түгі бар ол 1712 жылға дейін-ақ інілерінің батыр балалары Қарабалуан (Жанұзақ) Алдиярұлы, Жәнібек Қошқарұлы, өз балалары Ақбай, Айтқұл, Абыз, Бозды соңына ертіп, басқа да қазақ қосындары қатарында жоңғарларды ел шекарасынан асыра қуып, елін-жерін қорғаған ерлерінің, дуалы ауыз билерінің бірі болғаны тарихтан әмбеге аян. Әріден қозғасақ, І. Есенберлиннің “Көшпенділер” трилогиясында баяндалатын Қарабалуанның көзсіз ерліктерінен-ақ Мадияр бидің ықпалын аңғару қиын емес. Тарихтың сәттілік арнасы дегенде осы деректерге де ден қойылғаны анық.
Былтырғы жылдың аяғына таман қазақ халқының біртуар перзенті Мадияр би Жауғаштыұлының “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген тұлғалардың тізіміне енгізілгені туралы жағымды жаңалыққа кенелген едік. Жуырда осы оқиғаға байланысты би ұрпақтары Қостанай облысынан Түркістанға арнайы барып, аталарының басына зиярат етіп, ас беріп құрмет көрсетіп қайтты. Қамысты ауданының әкімі Бақберген Өтеулин бастаған имандылықты ту еткендер қатарында Торғай мешітінің бас имамы Шоқан Ғазизұлы, арқалықтық кәсіпкерлер Құрманғазы Жанділдин мен Рамазан Құсайынов, дәрігер Бәйгерей Балғаұлы, астаналық Төлеухан Қасымбеков, т.б. болды. Олар жиналғандар алдында ел қорғаны, батыр әрі би Мадияр бабаларының ерлігі, ол туып-өскен елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі хақында тереңнен әңгіме өрбітті.
Мұражайға Қостанай облысына, оның ішінде Торғай өлкесіне қатысты тарихи-танымдық кітаптармен қатар ұрпақтары атынан ескерткіш хат тапсырылды. Онда: “Орнықты Отан үшін орасан сый, Тұтамдай жерің үшін жаныңды қи! Киелі Түркістанда жай тауыпты, Қаһарынан жау ыққан – Мадияр би!”– деп терең мәнді бір шумақ өрілген екен.
Өз кезегінде түркістандықтар да қонақтарына ыстық ілтипат көрсетіп, тәуелсіздіктің арқасында мүмкін етіліп отырған мұндай имандылық іс-шарасының мол тағылымды, зор тәрбиелік мәні барын баса насихаттап, тарих маздағының ұрпақ жүрегінің жалынына ұласып, мәңгілікке алаулай береріне масаттанып, мақтаныш сезіміне жан балқытты.
Иә, Мадияр бидің рухани маздағы жалындасын, шалқысын, бейбіт өмірдің аспанында жасампаздық жалауы қалқысын! Оның Міржақыптай төте ұрпақтары жиырмасыншы ғасырдың ұлттық мүдде жоқтаушысы болса, қанға біткен сондай өрлік, кейінгі жаңа буынның да өрісті күресіне, қазақ тағдырына қатысты қарымдылығына қуат, дем берсінші.
Қайсар ӘЛІМ.