Руханият • 06 Мамыр, 2022

Түркітілдес елдердің мүфтилер алқасы бірқатар бастама көтере алады - Бас мүфти

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасы рухани-діни консультативтік-кеңесші орган ретінде бірқатар бастамаға мұрындық бола алады. Бұл туралы ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласында өтіп жатқан «Мүфтилер алқасында» мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркітілдес елдердің мүфтилер алқасы бірқатар бастама көтере алады - Бас мүфти

«Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасы рухани-діни консультативтік-кеңесші орган ретінде бірқатар бастамаға мұрындық бола алады. Біріншіден, мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты арттыруға үлес қосу. Ислам құндылықтары мен руханиятын дәріптей отырып, түркі халықтарының дінаралық байланысын арттыру маңызды. Түркітілдес елдер арасындағы діни-этникалық негізде туындайтын шиеленісті келіссөз арқылы реттеуге бар күш-жігерімізді жұмсауымыз тиіс. Алқаға мүше елдер арасында шиеленіске жол бермеу, керісінше діни, рухани жағдайды жетілдіру дін мен мемлекет қатынасын лайықты дамытуға сеп болары анық. Екіншіден, түрлі бөлінушіліктерге жол бермеу. Атап айтқанда, нәсілдік, діни, этникалық бөлінушіліктерге жол бермей, саяси идеологиялық арандатушылыққа қарсы тұруымыз қажет. Қазіргі таңда дәстүрлі түркі-Ислам дүниетанымы құндылықтарын бұрмалау, түркі халықтары және мұсылмандар туралы жалған пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру жағдайлары кездеседі. Біз бұған қарсы тұруымыз керек. Мұндай кері әрекеттерді дәлелмен әшкерелеп, ортақ шешімдер қабылдағанымыз абзал», деді Бас мүфти.

Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасы аясында бірігу маңыздылығын айтып өтті.

«Алқаны құрудағы мақсат – түркітілдес халықтардың ынтымақтастығы мен бауырластығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ, түркі дүниесінің тарихи, рухани және мәдени мұрасын сақтау бағытында қабылданған шешімдер мен бастамаларды іске асыруды жан-жақты қолдау. Біздің, түркі халықтарының, наным-сенімі, тілдік негізі, салт-дәстүрі, тіпті тарихымыз бен руханиятымыз да ортақ. Себебі, бабаларымыз тұтас адамзатты ғылым-білім арқылы өркениетке бастаған кемеңгер тұлғалар болатын. Түркі жұртынан шыққан әл-Фараби, Ибн Сина, Бируни, Бұхари, Матуриди, Ясауи секілді ғұлама бабаларымыз білімнің шырағын жағып қана қоймай, Ислам өркениетінен өзінің лайықты орнын белгіледі. Соның арқасында түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті айтарлықтай дамып, түркілік ренессанс дәуірі қалыптасты», деді ҚМДБ төрағасы.

Ол Түркістан төрінде жиналу түркітілдес елдердің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан байланысын нығайтып, тарихи-рухани сабақтастық жібін жалғайтынына сенімділік білдірді.

«Шынында, қазіргідей қым-қуыт уақытта баршамыздың дін насихатында ортақ болуымыз маңызды. Себебі Ислам ғалымдары «Бауырмалдық – иман келтіргендердің өзара сүйіспеншілігі мен дін насихатында ортақ болуы» деген. Сондықтан бүгінгі басқосуымыз біздің, түркі мемлекеттері бас мүфтилерінің бауырмашылдық байланысын жандандыра түседі деген сенімдемін. Алла ынтымақтастығымызды арттырып, асыл дініміздің айбынын асыру үшін бірлесіп қызмет етуді баршамызға нәсіп етсін! Тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігі арта берсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.